Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
ISAIAH
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 13
Isai Kaz 13:1  Амос ұлы Ишая Бабыл қаласы туралы көрініс көріп, мына ауыр хабарды алды:
Isai Kaz 13:2  Тақыр төбе басына ту көтеріңдер, келетін әскерге айқайлап та, қол бұлғап та белгі беріңдер! Олар Бабылдағы ақсүйектердің қақпаларына басып кірсін.
Isai Kaz 13:3  Мен, Жаратқан Ие, бұл жасақшыларды осы мақсатым үшін таңдап алдым. Сол мықты адамдар Менің қаһарлы үкімімді орындайды. Олар салтанатты ұлылығыма шаттанады.
Isai Kaz 13:4  Таудан шыққан дауысқа құлақ түріңдер, ол — жүріп келе жатқан үлкен әскердің шуы сияқты ғой! Патшалықтардың жиналған халықтары айқайлауда. Әлемнің Иесі осы әскерді шайқасқа дайындап түгендеп жатыр.
Isai Kaz 13:5  Олар көкжиектің ар жағындағы алыс елдерден келді. Бұл жасақшылар — Жаратқан Иенің қаһарын іске асырып, бүкіл елді құртатын құралдары.
Isai Kaz 13:6  Зар жылаңдар, Жаратқан Иенің (соты) күні таяп қалды! Сол кезде құдіреті шексіз Құдай жерді талқандайды.
Isai Kaz 13:7  Сондықтан бүкіл бабылдықтардың қолдарынан күші кетіп, әркім жүрексініп қалтырауда.
Isai Kaz 13:8  Бәрінің үрейлері ұшып тұр. Олар толғағы қысқан әйелдей аласұра бүрісіп, бір-біріне таңырқай қарайды. Беттері қорқыныштан алабұртқан.
Isai Kaz 13:9  Біліп қойыңдар, Жаратқан Иенің (сот жүргізетін) күні таяп қалды! Ол — Оның лаулаған сұрапыл ашу-ызасының күні! Сонда Жаратқан Ие жерді құла түзге айналдырып, ондағы күнәкарларды қырып-жоймақ.
Isai Kaz 13:10  Аспандағы жұлдыздар мен шоқжұлдыздар жарқылдауын доғарады. Күн шықса да, оны қараңғылық басады, ай да жарқырамайтын болады.
Isai Kaz 13:11  Мен, Жаратқан Ие, жер бетіндегі адамзатқа жасаған зұлым істерінің сазайын тартқызып, әділетсіз адамдарды күнәлары үшін жазалаймын. Мен өркөкіректердің асқақтығын тоқтатып, зорлықшылдардың паңдығын жоямын.
Isai Kaz 13:12  Осылай Мен адамзаттың санын азайтып, пендені саф алтыннан да сирек, тіпті сонау Опыр елінен әкелінген таңдаулы алтыннан да тапшы қыламын.
Isai Kaz 13:13  Себебі Мен, Әлемнің Иесі, лаулаған қаһарымды көрсеткен сол күні аспанды шайқалтамын! Сонда жер сілкініп өз орнынан қозғалады.
Isai Kaz 13:14  Содан (Бабылдағы) әрбір адам аңшы қуған киіктей, бақташысы жоқ отардай өз халқы мен еліне қарай қашып кетеді.
Isai Kaz 13:15  Жау көзіне түскен әркім найзамен шаншылады, қолға түскен әркім семсермен түйреліп өлтіріледі.
Isai Kaz 13:16  Жау олардың балаларын көз алдарында ұрып өлтіріп, үйлерін тонап, әйелдерінің абыройын төгіп масқаралайды.
Isai Kaz 13:17  Біліп қойыңдар, Мен мидиялықтарды оларға қарсы шабуылға шығарамын. Олар күмісті қадірлемейді, алтынға да құмартпайды.
Isai Kaz 13:18  Мидиялықтар садақтарымен жас жігіттерді жайпап салып, құрсақтағы сәбилерге де қайырымсыздық танытып, балаларды да аямайды.
Isai Kaz 13:19  Бабыл қаласы — патшалықтардың сән-салтанаты, халдей халқының асқақ мақтанышы. Алайда Мен, Құдай, Содом мен Ғомораға істегенімдей, Бабылдың да астан-кестенін шығарамын.
Isai Kaz 13:20  Бабылдың жерін енді қайтып ешкім мекендемейді, адамдар ешқашан сонда тұрмайтын болады. Не көшпелі арабтар да шатырын тікпейді, не өзге шопандар да отарларын жаймайды.
Isai Kaz 13:21  Құла түздің жабайы аңдары оның үйінділерінде тынығып жатып, қираған үйлері үкінің ұяларына толады. Бұл жерде түйеқұстар да тұрып, сабалақ жүнді ешкілер секіріп жүреді.
Isai Kaz 13:22  Қираған қорғандары және сәулетті сарайларының қалдықтары қорқау қасқыр мен шибөрінің ұлыған даусымен жаңғырады. Иә, Бабылдың құритын уақыты таяп қалды, оның күні өтті!