Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
ISAIAH
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 59
Isai Kaz 59:1  Біліп алыңдар: Жаратқан Иенің қолы сендерді құтқаруға дәрменсіз емес, Оның құлағы мінажаттарыңды естуге мүкіс те емес.
Isai Kaz 59:2  Қайта, өздеріңнің әділетсіз істерің Құдаймен араларыңды ажыратып келеді! Жасаған күнәларың Оның бетін сендерден бұрып әкетеді. Сондықтан да Құдай Ие мінажаттарыңа құлақ салмайды.
Isai Kaz 59:3  Қолдарың зұлымдық жасап, қан төгіп арамданды. Ауыздарыңнан өтірік пен жамандық толассыз шыға береді.
Isai Kaz 59:4  Ешкім адалдық пен әділдікті жақтап дауыс көтермейді. Бәрі бос жайттарға сүйеніп, сотта да өтірік айта береді. Олар зұлым жоспарлар ойлап шығарып, соларын жамандықпен жүзеге асырады.
Isai Kaz 59:5  Осылай сұр жыланның жұмыртқаларын басып шығарғандай болады. Сол жұмыртқаларды жеген құриды, ал жарса, ішінен улы жылан шығады.
Isai Kaz 59:6  Олардың құрған жоспарлары сондай-ақ өрмекке де ұқсас. Өрмек киім болмайды ғой. Олар өз тоқығандарын жамылып, ешқандай пайда көре алмайды. Жасағандары әділетсіздік пен зорлық-зомбылық.
Isai Kaz 59:7  Аяқтары жамандыққа алып ұшып, жазықсыз қан төгуге асығады. Олардың ой-ниеттері арам, жүрген жерлерін қиратып, күл-талқандарын шығарады.
Isai Kaz 59:8  Олар татулық дегенді білмейді, жүрген жолдарында әділдік жоқ. Қайта, олар жолдарын өз мүдделері үшін қисайтып, бұралаң етеді. Солармен жүрген бірде-бір жан тыныштықты білмейді.
Isai Kaz 59:9  Сол себептен әділдік бізден тым алшақ, адалдық қасымызға жоламайды. Нұрды күтсек те, айналамыз қара түнек, үміттенген жарықтың орнына қараңғылықта жүреміз.
Isai Kaz 59:10  Соқыр адамдай қабырға бойын қармалап, көзсіз зағиптей жолымызды іздеп сипалаймыз. Тал түсте кеш түскен кездегідей сүрінеміз, күшіміз болғанмен өлілерге ұқсаймыз.
Isai Kaz 59:11  Аюдың гүжілдеп, көгершіннің мұңая гулегеніндей, бәріміз де қайғыра ыңқылдаймыз. Әділдікті қанша күтсек те, ол жоқ. Құтқарылудан үміттенсек те, ол бізден тым алшақ!
Isai Kaz 59:12  Уа, Жаратқан Ие, Сенің алдыңда қылмыстарымыз сансыз көп, күнәларымыз бізге қарсы айғақ болып тұр. Әділетсіз істеріміз өз бастарымызда, күнәларымызды мойындаймыз:
Isai Kaz 59:13  біз бас көтеріп, Саған, Жаратқан Иеге, опасыздық жасадық, өз Құдайымыздан безіп кеттік. Зорлық-зомбылық пен бүлінушілікті жақтап келеміз. Іштей өтіріктер ойлап тауып, оларды сыртқа шығарамыз.
Isai Kaz 59:14  Осылай әділдік кері қуылып, адалдық тым алыс қалады. Шындық сот алаңында сүрініп құлап, ақиқат арамызға кіре алмайды.
Isai Kaz 59:15  Шындық құрып кетті. Зұлымдықтан аулақ жүргендер соның құрбаны болады.Жаратқан Ие бұған назар аударып, әділдіктің жоқтығына наразы болды.
Isai Kaz 59:16  Ақиқатты жақтайтын бірде-бір адамның жоқ екенін көріп, зорлық-зомбылық шеккендерді қолдайтын ешкімнің болмағанына таңғалды. Сондықтан Тәңір Ие Өзінің әділдігіне сүйеніп, құдіретті қолымен құтқаруды дайындады.
Isai Kaz 59:17  Ол әділдікті сауыттай, құтқаруды басына дулығадай киіп, зұлымға жазасын тартқызуды жамылғыдай оранып, қайратын шапандай жамылған жауынгер секілді даяр тұр.
Isai Kaz 59:18  Құдай әркімге істеріне қарай қайтарып, зұлым қарсыластарына қаһарын төгеді. Сонда Ол тіпті алыстағы елдердегі жауларына да жазаларын тартқызады.
Isai Kaz 59:19  Осылай батыстағылар мен шығыстағылар да Жаратқан Иені терең қастерлеп, Оның салтанатты ұлылығына қайран қалады. Өйткені Жаратқан Иенің дауылы су тасқынын қатты айдағандай, Өзі де тездете аттанып келеді.
Isai Kaz 59:20  «Сион қаласына және Жақыптың үрім-бұтағының теріс жолдан қайтқандарына оларды құтқаратын Қамқоршы келеді! — деп жариялайды Жаратқан Ие. —
Isai Kaz 59:21  Сонда олармен мынадай Келісім жасайтын боламын: Мен өздеріңе қондырған Рухым сендерден алшақ кетпейді, ауыздарыңа салған сөздерім де сендерде сақталады. Олар өз ауыздарыңнан және балаларың мен кейінгі ұрпақтарыңның ауыздарынан бұдан былай мәңгі түспейді». — Жаратқан Ие осыны нық айтады.