Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
ISAIAH
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 43
Isai Kaz 43:1  Ал енді, Жақыптың үрім-бұтағы, Исраил халқы, сені жаратып қалыптастырған Тәңір Ие мынаны айтады: «Қорықпа, Мен сені құныңды төлеп құтқарып алдым. Сені өз атыңмен шақырдым: Сен Мендіксің!
Isai Kaz 43:2  Судан өткен кезіңде саған жар боламын, өзендерден өткенде батып кетпейсің. Отты жарып өтсең, күйіп қалмайсың, тіпті жалыны да шарпымайды.
Isai Kaz 43:3  Себебі Мен сенің Құдайың Жаратқан Иемін, Мен, Исраил сиынған Киелі Құдай, Құтқарушыңмын! Сенің құның үшін Мысырды беріп, Құш пен Себаны да төлемің еттім.
Isai Kaz 43:4  Мен үшін аса қымбат, қадірлісің, сені сондай қатты сүйемін! Сенің орныңа көп адамды қиып, өмірің үшін халықтарды төлем етемін.
Isai Kaz 43:5  Қорықпа, Мен саған жар боламын, ұрпақтарыңды шығыстан алып келемін, батыс елдерінен де сені жинаймын.
Isai Kaz 43:6  Солтүстіктегі халықтарға: «Босатып жіберіңдер!» — деп, оңтүстіктегілерге де: «Жолынан қалдырмаңдар!» — деп бұйырамын. «Рухани ұл-қыздарымды алыстан, тіпті жердің қиыр шетінен де алып келіңдер!
Isai Kaz 43:7  Мен салтанатты ұлылығымды паш ету үшін жаратып, қалыптастырып жасаған, әрі өз атыммен атаған олардың барлығын да алып келіңдер!»
Isai Kaz 43:8  «Көзі болса да көрмейтін, құлағы болса да естімейтін халқымды құлдықтан алып шығыңдар!
Isai Kaz 43:9  Жалған тәңірлерге табынатын ұлттар жиналып, барлық халықтар бас қоссын! Араларындағы кім (Исраилдің құтқарылуын) алдын ала жариялап, өтіп кеткен оқиғаларды да білдіре алды? Олар айғақтарын шығарып, өздерінің дұрыстығын дәлелдесін! Осылай айтқандарының шынайылығы айқын көрінсін».
Isai Kaz 43:10  «Ал сендер Мен туралы шындықты паш етуге тиіссіңдер, ей, Исраил халқы! — дейді Жаратқан Ие. — Мені жақыннан танып, Маған сеніп, кім екенімді ұғынуларың үшін таңдап алған қызметшімсіңдер. Менен бұрын болған да, кейін бола алатын да ешқандай құдай жоқ!
Isai Kaz 43:11  Мен Жаратқан Иемін, Менен басқа Құтқарушы жоқ!
Isai Kaz 43:12  Болашақтағы жайттарды алдын ала білдіріп, сендерді жаудан құтқарып, мұны жариялаған Өзіммін. (Бұларды істеген) бөгде бір тәңірлерің жоқ. Сондықтан сендер Мен туралы шындықты паш етуге тиіссіңдер! — деп ескертеді Жаратқан Ие. — Жалғыз Құдай Менмін,
Isai Kaz 43:13  мәңгі Сол болып келемін! Менің қолымнан құтқара алатын ешкім жоқ. Менің істегендерімді кім бұрынғы қалпына келтіре алады?!»
Isai Kaz 43:14  Сендерді құтқарушы Қамқоршыларың, Исраил сиынған Киелі Құдай, мынаны айтады: «Сендер үшін Мен Бабылға (жау әскерін) жіберемін. Осылай Бабылдың барлық тұрғындарын, араларындағы халдейлерді де, бұрын даурыға мақтан тұтқан кемелеріне мінгізіп, қашып кетуге мәжбүрлеймін.
Isai Kaz 43:15  Мен Киелі Құдайларың Жасаған Иемін, ей, Исраил халқы, Мен сендердің Жаратушы әрі Патшаларыңмын!»
Isai Kaz 43:16  Баяғыда Жаратқан Ие ата-бабаларымыз үшін теңіздің аласұрған суларынан өтетін жол салған болатын. Жаудың соғыс күймелерін, аттарын және мықты әскер күштерін Мысырдан ала шыққан еді. Олар бәрі бірдей жер құшып, қайтып тұрмайтын болды, сөнген шырақтай өмірлері өшті.Бүгінде Жаратқан Ие мынаны айтады:
Isai Kaz 43:17  Баяғыда Жаратқан Ие ата-бабаларымыз үшін теңіздің аласұрған суларынан өтетін жол салған болатын. Жаудың соғыс күймелерін, аттарын және мықты әскер күштерін Мысырдан ала шыққан еді. Олар бәрі бірдей жер құшып, қайтып тұрмайтын болды, сөнген шырақтай өмірлері өшті.Бүгінде Жаратқан Ие мынаны айтады:
Isai Kaz 43:18  «Естеріңе бұрынғыны алмаңдар,Бұдан былай баяғыны ойламаңдар!
Isai Kaz 43:19  Енді Мен жаңаны жасаймын да,Қазір ол шыққалы тұр жарыққа,Сендер мұны ұғынбайсыңдар ма?Міне, Мен иен далада жол саламын,Шөл даладан бұлақтар ағызамын.
Isai Kaz 43:20  Таңдап алған халқымды сумен қамтыпҚұла түзден өзендер ағызамын.Шибөрі, түйеқұс, дала аңдарыСодан Мені дәріптейтін болады.
Isai Kaz 43:21  Өзім үшін жаратқан халқым МеніңҰлылығымды мақтап жариялайды».
Isai Kaz 43:22  «Алайда сендер, Жақыптың ұрпақтары, атымды атап Маған сиынып келген жоқсыңдар! Қайта, ей, Исраил халқы, Менен қажып шаршап жүр екенсіңдер!
Isai Kaz 43:23  Өзіме арнап көптеп тоқтыларды шалып, өртеген жоқсыңдар. Маған басқа да сый-тартуларыңмен лайықты қадір-құрмет көрсетпедіңдер! Мен астық тартуларыңды көптеп ұсыныңдар деп сендерді қинаған да жоқпын, хош иісті заттарды молынан түтетіңдер деп ауыртпалық түсірген де емеспін.
Isai Kaz 43:24  Сендер Маған арнап түтетілетін хош иісті құрақты сатып алған жоқсыңдар, құрбандық майын да Маған жомарттықпен ұсынбадыңдар. Керісінше, сендер Мені күнәларыңмен қинап, әділетсіз істеріңмен Маған ауыртпалық арттыңдар!
Isai Kaz 43:25  Алайда Мен өз еркіме сай қылмыстарыңды өшіріп тастаймын! Енді қайтып ешқашан да күнәларыңды есіме алмаймын!
Isai Kaz 43:26  Енді даулы мәселені талқыға салайық: жасаған жақсылықтарыңды есіме түсіріңдер, ақталуларың үшін істеріңді ашық көрсетіңдер!
Isai Kaz 43:27  Сендер тараған түп аталарың да күнә жасаған еді, арада жүрген өкілдерің де тура жолымнан тайып кетті.
Isai Kaz 43:28  Сондықтан Мен оларды, киелі үйдің басшыларын, абыройларын төгіп ұятқа қалдырамын! Сонымен қатар Жақыптың ұрпақтары, Исраил халқын, қарғысқа ұшыратып қор қыламын!»