Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
ISAIAH
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 10
Isai Kaz 10:1  Әділетсіз заңдар шығарып, халықты азаптайтын ережелер жариялаған билеушілер қасіретке қалады!
Isai Kaz 10:2  Олар халқымның арасындағы жарлыларды құқықтарынан айырып, жәбір көргендерге әділет жолын жауып тастайды. Тіпті жесірлерді олжалап, жетімдердің барын тонайды!
Isai Kaz 10:3  Ей, мұндай озбырлық жасайтындар, Құдай сендерді жауапқа тартып, алыс елдерден апат жіберген кезде не істемексіңдер? Көмек сұрап кімге жүгіріп, мақтан тұтқан байлықтарың мен беделдеріңді қайда қалдырмақсыңдар?
Isai Kaz 10:4  Сендер не тұтқындардың қатарында бүгіліп айдалып кетесіңдер, не шайқаста өлесіңдер!Соның өзінде Жаратушының қаһары әлі де басылған жоқ, Оның құдіретті қолы жазалау үшін көтеріліп тұр!
Isai Kaz 10:5  Жаратқан Ие былай дейді:— Ассур патшалығы қасіретке қалады! Мен оны ызғарлы қаһарыма ұшырағандарды жазалау үшін ғана таяқ, сойыл сияқты пайдаланамын.
Isai Kaz 10:6  Ассурдың әскерін Менен безіп, қаһарымды шақырған арсыз халыққа қарсы аттандырамын, әрі оны тонап, олжалауға, даладағы саз балшықтай таптауға жіберемін.
Isai Kaz 10:7  Алайда Ассур патшасының ой-ниеті Менің еркімнен басқаша: ол көптеген халықтарды жойып, мүлдем жоқ қылуды көздейді.
Isai Kaz 10:8  Содан Ассур патшасы былай деп мақтанып бөседі: «Менің барлық әміршілерім патшадай күш-қуатқа ие емес пе?
Isai Kaz 10:9  Мен Қаркеміш сияқты Қална қаласын да, Хамат секілді Арпад қамалын да, Дамаск сияқты Самарияны да оп-оңай басып аламын!
Isai Kaz 10:10  Мен талай патшалықтарды өзіме қаратып, уысымда ұстаймын. Бұлардың түкке тұрғысыз тәңірлері мен мүсіндері Иерусалим мен Самариядағылардан күштірек.
Isai Kaz 10:11  Мен Самарияны өзінің пайдасыз тәңірлерімен қоса құрттым, Иерусалимге және ондағы жұрт табынатын мүсіндерге де дәл солай істеймін!»
Isai Kaz 10:12  Алайда Тәңір Ие Сион тауы мен бүкіл Иерусалимге қарсы істеп жатқандарының бәрін бітірген кезде былай дейтін болады:— Мен Ассур патшасын өркөкіректеніп, паңдана қарап жүргені үшін жауапқа тартатын боламын!
Isai Kaz 10:13  Ол патша былай деп мақтанады: «Мен сол істерді өз қолымның күшімен әрі өз көрегендігіммен жүзеге асырдым, себебі ақылды да парасаттымын! Мен халықтардың шекараларын алып тастап, қазыналарын талан-таражға салдым. Өз құдіретіммен тақ иелерін құлаттым.
Isai Kaz 10:14  Құстың ұясынан жұмыртқаларын жинағандай мен халықтардың жерлерін әрі байлықтарын оп-оңай қолыма түсірдім. Мені қорқыту үшін бірде-бір қанат қағылып, бірде-бір тұмсық айбаттанып, шиқ деп үн де қатпады».
Isai Kaz 10:15  Бірақ балта өзімен ағаш шапқан иесінен гөрі кереметпін деп мақтана ала ма? Немесе ара өзімен жұмыс істейтін ұстаның алдында көкіректене ала ма? Таяқ, сойыл адамды көтермейді, қайта, адам таяқ не сойылды көтеріп, сілтейді!
Isai Kaz 10:16  Сол себептен Әлемнің Әміршісі Жаратқан Ие Ассур патшасының денелі жауынгерлерін қатты ауыртып, жүдетеді, оның даңқты әскерін лаулаған өртпен жалмағандай құртады.
Isai Kaz 10:17  Исраил сиынған Киелі Құдай, оның жарық Нұры, лаулаған от пен жалынға ұқсап бір-ақ күнде Ассурдың тікенді бұталарын әрі жантақ, ошағанын өртеп жібереді:
Isai Kaz 10:18  оның әйгілі ормандары мен құнарлы бау-бақшаларын түгелдей жалмап жояды. Сонымен қатар Ассурдың даңқты әскері де қатты ауырған адамдай әлсірей береді.
Isai Kaz 10:19  Сонда жас баланың өзі-ақ санап шыға алатындай біразы ғана аман қалады.
Isai Kaz 10:20  Сол кезде Исраил халқының тірі қалғандары өздерін талқандап, жойған одақтастарына енді қайтып сүйенбейтін болады. Керісінше, олар бұдан былай сенімдерін шын жүректен Жаратқан Иеге, Исраилдің Киелі Құдайына, артады.
Isai Kaz 10:21  «Тірі қалғандары қайта оралады»: Жақыптың үрім-бұтағының аман қалғандары Құдіретті Құдайға қайтадан бет бұрады.
Isai Kaz 10:22  Уа, Исраил, сенің халқың «теңіз жағалауындағы құм қиыршықтарындай сансыз көп» болса да, олардың біразы ғана тірі қалып, қайта оралады! Құдай осы халыққа қырылуды бұйырып, шексіз әділдікпен үкімін шығарған.
Isai Kaz 10:23  Иә, Әлемнің Әміршісі Жаратқан Ие бұл үкімін бүкіл жерде іске асырады.
Isai Kaz 10:24  Сондықтан Әлемнің Әміршісі Жаратқан Ие мынаны айтады: «Уа, Сионда тұратын халқым, Ассур патшалығынан қорықпаңдар! Рас, ол сендерді ежелгі мысырлықтардай таяқ, сойылмен ұрып-соғып, зәбір көрсетуде.
Isai Kaz 10:25  Бірақ аз уақыттан кейін Мен сендерге деген ызғарлы қаһарымнан қайтып, оны Ассурға төгіп, сол елді қырып-жоямын.
Isai Kaz 10:26  Мен, Әлемнің Иесі, баяғыда Ориб құзының маңайында Мадиян тайпасының жасағын күйрете соққанымдай, енді Ассурды «қамшыммен» соғамын. Ежелде таяғым Мысыр елі мен Қамысты теңіздің үстінен көтеріліп, алға созылғандай, енді Ассурдың өзенінің үстінен де «таяғымды» созып, құдіретімді көрсетемін.
Isai Kaz 10:27  Сол уақыт жеткенде сендер қанаушыларыңның мойындарыңа артқан ауыр жүктерінен арыласыңдар! Жаудың еңселеріңді басқан езгісін күл-талқан етесіңдер. Себебі семіріп, зор күшке ие боласыңдар».
Isai Kaz 10:28  Ассур әскері Аят қаласына басып кіріп, Мигроннан өтіп кетті, содан Миқмаста қару-жарақ, азық-түлік қорларын тексеріп, сонда қалдырды!
Isai Kaz 10:29  Олар өткелден асып, Гебада түнемек. Рамақ қаласының үрейі ұшып, Саулдың мекені болған Гибеяның тұрғындары да қашып кетті.
Isai Kaz 10:30  Ғалимның халқы, айқайла! Құлақ салыңдар, Лайша мен шарасыз Анатоттың тұрғындары!
Isai Kaz 10:31  Мадмена қашып кетіп, Гебимнің халқы да бас сауғалап тығылуда.
Isai Kaz 10:32  Жау Ноб қаласында бүгін-ақ аялдап, Сион тауына, Иерусалим қаласы салынған төбеге қарай жұдырығын сілтейді.
Isai Kaz 10:33  Біліп алыңдар, Әлемнің Әміршісі Жаратқан Ие оларды ағаштың кесілген бұтақтарындай етіп қорқынышты құдіретпен шауып құлатады. Зәулім ағаштай өркөкіректеніп, менменсіген олар кесіліп түсіп, қор болады.
Isai Kaz 10:34  Ливанның қалың ормандары балтамен шабылып тасталғандай, паңданған жаудың әскері Құдіретті Құдайдың алдында құлап, жермен-жексен болады.