Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
ISAIAH
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 22
Isai Kaz 22:1  Бұл — Аян аңғары туралы ауыр хабар:Не болып жатыр? Неліктен барлығың да үйлердің жалпақ төбелеріне шығып алғансыңдар?
Isai Kaz 22:2  Уа, бұрын толқыған, у-шу мен той-думанға толған қала! Сенің тұрғындарың өлді, бірақ семсерден емес, ашаршылық пен індеттен!
Isai Kaz 22:3  Күллі басшыларың бірге қашып кетіп, бір жебе де атпастан тұтқынға түсті. Сенен табылған адамдарыңның бәрі бірдей ұсталды. Олар алысқа қашып кетпекші болған еді.
Isai Kaz 22:4  Сондықтан былай деймін: «Маған қарамаңдар, мен зар жылап жатырмын, қырылған халқымды жоқтаудамын. Мені жұбатуға тырыспаңдар!
Isai Kaz 22:5  Өйткені Аян аңғарындағы осы бір үрей мен жеңіліс әрі мидай шатасқан уақыт Әлемнің Әміршісі Жаратқан Иенің Өзінен келді! Қаламыздың қабырғалары құлап, айқайлағандардың даусы төбелерді жаңғыртуда.
Isai Kaz 22:6  Еламның жасақшылары садақ пен жебе асынып, күймелерге мініп келді, Кир елінің адамдары қалқандарын дайындады.
Isai Kaz 22:7  Сонда ең құнарлы деген аңғарларың күймелерге толды. Салт атты жасақшылар Иерусалим қақпасына қарсы сапта тұр.
Isai Kaz 22:8  Яһуданы қорғайтын бекіністері талқан болды.Сол күні сендер «Орман сарайындағы» қару-жарақтарға үмітпен қарадыңдар.
Isai Kaz 22:9  Алайда Дәуіттің шаһарының қамал қабырғасында қанша жарылған жердің бар екендігін көрдіңдер. Төменгі тоғанда су сақтап қойдыңдар.
Isai Kaz 22:10  Иерусалимдегі үйлерді тексеріп шығып, солардың тастарымен қамалдың қабырғасын бекіту үшін кейбіреулерін құлаттыңдар.
Isai Kaz 22:11  Көне тоғанның суын жинау үшін қаланың екі қабырғасының арасына тоған саласыңдар. Алайда сендер Құдайға көңіл бөлмедіңдер! Оның Өзі осының бәрін бұдан көп бұрын жоспарлап, оның осылай болуына себепші болды!
Isai Kaz 22:12  Сондықтан сол кезде Әлемнің Әміршісі Жаратқан Ие сендерді жылап жоқтау айтуға, шаштарың мен сақал-мұрттарыңды алып тастап, азалы киім киюге шақырды.
Isai Kaz 22:13  Алайда соның орнына сендер мәз-мейрам болып тойладыңдар, ірі қара мен ұсақ малдарды сойып, етін жеп, шарап ішіп отырып: «Ішіп-жеп тойып алайық, ертең бәрібір өліп қалармыз!» деп, еркінсіп жүрдіңдер.
Isai Kaz 22:14  Әлемнің Иесі маған оларға арналған мына хабарды естіртіп білдірді: «Осы күнәларыңның арамдығы көздерің тірі болған кезде тазартылмайды!» — Әлемнің Әміршісі Жаратқан Ие осыны антпен бекіткен.
Isai Kaz 22:15  Кейінірек Әлемнің Әміршісі Жаратқан Ие маған тағы мына тапсырманы берді: «Бар да, сарай басқарушысы Шебнаға былай де:
Isai Kaz 22:16  Осы қалада қандай құқығың бар, қандай тума-туыстарың бар? Төбе басындағы жартасты үңгітіп, өзіңе керемет қабір дайындауға қалай дәтің барады?
Isai Kaz 22:17  Ей, күшті адам, Жаратқан Ие сені қатты қысып ұстап, алысқа лақтыра салады.
Isai Kaz 22:18  Ол сені жүн шумағындай қағып алып, ұлан-ғайыр елге лақтырып жібереді. Сен сол жерде өліп, өзіңнің сондай сән-салтанатты күймелерің де сонда болады. Саған бола қожайыныңның әулеті масқараланады.
Isai Kaz 22:19  Сені сарайдан шығарып, жоғарғы дәрежеңнен құлдыратамын», — деп ескертті Жаратқан Ие.
Isai Kaz 22:20  «Сол күні Мен Хелкия ұлы Елиәкімді шақырып аламын.
Isai Kaz 22:21  Сенің шапаныңды оған жауып, жалпақ белбеуіңді оның беліне таңамын. Сенің барлық мәртебе-дәрежеңді оған сеніп тапсырамын. Ол Яһуда мен Иерусалим халқына әке іспетті қорғаушы болады.
Isai Kaz 22:22  Оның қолына Дәуіттің әулеті тұратын сарайдың кілтін табыстаймын. Ол ашқанды ешкім жаппайды, ол жапқанды ешкім ашпайды.
Isai Kaz 22:23  Мен оны ағашқа қаққан ілмектей мықтап бекітемін. Ол әкесінің отбасына атақ-даңқ әкеледі.
Isai Kaz 22:24  Әкесінің әулеті оның арқасында абыройлы болмақ. Әкесінің барлық үрім-бұтағы да ілмекке ілінген қыш құмыра не тостаған іспетті оған байлаулы болмақ».
Isai Kaz 22:25  Алайда Әлемнің Иесі тағы мынаны айтады: «Мықтап бекітілген осы ілмек күндердің күнінде босап кетіп, құлап түседі. Оған ілінген барлық жүк те онымен бірге құлап түсетін болады». — Жаратқан Ие осыны кесіп айтты.