Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
ISAIAH
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 6
Isai Kaz 6:1  Ұзиях патша қайтыс болған жылы мен аса дәріптелген, заңғар биік тағында отырған Тәңір Иенің аянын көрдім. Оның салтанатты шапанының етегі киелі үйдің ішін алып жатты.
Isai Kaz 6:2  Тәңір Иені айналдыра оттай жалындаған періштелер қызмет етіп тұрды. Әрқайсысында алты қанаттан болды, солардың екеуімен бетін, тағы екеуімен денесін жауып, қалған екеуімен ұшатын.
Isai Kaz 6:3  Жалындаған періштелер бір-біріне дауыстап: «Әлемнің Иесі киелі, қасиетті, қастерлі! Бүкіл дүние Оның салтанатты ұлылығына кенелген!» — десіп тұрды.
Isai Kaz 6:4  Олардың бұл айқайынан киелі үйдің есік жақтаулары мен табалдырықтары шайқалды. Үй іші түтінге толып кетті.
Isai Kaz 6:5  Сонда мен дауыстап: «Қасіретке қалдым-ау, енді құритын болдым! Себебі мен күнәкармын, аузымнан шыққан сөздерім арам, әрі сөйлеген сөздері арам халықтың арасында тұрып жатырмын. Сонда да мен Патшаны, Әлемнің Иесін, өз көзіммен көрдім!» — дедім.
Isai Kaz 6:6  Осы кезде жалындаған періштелердің бірі құрбандық үстелінен жанып тұрған көмір шоғынан көсеумен алып, маған ұшып келді.
Isai Kaz 6:7  Ол шоқты аузыма тигізіп былай деді: «Міне, бұл еріндеріңе тиді. Енді сен әділетсіз істеріңнен арылып, күнәңнің арамдығынан тазардың».
Isai Kaz 6:8  Бұдан кейін Тәңір Иенің:— Мен кімді жіберейін? Біздің хабаршымыз кім болады? — деген даусын естідім.— Мен бармын, Ием. Мені жібере гөр, — деп жауап бердім.
Isai Kaz 6:9  Сонда Тәңір Ие маған былай деп бұйырды:— Осы халыққа барып, мына хабарды жеткіз: «Естіп тұрыңдар, бәрібір түсінбейсіңдер, көріп тұрыңдар, бәрібір аңғармайсыңдар!»
Isai Kaz 6:10  Бұл халықтың жүректерін қасарысқан сезімсіз, құлақтарын керең, көздерін соқыр қыл! Әйтпесе олар көздерімен көріп, құлақтарымен естіп, жүректерімен ұғынып, теріс жолдарынан қайтып, рухани дертінен сауығар еді.
Isai Kaz 6:11  — Тәңір Ие, мұндай жайт қашанға дейін созылады? — деп сұрағанымда, Оның жауабы мынау болды:— Сол жайт қалалар қирап, қаңырап бос қалғанша, үйлер ешбір тұрғынсыз, егіндіктер ойрандалып, иесіз қалғанға дейін созылмақ.
Isai Kaz 6:12  Сонда Мен, Жаратқан Ие, халықтың бәрін алысқа қуып жіберіп, бүкіл елді талқандатып, айдалаға айналдырамын.
Isai Kaz 6:13  Елде жұрттың оннан бірі қалса да, олар да қайтадан жойылады. Алайда үлкен ағаштар кесіліп тасталғаннан кейін түбірлері қалатыны сияқты, халықтың Өзіме бағышталған тұқымы оның «түбірі» іспетті болып аман қалады.