Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
ISAIAH
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 8
Isai Kaz 8:1  Кейінірек Жаратқан Ие маған мынадай бұйрық берді: «Аумақты тақта ал да, оған жұрт оқитындай етіп: «Тез-Тонап-Жылдам-Олжалау» деп жаз!»
Isai Kaz 8:2  Сол үшін мен екі адамды: діни қызметкер Ұрияны және Барақиях ұлы Зәкәрияны сенімді куәгерлерім етіп алдым.
Isai Kaz 8:3  Бұдан кейін мен пайғамбар әйел — жұбайыммен жақындасып, ол құрсақ көтеріп, ұл туды. Жаратқан Ие маған былай деп бұйырды: «Бұл балаға «Тез-Тонап-Жылдам-Олжалау» деген ат қоясың.
Isai Kaz 8:4  Себебі оның тілі шығып, «Апа, әке» дегенше, Дамаск пен Самарияның бүкіл байлығын Ассур патшасы олжалап кетеді».
Isai Kaz 8:5  Жаратқан Ие маған тағы да тіл қатып
Isai Kaz 8:6  былай деді: «Осы халық (Өзім Иерусалимнің игілігі үшін ағызып отырған) Силоғам бұлағының тыныш суын менсінбейді. Қайта, олар Ресинге және Ремалияхтың ұлына қуанады!
Isai Kaz 8:7  Біліп қойыңдар: сол себепті Мен, Тәңір Ие, Евфрат өзенінің буырқана тасыған мол суларын, яғни Ассур патшасын, күллі қарулы күштерімен осы жерге бағыттаймын. Евфрат өзені көктемде арна-салаларынан асып-тасып, сулары
Isai Kaz 8:8  адамдардың мойнына дейін көтеріледі. Сол сияқты, Ассур патшасы мен оның әскері де жуырда бүкіл Яһуда жеріне жайылып шығып, бұлқан-талқан болып ағып, елді басып кетеді! О, Имануил, оның кең қанаттары бүкіл жеріңе жайылатын болады!»
Isai Kaz 8:9  Ей, халықтар, қанша ұран салсаңдар да, бәрібір шайқалып құрисыңдар. Жер бетінің алыс түкпірлері, тыңдаңдар! Шабуылға бел байлап қарулансаңдар да, бәрібір күйреп, құрисыңдар. Иә, айқасқа дайындала беріңдер, алайда қырыласыңдар.
Isai Kaz 8:10  Кеңесіп жоспар құрып, көп сөз сөйлесеңдер де, бұларың іске аспайды, себебі Құдай бізге жар!
Isai Kaz 8:11  Жаратқан Ие менің үстіме құдіретті қолын қойып тұрып хабарын жеткізді. Ол мені осы халық жүріп бара жатқан теріс жолға түсуден сақтандырып былай деді:
Isai Kaz 8:12  «Бұл халықтың бүлік деп атағандарын сендер солай санамаңдар! Басқалардың қорыққандарынан сендер қорқып, үрейленбеңдер!
Isai Kaz 8:13  Тек Әлемнің Иесін ғана киелі деп құрметтеп, терең қастерлеңдер, (Оның еркіне қарсы шығудан) шошынып дірілдейтін болыңдар!
Isai Kaz 8:14  Жаратқан Ие сендер үшін паналайтын киелі орын іспетті болмақ. Бірақ Ол Исраилдің екі патшалығы үшін адамдарды сүріндіретін кедергі тас, құлататын жартас сияқты, әрі Иерусалимнің тұрғындарын түсіретін тұзақ пен тор секілді болады.
Isai Kaz 8:15  Олардың көбі сүрініп құлап, талқандалады, не торға түсіп, ұсталады».
Isai Kaz 8:16  Енді осылар туралы білдірген ескертулерім мен тәлімдерім жазылған қағаздарды шиыршықтап орап, байлап, шәкірттерімнің көз алдарында мөрлеп, соларға сақтатқызып қой!
Isai Kaz 8:17  Жаратқан Ие Жақыптың үрім-бұтағынан өз бетін жасырып жатса да, мен Оған үмітпен қарап, сенімімді арта беремін.
Isai Kaz 8:18  Міне, мен және Жаратқан Ие маған сыйлаған балалар мұндамыз! Жер бетіндегі тұрағы Сион тауында орналасқан Әлемнің Иесі бізді Исраил елінде Өзінің болашақта не істейтінін білдіретін хабары мен белгісі етті.
Isai Kaz 8:19  Алайда халық сендерге: «Аруағы мен жынын шақырып, сыбырлап, міңгірлейтін бақсылар мен сәуегейлерден кеңес сұрауды сұраңдар!» деп ұсынады. Онда оларға былай деңдер: «Халық жалғыз Құдайына ғана сиынып, Оның еркін сұрауға тиісті емес пе? Тірілерге болашақты білу үшін өлгендермен ақылдасудың қажеті бар ма?!
Isai Kaz 8:20  Қайта, Жаратқан Иенің білдірген тәлімдері мен ескертулеріне көңіл бөліп, соларға сүйеніңдер!» — Егер халық осы хабарларыма сай сөйлемесе, онда оларға атар таң жоқ.
Isai Kaz 8:21  Керісінше, олар зор қысымшылық көріп, ашығып, жер-жерде қаңғырып жүретін болады! Аштықтан қиналғанда олар қатты ашуланып, өздерінің патшасы мен Құдайына тіл тигізеді. Содан олар аспан мен
Isai Kaz 8:22  жерге көз салып, тек қайғы-қасірет, қара түнек пен үрейлі қараңғылықты ғана көреді-ау! Олар әбден түңіліп, қара түнекке қуылады.Алайда қазір қысымшылық көріп жатқан жерде ұдайы қараңғы бола бермейді.