Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
EPHESIANS
1 2 3 4 5 6
Prev Up Next
Chapter 4
Ephe Kaz 4:1  Сонымен Иемізге қызмет еткеніме бола түрмеде жатқан мен сендерге Құдайдың өздеріңді шақыруына лайық өмір сүріңдер деп ескертемін.
Ephe Kaz 4:2  Барлық жағдайларда кішіпейіл, ілтипатты, бір-біріңе төзімді болып, сүйіспеншілік көрсетіңдер.
Ephe Kaz 4:3  Құдай Рухымен иемденген бірліктеріңді өзара байланыстырған татулық арқылы сақтауға ұмтылыңдар!
Ephe Kaz 4:4  Бәріміз біртұтас рухани денеміз, Құдайдың Рухы да Біреу, сол сияқты Құдай сендерді шақырғанда бірдей үміт берді.
Ephe Kaz 4:5  Иеміз бір, бір сенімдеміз, шомылдыру рәсіміміз де бірдей.
Ephe Kaz 4:6  Барлығымыздың бір Құдай Әкеміз бар, Ол бәрімізден үстем және бәріміз арқылы әрекет етіп, бәріміздің жүрегімізден орын алды.
Ephe Kaz 4:7  Ал әрқайсымызға Мәсіхтің рақым етіп үлестіріп берген ерекше рухани дарындарымыз бар.
Ephe Kaz 4:8  Сондықтан (Забурда) мына тәрізді сөздер жазылған: «Ол заңғар биікке көтерілді, көптеген тұтқындарды ертіп жүрді, әрі адамдарға тартулар сыйлады».
Ephe Kaz 4:9  «Ол заңғар биікке көтерілді» деген сөздің мағынасы қандай? Мәсіх алдымен төменге, жер бетіне түскен еді дегенді білдіреді.
Ephe Kaz 4:10  Соған түскен Мәсіх — аспаннан әлдеқайда жоғары орынға, «көктің ең биігіне», көтеріліп кеткеннің дәл Өзі. Осылайша Мәсіх бүкіл әлемге өз билігін орнатпақ.
Ephe Kaz 4:11  Ол рухани дарындар сыйлап, сенушілердің біреулерін елші, біреулерін пайғамбар, тағы басқаларын Ізгі хабарды таратушы, енді біреулерін қауымның рухани бағушысы немесе тәлімгері етіп тағайындады.
Ephe Kaz 4:12  Олар Құдайдың халқын өз қызметтерін атқаруға дайындауға тиіс. Соның нәтижесінде Мәсіхтің рухани денесі өсіп, күшейе бермек.
Ephe Kaz 4:13  Осылайша бәріміз бірге Құдайдың рухани Ұлына сеніп, Оны жақын білу арқылы Мәсіхтің кемелдігіне сай келетін біртұтас, жетілген қауым болмақпыз.
Ephe Kaz 4:14  Онда біз бұдан былай әрбір ой толқынына тәлкек болған жас баладай кез келген ағымдағы ілімге ілесуден, әрі қу, айлакер адамдардың алдап-арбауына еріп азғындық жолға түсуден аулақ боламыз.
Ephe Kaz 4:15  Қайта, бір-бірімізге шындықты сүйіспеншілікпен айтамыз және қауымның Басы — Иса Мәсіхпен тығыз байланысымызда жан-жақты өсіп жетілеміз.
Ephe Kaz 4:16  Сонда мүшелері үйлесіп, бірігіп жұмыс істеп тұрған бұл біртұтас рухани дене түгелдей өзінің Басы — Мәсіхке бағынады. Әрбір мүшесі өз міндетін атқарса, бүкіл дене өсіп, сүйіспеншілік арқылы күшейе береді.
Ephe Kaz 4:17  Иеміздің атынан сендерге мықтап айтып ескертемін: бұдан былай құдайсыз халықтардың түкке тұрғысыз ойларына сай өмір сүрмеңдер!
Ephe Kaz 4:18  Олардың санасын қараңғылық басып, жүректері шындықты білгілері келмей жақсылық атаулыға қарсы қасарысқан, сөйтіп Құдай беретін шынайы өмірден құр қалған.
Ephe Kaz 4:19  Мұндайлар ұяттан әбден безіп, жүгенсіздікке салынып, тойымсыз нәпсіқұмарлықпен әр түрлі азғындық істей береді.
Ephe Kaz 4:20  Бірақ сендердің Мәсіх туралы үйренгендерің мұндай емес еді ғой!
Ephe Kaz 4:21  Оның айтқандарын естіп, Онымен тығыз байланысып, шынайы тәлім алып келдіңдер. Себебі шындық Исада.
Ephe Kaz 4:22  Алдамшы құмарлықтарымен өмірлеріңді құртып келген ескі күнәлі болмыстарың мен бұған дейінгі өмір салттарыңды енді тастаңдар!
Ephe Kaz 4:23  Рухтарың мен ақыл-ойларың түгелдей жаңарсын;
Ephe Kaz 4:24  осылай Құдайға рухани жағынан ұқсас жаратылған жаңа, шынымен әділ де қасиетті адам болып өмір сүріңдер!
Ephe Kaz 4:25  Сондықтан өтірікті тастап, әрқайсың басқаларға шындықты айтыңдар! Бәріміз біріккен бір рухани дененің мүшелеріміз ғой.
Ephe Kaz 4:26  «Ашуланғанда күнә жасамаңдар!» деп (Забурда) жазылған. Күн батпай тұрып, ашуларыңды басыңдар,
Ephe Kaz 4:27  сөйтіп шайтанның жамандыққа түрткі салуына жол бермеңдер!
Ephe Kaz 4:28  Ұры болған енді ұрлық жасамасын, керісінше, адал еңбек етіп, тапқан табысынан мұқтаждарға үлестірсін.
Ephe Kaz 4:29  Ауыздарыңнан жаман сөз емес, жақсы сөз ғана шығып, тыңдап тұрғандардың сенімдерін жетілдіріп, игілік сепсін.
Ephe Kaz 4:30  Осылай Құдайдың Киелі Рухын ренжітуден аулақ болыңдар! Онымен «таңбаландыңдар»: өмірлеріңнен орын алған Киелі Рух — бір күні жамандық атаулыдан азат етілулеріңнің кепілі.
Ephe Kaz 4:31  Әрқилы кекшілдік, ашу-ыза, айқай-шу, қаралау, тағы басқа барлық жаман нәрселерден арылыңдар!
Ephe Kaz 4:32  Қайта, бір-біріңе мейірімді де жанашыр болыңдар; Мәсіхтің арқасында өздеріңді Құдай кешіргендей, сендер де өзара кешірімді болыңдар!