Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
GENESIS
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 23
Gene Kaz 23:1  Сара жүз жиырма жеті жыл өмір сүрді.
Gene Kaz 23:2  Ақырында ол Қанахан елінде, қазір Хеброн деп аталатын Кирият-Арба қаласының маңында дүниеден өтті. Ыбырайым Сараны жоқтап қайғырып, оның шатырына кірді.
Gene Kaz 23:3  Кейін ол мәйіттің қасынан шығып, сол жерде тұрған хеттік ақсақалдарға барып, олардан:
Gene Kaz 23:4  — Мен араларыңызда жүрген жат жұрттық келімсекпін. Үйде жатқан марқұм әйелімді жерлеуге ешқандай меншікті жерім жоқ. Маған зират үшін бір жер танабын сатсаңыздар екен, — деп өтінді.
Gene Kaz 23:5  Хеттік ақсақалдардың жауабы мынау болды:
Gene Kaz 23:6  — Қымбатты мырза, бізге құлақ асыңыз. Сіз арамызда Құдайдың батасы қонған көсем болып тұрып жатырсыз. Марқұмды біздегі ең жақсы қабірге апарып қойыңыз. Ешқайсымыз да зиратқа арналған жерлерімізді сізге беруден бас тартпаймыз. —
Gene Kaz 23:7  Сонда Ыбырайым орнынан тұрып, хеттіктерге басын иіп былай деді:
Gene Kaz 23:8  — Егер марқұм әйелімді осы маңайда жерлесін десеңіздер, мына өтінішімді Сохар ұлы Ефронға жеткізсеңіздер екен.
Gene Kaz 23:9  Ол маған өзіне тиісті егістіктің шетіндегі Махпела үңгірін меншікті зират ретінде сатсын. Оған сіздердің көз алдарыңызда толық бағасын беремін.
Gene Kaz 23:10  Хеттік Ефрон да қала қақпасындағы алаңда жиналған жерлестерінің арасында отырған еді. Ол бәрінің алдында Ыбырайымға жауап беріп:
Gene Kaz 23:11  — Жоқ, мырзам, менің ұсынысымды тыңдаңыз. Мен сізге егістікті беремін. Мұндағы ұлттастарымның көзінше сізге егістікте орналасқан үңгірді де қоса беремін. Сонда марқұм әйеліңізді қоярсыз, — деді.
Gene Kaz 23:12  Ыбырайым елдің адамдарына тағы да басын иіп,
Gene Kaz 23:13  барлығының алдында Ефронға былай деді:— Тыңдаңыз, мен сізге егістік үшін тиісті құнын төлеймін, оны қолымнан қабыл алыңыз. Сонда бұл жер марқұм әйелімнің зираты болмақ. —
Gene Kaz 23:14  Ефрон оған ойын білдіріп:
Gene Kaz 23:15  — Мырзам, жарайды. Танаптың құны — төрт жүз мысқал күміс, бұл мен үшін де, сіз үшін де түк емес. Марқұмды сонда жерлей беріңіз, — деді.
Gene Kaz 23:16  Ыбырайым келісіп, хеттіктердің көзінше Ефрон атаған құнды — төрт жүз мысқал күмісті оған саудада қолданылатын өлшем бойынша таразыға салып өлшеп берді.
Gene Kaz 23:17  Осылай Мамренің шығысындағы Махпелада орналасқан Ефронның егістік жері, ондағы үңгір және сонда өсіп тұрған барлық ағаштар
Gene Kaz 23:18  Ыбырайымның меншігіне айналды. Қала қақпасындағы алаңда жиналған хеттік ақсақалдардың барлығы бұған куә болды.
Gene Kaz 23:19  Ыбырайым мұнан кейін Сараның мәйітін Махпела даласындағы сол үңгірге апарып қойды. Бұл жерді Хеброн деп те атайды.
Gene Kaz 23:20  Сонымен хеттіктерден алынған Қанахан еліндегі егістік жер мен ондағы үңгір зират ретінде Ыбырайымның тұрақты меншігіне айналды.