Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
GENESIS
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 1
Gene Kaz 1:1  Әуел баста Құдай аспан мен жерді жаратты.
Gene Kaz 1:2  Жер ретсіз, тіршіліксіз бос жатты; суға толы тұңғиықтың үстін қара түнек жауып тұрды. Ал Құдайдың Рухы су бетінде қалықтап ұшып жүрді.
Gene Kaz 1:3  Сонда Құдай: «Жарық пайда болсын!» — деп бұйырды. Осылай жарық пайда болды.
Gene Kaz 1:4  Құдай жарыққа қарап, оның жақсы екенін көрді. Ол жарықты қара түнектен бөліп,
Gene Kaz 1:5  жарықты күн, ал қара түнекті түн деп атады. Кеш түсіп, таң атты; бұл бірінші күн еді.
Gene Kaz 1:6  Содан кейін Құдай: «(Айнала тұманданып тұрған) суды ортасынан бөліп тұратын әуе кеңістігі пайда болсын!» — деп бұйырды.
Gene Kaz 1:7  Осылай Ол әуе кеңістігін жасап, соның астындағы суды үстіндегі судан бөлді. Солай болды да.
Gene Kaz 1:8  Құдай әуе кеңістігін аспан деп атады. Кеш түсіп, таң атты; бұл екінші күн еді.
Gene Kaz 1:9  Мұнан соң Құдай: «Аспан астындағы су бір жерге жиналып, құрлық көрініп тұратын болсын!» — деп бұйырды. Солай болды да.
Gene Kaz 1:10  Құдай құрлықты жер, ал жиналған суды теңіздер деп атады. Ол жасағанына қарап, жақсы екенін көрді.
Gene Kaz 1:11  Құдай енді: «Жер жасыл өсімдіктерді: тұқым шашатын өсімдіктерді және дәнегі бар алуан түрлі жеміс беретін ағаштарды өсіріп шығарсын!» — деп бұйырды. Солай болды да.
Gene Kaz 1:12  Жер жасыл өсімдіктерді: түрлеріне қарай тұқым шашатын өсімдіктерді әрі дәнегі бар жеміс беретін ағаштарды өсіріп шығарды. Құдай жасағандарына қарап, жақсы екенін көрді.
Gene Kaz 1:13  Тағы да кеш түсіп, таң атты; бұл үшінші күн еді.
Gene Kaz 1:14  Сонан соң Құдай: «Аспан кеңістігінде шырақтар орнасын! Олар күндіз бен түнді бір-бірінен ажыратып, арнайы мезгілдерді, күндер мен жылдарды белгілеп,
Gene Kaz 1:15  жерге нұрын шашу үшін аспан кеңістігінде жарқырайтын болсын!» — деп бұйырды. Солай болды да.
Gene Kaz 1:16  Құдай үлкенірегі күндізге, кішірегі түнге билік жүргізетін жарқыраған екі үлкен аспан шырағын әрі жұлдыздарды жаратты.
Gene Kaz 1:17  Құдай оларды жерге жарық түсіріп, күндіз бен түнге билік жүргізіп, жарықты қараңғыдан ажырату үшін аспан әлеміне орналастырды. Құдай мұның да жақсы екенін көрді.
Gene Kaz 1:18  Құдай оларды жерге жарық түсіріп, күндіз бен түнге билік жүргізіп, жарықты қараңғыдан ажырату үшін аспан әлеміне орналастырды. Құдай мұның да жақсы екенін көрді.
Gene Kaz 1:19  Тағы да кеш түсіп, таң атты; бұл төртінші күн еді.
Gene Kaz 1:20  Сонан соң Құдай: «Теңіздер, көлдер және өзендер су жәндіктеріне толсын, әрі аспандағы әуе кеңістігінде құстар ұшып жүрсін!» — деп бұйырды.
Gene Kaz 1:21  Осылай Құдай суды мекендейтін алып жануарларды, суда қаптап жүрген басқа да жануарлар мен жәндіктердің барлық түрін, сонымен бірге қанаттыларды да түр-түрімен жаратты. Құдай жасағандарына қарап, жақсы екенін көрді.
Gene Kaz 1:22  Оларға оң батасын беріп: «Өсіп-өніп көбейіңдер, теңіздерді толтырыңдар, құстар да жер бетінде көбейсін!» — деп бұйырды.
Gene Kaz 1:23  Тағы да кеш түсіп, таң атты; бұл бесінші күн еді.
Gene Kaz 1:24  Содан кейін Құдай: «Жер әр қилы тіршілік иелерін: малдар, бауырымен жорғалаушылар және аңдарды түр-түрімен шығарсын!» — деп бұйырды. Солай болды да.
Gene Kaz 1:25  Құдай әр қилы аңдар мен малдарды және бауырымен жорғалаушыларды түр-түрімен жаратты. Ол жасағандарына қарап, жақсы екенін көрді.
Gene Kaz 1:26  Құдай енді: «Біз (рухани жағынан) Өзімізге ұқсас әрі бейнелес етіп адамды жаратайық. Адамдар теңіздегі балықтар мен аспандағы құстарға, малдар мен аңдарға, бүкіл жер бетіне және онда жорғалап жүрген барлық жануарларға билік жүргізсін», — деді.
Gene Kaz 1:27  Осылайша Құдай адамды (рухани жағынан) Өзіне ұқсас әрі бейнелес етіп, бірін еркек, бірін әйел қылып жаратты.
Gene Kaz 1:28  Құдай оларға оң батасын беріп: «Өсіп-өніп көбейіңдер! Ұрпақтарың жайылып, жер бетін толтырыңдар! Оны өздеріңе бағындырып, теңіздегі балықтарға, аспандағы құстарға және жер бетіндегі барлық жануарларға билік жүргізіңдер!» — деді.
Gene Kaz 1:29  Құдай оларға тағы тіл қатып: «Мен сендерге жер бетіндегі тұқым шашатын өсімдіктерді және дәнегі бар жеміс беретін ағаштарды түр-түрімен бердім, бұлар сендерге тамақ болсын.
Gene Kaz 1:30  Жер бетіндегі барлық аңдарға, аспандағы күллі құстарға және бауырымен жорғалаушыларға — бойында тіршіліктің лебі бар жануарлардың бәріне Мен көк шөп атаулыны қорек етуге беремін», — деді. Солай болды да.
Gene Kaz 1:31  Құдай Өзінің жаратқандарының бәріне қарап, өте жақсы екенін көрді. Тағы да кеш түсіп, таң атты; бұл алтыншы күн еді.