Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
GENESIS
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 7
Gene Kaz 7:1  Сонан кейін Жаратқан Ие Нұхқа былай деді: «Үй ішіңмен бірге кемеге кір! Себебі Мен сенің замандастарыңның арасында әділ екеніңді көрдім.
Gene Kaz 7:2  Жер бетіндегі жануарлардың барлық түрлері өмірлерін жалғастыру үшін, адал жануарлардың әрқайсысынан жеті жұптан ал.
Gene Kaz 7:3  Арам жануарлардан екеуден ал, бір еркек, бір ұрғашы болсын және аспандағы құстардың әр түрінен де жеті жұптан ал.
Gene Kaz 7:4  Жеті күн өткен соң Мен жер бетіне қырық күн, қырық түн бойы жауын жауғызамын, жер бетіндегі Өзім жаратқан жаны барлардың бәрін жоқ қыламын».
Gene Kaz 7:5  Нұх барлығын да Жаратқан Иенің өзіне бұйырғанындай істеді.
Gene Kaz 7:6  Жер бетін топан су қаптаған кезде Нұх алты жүз жаста еді.
Gene Kaz 7:7  Ол өзінің ұлдары, әйелі және келіндерімен жерге топан су жайылмас бұрын кемеге кіріп алды.
Gene Kaz 7:8  Жұпталып алынған адал және арам жануарлар, құстар мен жер бетінде жорғалаушылардың барлығы бір еркек, бір ұрғашыдан
Gene Kaz 7:9  Құдай Нұхқа бұйырғандай оның қасына кемеге кірді.
Gene Kaz 7:10  Содан жеті күн өткеннен кейін жер бетіне топан су жайыла бастады.
Gene Kaz 7:11  Нұх алты жүз жасқа келгенде, екінші айдың он жетісінде — дәл сол күні терең тұңғиықтағы барлық қайнар көздерден су атқылап, әрі «аспан қақпалары айқара ашылып»,
Gene Kaz 7:12  жерге қырық күн, қырық түн бойы жаңбыр құйып тұрды.
Gene Kaz 7:13  Ал Нұх, оның ұлдары Шам, Хам және Япші, Нұхтың әйелі мен келіндері сол күні кемеге кірген еді.
Gene Kaz 7:14  Солармен бірге аңдардың, малдардың, жер бетінде бауырымен жорғалаушылардың және құстардың, қос қанаттылардың барлық түрлерінен,
Gene Kaz 7:15  яғни жаны барлардың бәрінен де, жұптасып Нұхтың қасына кемеге енгендер болды.
Gene Kaz 7:16  Олар Құдай Нұхқа бұйрық еткендей, барлық аңдардан бір еркек, бір ұрғашы болып, ішке кірді. Содан кейін Жаратқан Ие есікті жауып тастады.
Gene Kaz 7:17  Сонымен жер бетін қырық күн бойы топан су қаптады, судың көтерілгені соншалықты, кеме қалқып жүрді.
Gene Kaz 7:18  Жер бетінде су тіптен көбейіп асып-тасып кетті, кеме судың үстінде жүзіп жүрді.
Gene Kaz 7:19  Су жер бетінде көбейіп, көтерілген үстіне көтеріле берді, тіпті аспан астындағы барлық биік таулар да судың астында қалды.
Gene Kaz 7:20  Осылай топан су таулардың шыңдарынан он бес шынтақ биіктікке көтерілді.
Gene Kaz 7:21  Сонда жер бетінде қыбырлап жүрген күллі тірі мақұлықтар: құстар, малдар, аңдар, жер бетінде қаптап жүрген жәндіктер түгелімен және барлық адамзат та суға батып кетті.
Gene Kaz 7:22  Осылайша құрғақ жердегі тіршілік атаулының иелері түгел опат болып,
Gene Kaz 7:23  жер бетіндегінің барлығы жойылды: адамнан бастап малға дейін, бауырымен жорғалаушылардан бастап аспандағы құстарға дейін бәрі де жер бетінен құрып кетті. Тек Нұхпен бірге кеменің ішінде болғандар ғана аман қалды.
Gene Kaz 7:24  Жүз елу күн бойы жер бетінде су үздіксіз көтерілумен болды.