Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
GENESIS
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 15
Gene Kaz 15:1  Осы оқиғалардан кейін Жаратқан Ие Ыбырамға аян беріп:— Ыбырам, қорықпа! Мен сені қалқандай қорғаймын. Саған берілер сыйлық аса зор болады, — деді.
Gene Kaz 15:2  Бірақ Ыбырам жауап беріп былай деді:— Уа, Жаратушы Тәңір Ие, Сен маған қандай сыйлық бермексің? Мен әлі де ұрпақсыз келемін. Үйіме дамаскілік қызметшім Елиезер иелік етпек. —
Gene Kaz 15:3  Ыбырам тағы: — Сен маған бала сыйламадың, сондықтан мұрагерім үйімдегі бір қызметшім болады, — деп те мұңын шақты.
Gene Kaz 15:4  Ал Жаратқан Ие оған сөзін арнап:— Мұрагерің ол емес, сенен туатын ұл болады! — деді.
Gene Kaz 15:5  Содан оны сыртқа алып шығып: — Аспанға қарап жұлдыздарды санашы! Сен оларды санай алар ма екенсің? Сенің үрім-бұтағың да осындай сансыз көп болады! — деп уәде берді.
Gene Kaz 15:6  Ыбырам Жаратқан Иеге сенді, сондықтан Жаратқан Ие оны Өзінің алдында ақтады.
Gene Kaz 15:7  Тәңір Ие Ыбырамға тағы да тіл қатып:— Мен Жаратқан Иемін. Сені осы елді иемденсін деп халдейлік Ур қаласынан алып шыққан Менмін, — деді.
Gene Kaz 15:8  Ал Ыбырам:— Уа, Жаратушы Тәңір Ие, оны иемденетінімді мен қалай нақты біле аламын? — деп сұрады.
Gene Kaz 15:9  Сонда Иеміз оған:— Маған бір-бірден үш жасар сиыр, ешкі, қошқарды, әрі орман кептері мен жас көгершінді алып кел, — деп бұйырды.
Gene Kaz 15:10  Ыбырам соның барлығын әкеліп, оларды сойып, ортасынан қақ бөліп, бөліктерді бір-біріне қарсы қойды. Ол тек құстарды ғана бөлмеді.
Gene Kaz 15:11  Жыртқыш құстар сойылған малдардың етіне қонды, бірақ Ыбырам оларды қуып жіберді.
Gene Kaz 15:12  Күн батқанда Ыбырамды керемет ұйқы басты. Сол сәтте ол түсінде қара түнекті көріп, қатты қорқып кетті.
Gene Kaz 15:13  Ал Жаратқан Ие Ыбырамға тіл қатып:— Біліп ал: сенің ұрпақтарың бөтен елде жат жұрттық келімсектер ретінде тұратын болады. Сол жерде олар төрт жүз жыл бойы құлдықта болып жәбірленеді.
Gene Kaz 15:14  Бірақ оларды құл еткен халықты Мен жазалаймын. Бұдан кейін сенің ұрпақтарың сол елден мол дүние-мүлікпен көшіп шығады.
Gene Kaz 15:15  Ал сен болсаң, жасың ұлғайған шағыңда ақ өліммен бабаларыңның қасына аттанып, жер қойнына кіресің.
Gene Kaz 15:16  Сенің үрім-бұтағың осы елге төрт ұрпақтан кейін ғана қайтып келеді. Себебі аморлықтардың күнәлары әлі шегіне жеткен жоқ, — деді.
Gene Kaz 15:17  Күн батып, қараңғылық орнаған кезде, міне, пештен шыққан іспетті түтін мен лаулап жалындаған от бір-біріне қарсы жатқан мал бөліктерінің ортасынан өте шықты.
Gene Kaz 15:18  Сол кезде Жаратқан Ие Ыбыраммен Келісім жасап:— Мен сенің үрім-бұтағыңа Мысырдың шетіндегі өзеннен бастап үлкен өзен — Евфратқа дейін жайылған осы елді беремін.
Gene Kaz 15:19  Онда кендіктер, кеназдықтар, қадмондықтар,
Gene Kaz 15:20  хеттіктер, перездіктер, рафалықтар,
Gene Kaz 15:21  аморлықтар, қанахандықтар, гергестіктер және ебустіктер тұрып жатыр, — деді.