Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
GENESIS
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 18
Gene Kaz 18:1  Бұдан кейін Жаратқан Ие Ыбырайымға тағы да Мамренің алып емен ағаштары өсіп тұрған тоғайының қасында келіп кетті. Ыбырайым түске таман күн ысығанда шатыр аузында отырған еді.
Gene Kaz 18:2  Ол айналасына көз тастағанда өзінің алдында үш ер адамның тұрғанын көрді. Ыбырайым оларды көре сала, отырған жерінен ұшып түрегеліп, алдарынан шығып, жерге дейін иіліп сәлем берді.
Gene Kaz 18:3  Ыбырайым:— Мырза! Рақымыңыз маған түссе, мендей құлыңыздың қасынан өте шықпасаңыз екен.
Gene Kaz 18:4  Қазір-ақ аяқтарыңызды жуу үшін су әкелінеді. Ағаштың саясына жайғасып алыңыздар.
Gene Kaz 18:5  Құлдарыңыздың үйінен дәм татпай өтіп кетпеңіздер. Сіздерге тамақ әкелейін, әлденіп тынығып алыңыздар. Содан кейін әрі қарай жылжи берерсіздер, — деп өтінді. Олар:— Жарайды, айтқаның болсын, — деп келісті.
Gene Kaz 18:6  Ыбырайым дереу шатырдағы Сараға барып:— Тез үш табақ ең таңдаулы ұнды илетіп, күлше нан пісірт, — деді.
Gene Kaz 18:7  Өзі табынға жүгіріп барып, семіз баспақты таңдап алып, қызметшісіне берді. Қызметші баспақты тездетіп сойып, етін қазанға асты.
Gene Kaz 18:8  Бәрі дайын болғаннан кейін Ыбырайым айран, сүт және пісірілген баспақ етін алып, Қонақтардың алдына тартты. Олар ағаш саясында тамақтанып жатқан кезде Ыбырайым қастарында болып, өзі қызмет етті.
Gene Kaz 18:9  Қонақтар:— Әйелің Сара қайда? — деп сұрады. Ыбырайым:— Осында, шатырдың ішінде, — деді.
Gene Kaz 18:10  Иеміз:— Келесі жылы осы уақытта Мен саған тағы да келемін. Сонда әйелің Сараның ұлы болады! — деп уәде берді.Осы сөздерді Қонақтың артындағы шатырдың аузында тұрған Сара да естіді.
Gene Kaz 18:11  Ал Ыбырайым мен Сара қартайған адамдар еді, Сара бала туудан қалған жаста болатын.
Gene Kaz 18:12  Сол себепті ол: «Мен әбден қартайған шағымда осындай қуанышқа кенеле алар ма екенмін? Қожайыным да тым кәрі», — деп іштей күлді.
Gene Kaz 18:13  Ал Иеміз Ыбырайымға:— Сара неліктен күліп тұр? Ол неге «мен енді қартайған шағымда бала туа алар ма екенмін» деп сұрайды?
Gene Kaz 18:14  Жаратқан Ие істей алмайтын тым қиын іс бар ма? Мен белгілі кезде: келесі жылы осы уақытта саған тағы да келемін. Сол кезде Сараның ұлы болады! — деп уәдесін бекітті.
Gene Kaz 18:15  Сара сасып қалып:— Мен күлген жоқпын, — деп мойындамады. Бірақ Иеміз оған:— Жоқ, сен күлдің, — деді.
Gene Kaz 18:16  Қонақтар орындарынан тұрған соң, Содомға қарай бет алды. Оларды жолға шығарып салу үшін Ыбырайым бірге жүрді.
Gene Kaz 18:17  Жаратқан Ие: «Өзімнің не істейтінімді Ыбырайымнан қалай жасырмақпын?
Gene Kaz 18:18  Ыбырайымнан бір үлкен де күшті халық шығады. Менің ақ батам ол арқылы жер бетіндегі барлық халықтарға жетеді.
Gene Kaz 18:19  Мен Ыбырайымды өз балаларына және кейінгі үрім-бұтағына Менің жолыма түсуді, дұрыстық пен әділдікті істеуді үйрету үшін таңдап алдым. Ыбырайым осылай істегенде Менің оған берген уәдем орындалады», — деді.
Gene Kaz 18:20  Содан Иеміз Ыбырайымға тіл қатып:— Менің атыма Содом мен Ғомора қалаларының үстінен қатты дауыспен айтылған шағым түсіп жатыр. Сол жерде жасалған күнәлар тым ауыр.
Gene Kaz 18:21  Сондықтан Мен жерге түсіп, ондағы әділетсіздік Маған жеткен шағым туғызатындай дәрежеде ме, жоқ па, соған көз жеткізбекпін, — деді.
Gene Kaz 18:22  Содан кейін ер адамдар бұрылып алып, Содом жаққа беттеді. Бірақ Ыбырайым Иеміздің алдында тұра қалды.
Gene Kaz 18:23  Оған жақындап, былай деп өтінді:— Сонда Сен зұлыммен бірге әділді де құртпақсың ба?
Gene Kaz 18:24  Мүмкін, қалада елу әділ адам бар шығар, Сен оларды шынымен құртпақсың ба? Сол жерге ондағы елу әділ адам үшін рақым еткің келмей ме?
Gene Kaz 18:25  Сен осылай істеп, әділ жанды жауызбен бірге өлтіріп, оған арам кісіге қарағандай қараудан аулақсың ғой. Бүкіл әлемді Соттаушы әділетті шешім қабылдамаушы ма еді? —
Gene Kaz 18:26  Сонда Иеміз:— Егер Мен Содом қаласынан елу әділ адамды тапсам, соларға бола ол жерге рақым етемін, — деді.
Gene Kaz 18:27  Ыбырайым:— Мен күл мен топырақтан жаралған пенде болсам да, Иеммен сөйлесіп тұрмын.
Gene Kaz 18:28  Мүмкін, әділ адамдардың саны елу емес, одан бесеуі кем шығар, сонда бесеуіне бола бүкіл қаланы құртпақсың ба? — деп сұрады. Иеміз оған:— Егер Мен одан қырық бес әділ кісі тапсам, сол қаланы құртпаймын, — деді.
Gene Kaz 18:29  Ыбырайым сөзін әрі қарай жалғастырды:— Мүмкін, ол жерде тек қырық әділ кісі болатын шығар. — Иеміз:— Мен қырық әділ адам үшін де оларға тиіспеймін, — деп жауап берді.
Gene Kaz 18:30  Ыбырайым сонда:— Уа, Ием, мен тағы да айтқанда ашулана көрме. Мүмкін, ол жерде отыз ғана әділ адам бар болса ше? — деп сұрады. Иеміз оған:— Ол жерде отыз әділ адам болса да, Мен оған тиіспеймін, — деп жауап қатты.
Gene Kaz 18:31  Ыбырайым тағы былай деді:— Мен Иеме еркінсіп тіл қатып тұрмын. Мүмкін, ол жерде тек жиырма әділ кісі болатын шығар. — Иеміз:— Жиырма әділ кісі болғанда Мен қаланы қиратпаймын, — деді.
Gene Kaz 18:32  Ыбырайым Одан:— Уа, Ием, мен тағы бір рет қана айтсам, ашулана көрме. Егер ол жерден небәрі он-ақ табылса ше? — деп сұрады. Иеміз:— Мен ол жерді он әділ кісі үшін де құртпаймын, — деп уәде берді.
Gene Kaz 18:33  Иеміз Ыбырайыммен сөйлесіп болған соң, кетіп қалды. Ал Ыбырайым үйіне қайтты.