Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
GENESIS
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 37
Gene Kaz 37:1  Әкесі Ысқақ кезінде жат жұрттық болып өмір сүрген Қанахан елінде енді Жақып та тұрып жатты.
Gene Kaz 37:2  Жақыптың үрім-бұтағының шежіресі мынау:Он жеті жасар Жүсіп әкесінің әйелдері Балха мен Зилпадан туған ағаларымен бірге оның ұсақ малдарын бағысып жүрді. Бозбала бауырларының жаман іс-әрекеттері туралы жұрттың айтқандарын әкесіне жеткізетін.
Gene Kaz 37:3  Исраил өзінің барлық басқа ұлдарынан гөрі Жүсіпті жақсы көрді, себебі ол оның қартайған шағында дүниеге келген еді. Әкесі оған әдемілеп өрнектелген, түрлі түсті ұзын шапан тіккізіп берді.
Gene Kaz 37:4  Әкелерінің оны өздерінен артық көретінін сезген ағалары Жүсіпті жаратпай, енді онымен жылы сөйлесе алмады.
Gene Kaz 37:5  Бір күні Жүсіп түс көріп, оны ағаларына айтып берді. Содан кейін олар Жүсіпке бұрынғыдан бетер теріс қарады.
Gene Kaz 37:6  Ағаларына айтқаны былай еді:— Менің көрген түсімді тыңдаңдаршы:
Gene Kaz 37:7  Міне, бәріміз далада егін жинап, бау байлап жүр екенбіз. Кенет менің бауым тік тұра қалды. Ал сендердің бауларың менікін қоршап, оған иіліп тағзым етті! —
Gene Kaz 37:8  Ағалары оған:— Сен немене, бізге патшалық құрғың келе ме? Бізге билік жүргізбексің бе? — деп, оны көрген түсі мен айтқан сөзіне бола тіптен ұнатпай кетті.
Gene Kaz 37:9  Жүсіп екінші рет түс көріп, оны да ағаларына айтып:— Тыңдаңдаршы, мен тағы да түс көрдім. Міне, ғажап, бұл жолы маған күн мен ай, аспандағы он бір жұлдыз иіліп тағзым етті! — деді.
Gene Kaz 37:10  Ол бұл түсін әкесі мен ағаларына айтқанда, әкесі оған:— Сенің көргенің қандай түс? Біз, ата-анаң, туған бауырларың алдыңа келіп, тағзым етпекпіз бе? — деп зекіп тастады.
Gene Kaz 37:11  Ағалары Жүсіпке қызғанышпен қарады, бірақ әкесі оның айтқанын көңіліне түйіп алды.
Gene Kaz 37:12  Бірде ағайындылар әкелерінің ұсақ малдарын жаюға Сихемнің төңірегіне кеткен болатын.
Gene Kaz 37:13  Сонда Исраил Жүсіпке:— Ағаларыңның малды Сихемнің маңайында бағып жүргенін білесің ғой. Бар, мен сені соларға жіберейін, — деді. Жүсіп оған:— Жарайды, мен дайынмын, — деп жауап берді. Әкесі:
Gene Kaz 37:14  — Барып, ағаларыңның хал-жағдайын, малдың күйін көріп қайт, — деп, баласын Хеброн аңғарынан Сихемге жіберді.Жүсіп дала кезіп жүргенде
Gene Kaz 37:15  оны бір адам көріп:— Не іздеп жүрсің? — деп сұрады.
Gene Kaz 37:16  Жүсіп:— Мен бауырларымды іздеп жүрмін. Олардың қай жерде мал бағып жүргенін білмейсіз бе? — деді.
Gene Kaz 37:17  Сол кісі оған:— Олар бұл жерден кетіп қалды. Дотанға барайық дегенін құлағым шалды, — деп жауап қайтарды.Бауырларының артынан жүріп отырып, Жүсіп оларға Дотанның маңында жолықты.
Gene Kaz 37:18  Ол ағаларына жақындамай жатып-ақ, Жүсіпті алыстан көрген бетте олар оны өлтірмекші болып,
Gene Kaz 37:19  бір-біріне: «Қараңдар, түс көргіш келе жатыр!
Gene Kaz 37:20  Жүріңдер, оны өлтіріп, құдыққа лақтыра салайық. Жыртқышқа жем болыпты дерміз. Сонда оның түстерінің не болып шыққанын көрерміз», — десті.
Gene Kaz 37:21  Рубен осыны естігенде Жүсіпті бауырларынан құтқармақшы болып: «Оны өлтірмейік!
Gene Kaz 37:22  Қан төкпеңдер! Оны айдаладағы құдыққа тастаңдар, бірақ қол жұмсамаңдар!» — деді. Осылай Рубен оны бауырларынан құтқарып, әкесіне қайтармақшы болды.
Gene Kaz 37:23  Жүсіп ағаларының қасына келгенде олар оның киіп жүрген ұзын, әдемі шапанын шешіп алып,
Gene Kaz 37:24  өзін құдыққа тастай салды. Құдық бос, суы жоқ болатын.
Gene Kaz 37:25  Мұнан кейін ағалары тамақтану үшін жерге жайғасты. Сол кезде төңіректеріне көз тастап, Ғилақад маңынан келе жатқан ысмағұлдық саудагерлер керуенін көрді. Мысырға бет алып бара жатқан олар түйелеріне иісмай жасайтын құнды шайыр, май дәрі және мүр деген хош иісті зат тиеп алған еді.
Gene Kaz 37:26  Сонда Яһуда аға-інілеріне: «Бауырымыздың қанын төгіп, оның өлгенін жасырғаннан бізге не түседі?
Gene Kaz 37:27  Жүріңдер, оны ана саудагерлерге сатып жіберейік. Қандас бауырымыз ғой, оған қол жұмсамай-ақ қояйық!» — деп ұсыныс жасады. Аға-інілері бұған келісті.
Gene Kaz 37:28  Мадияндық саудагерлер қастарынан өте бергенде ағалары Жүсіпті құдықтан шығарып алып, жиырма мысқал күміске сатып жіберді. Олар Жүсіпті Мысырға алып кетті.
Gene Kaz 37:29  (Сол кезде олармен бірге болмаған) Рубен құдыққа қайта оралғанда Жүсіп ішінде болмай шықты. Қатты күйзелген Рубен көйлегінің өңірін айыра жыртып,
Gene Kaz 37:30  бауырларына қайтып келді де: «Бала жоқ, енді мен қайда кетсем екен?!» — деп налыды.
Gene Kaz 37:31  Ал ағайындылар Жүсіптің шапанын алып, бір текені сойды да, шапанды соның қанына бояды.
Gene Kaz 37:32  Шапанды әкесіне жіберіп:— Біз мұны даладан тауып алдық. Анықтап қараңыз: бұл ұлыңыздың шапаны емес пе екен? — деді.
Gene Kaz 37:33  Әкесі шапанды танып тұрып:— Бұл — ұлымның шапаны! Ол жыртқышқа жем болыпты-ау! Иә, шынымен-ақ Жүсіпті жыртқыш аң жарып тастапты! — деп еңіреп жіберді.
Gene Kaz 37:34  Жақып көйлегінің өңірін айыра жыртып, азалы киім киіп алды. Содан ұзақ уақыт бойы ұлын жоқтап аза тұтты.
Gene Kaz 37:35  Қасына ұл-қыздары келіп, әкелерін жұбатпақшы болды. Бірақ ол: «Мен о дүниеге ұлымның қасына аттанғанша қайғырып өтемін», — деп жұбанбады. Әкесі ұлын осылайша зар жылап жоқтай берді.
Gene Kaz 37:36  Осы екі арада мадияндық саудагерлер Жүсіпті Мысырға алып барып, перғауынның сарайындағы Потифар есімді уәзіріне сатып жіберді. Ол патшаның бас қорғаушысы болатын.