Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
GENESIS
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 31
Gene Kaz 31:1  Сол шамада Лабанның ұлдарының: «Жақып әкеміздің жиған-тергенін иемденіп алды. Ол өз байлығын әкеміздің мал-мүлкі арқылы жасады», — деп наразыланып жүргені Жақыптың құлағына шалынды.
Gene Kaz 31:2  Ол, сондай-ақ, Лабанның өзіне бұрынғыдай қарамайтынын да байқады.
Gene Kaz 31:3  Осы кезде Жаратқан Ие Жақыпқа тіл қатып: «Ата-бабаңның еліне, өз жақындарыңа қайт! Мен саған жар боламын», — деп бұйырды.
Gene Kaz 31:4  Жақып Рахила мен Лияны мал жайып жүрген далаға шақыртып алып,
Gene Kaz 31:5  оларға былай деді:— Мен әкелеріңнің маған бұрынғыдай қарамайтынын байқап жүрмін. Бірақ әкемнің сиынатын Құдайы маған жар болып келеді.
Gene Kaz 31:6  Менің бар күшіммен әкелеріңе қызмет еткенімді жақсы білесіңдер.
Gene Kaz 31:7  Бірақ сол кісіден көңілім қалды, ол алатын ақымды он рет өзгертті. Алайда Құдай оның маған зиян келтіруіне жол бермеді.
Gene Kaz 31:8  Әкелерің: «Теңбіл мал сенікі болсын», — деп еді. Сол-ақ екен, отардағы бүкіл малдар теңбіл қозыларды туды. Ол: «Шұбар малдар сенікі болсын», — деп еді, отардағы бүкіл малдар шұбар қозыларды туды.
Gene Kaz 31:9  Осылайша Құдай әкелеріңнің малын одан алып, маған берді.
Gene Kaz 31:10  Малдардың шағылысар уақыты келгенде түс көрдім. Түсімде ешкілермен шағылысып жүрген текелер теңбіл, ала немесе шұбар екен.
Gene Kaz 31:11  Құдайдың періштесі аян етіп: «Жақып!» — деді. Мен: «Тыңдап тұрмын», — деп жауап бердім.
Gene Kaz 31:12  Ол маған Құдайдың хабарын жеткізіп: «Басыңды көтеріп, қара! Ешкілермен шағылысып жүрген текелердің барлығы шұбар, теңбіл, ала. Өйткені Лабанның саған не істегенінің бәрін көріп жүрмін.
Gene Kaz 31:13  Мен саған Бетелде көрінген Құдаймын. Сол жерде сен үстіне май құйып Маған бағыштап ескерткіш тас тұрғызып, Өзіме мойынсұнуға уәде берген едің. Енді тұрып, сапарға дайындал. Бұл жерді тастап, туған еліңе қайт!» — деді.
Gene Kaz 31:14  Сонда Рахила мен Лия Жақыпқа:— Әкеміздің үйінде біздің ешқандай үлесіміз қалған жоқ қой.
Gene Kaz 31:15  Ол бізге бөтен адамдарға қарағандай қарады емес пе? Бізді сатып жіберіп, сол ақшаны түгелдей өзіне жаратты.
Gene Kaz 31:16  Шындығында әкеміздің Құдай алып қойған байлығы біздікі, балаларымыздың үлесі. Енді Құдай не айтса, соны істей көріңіз, — деп жауап берді.
Gene Kaz 31:17  Содан Жақып жолға жиналып, балалары мен әйелдерін түйелерге отырғызды да,
Gene Kaz 31:18  өзі солтүстік Месопотамияда тұрғанда тапқан барлық мал-мүлкін алып, әкесі Ысқақ тұрған Қанахан жеріне қарай жолға шықты.
Gene Kaz 31:19  Ал Лабан қойларын қырқып жүрген кезінде Рахила әкесінің үйіндегі мүсінделген шағын тәңір бейнелерін ұрлап алған еді.
Gene Kaz 31:20  Мұның үстіне Жақып өзінің көшіп кететінін айтпай, қайын атасы арамалық Лабанды алдап кетті.
Gene Kaz 31:21  Өзіне тиістінің бәрін ала сала қашқан ол Евфрат өзенінен өтіп, Ғилақад тауларына қарай бет алды.
Gene Kaz 31:22  Үш күн өткен соң Лабан Жақыптың қашып кеткені туралы естіді.
Gene Kaz 31:23  Ол туыстарын ертіп алып, жеті күн бойы суыт жүріп, Жақыпты Ғилақад тауларында қуып жетті.
Gene Kaz 31:24  Бірақ түнде Құдай Лабанға түсінде аян беріп: «Сен Жақыпқа не жақсы, не жаман сөз айтудан сақ бол!» — деп бұйырған болатын.
Gene Kaz 31:25  Лабан Жақыпты қуып жеткен кезде ол Ғилақад тауларында шатырларын тігіп қойған еді. Лабан да туыстарымен сол жерге шатырларын тікті.
Gene Kaz 31:26  Лабан Жақыпқа былай деп тіл қатты:— Бұл не қылғаның? Мені алдап, қыздарымды соғыста қолға түскен тұтқын сияқты алып кетіпсің!
Gene Kaz 31:27  Неге мені алдап, түк айтпастан жасырын түрде қашып кеттің? Мен сені қуана-қуана ән-күймен думандатып шығарып салатын едім ғой.
Gene Kaz 31:28  Бірақ сен маған өз немерелерім мен қыздарымның беттерінен сүйгізбей алып кетіп, нағыз ақымақтық жасадың!
Gene Kaz 31:29  Енді менің сендерге жамандық істеуге де күшім жетуші еді. Бірақ соңғы түні әкеңнің Құдайы маған: «Сен Жақыпқа не жақсы, не жаман сөз айтудан сақ бол!» — деп аян берді.
Gene Kaz 31:30  Жарайды, сен әкеңнің үйін сағынған соң кетіп бара жатырсың. Алайда неліктен менің тәңірлерімді ұрлап алып кеттің? —
Gene Kaz 31:31  Жақып оған:— Мен қыздарыңызды тартып әкетерсіз деп қорыққан едім.
Gene Kaz 31:32  Ал тәңір мүсіндеріңізді кімнен тапсаңыз, сол адам тірі қалмасын. Туыстардың алдында тінту жүргізіңіз, бізден сізге қарасты бір нәрсе тауып ала қояр ма екенсіз. Егер бір нәрсе тапсаңыз, алыңыз, — деді. Рахиланың мүсінделген тәңірлерді ұрлап алғанын Жақып білмейтін.
Gene Kaz 31:33  Сонда Лабан Жақыптың, Лияның және екі күңнің шатырларына кіріп, түк таппай, соңында Рахиланың шатырына кірді.
Gene Kaz 31:34  Рахила болса, сол шағын тәңір мүсіндерін алып, түйесінің қомының астына тығып, өзі қомның үстіне отырып алған еді. Сондықтан Лабан бүкіл шатырдың ішін ақтарса да, түк таппады.
Gene Kaz 31:35  Рахила әкесіне сылтауратып: «Мырзам, ашулана көрмеңіз, мен алдыңызда тұра алмай отырмын. Қазір менің әйелдерге тән ауыратын кезеңім», — деді. Содан Лабан қанша іздегенімен, мүсіндерін таба алмады.
Gene Kaz 31:36  Сонда Жақып ашуланып, Лабанмен айтысып былай деді:— Осылай қуып келетіндей, мен не бүлдіріппін, қандай күнәм бар?
Gene Kaz 31:37  Сіз менің бүкіл үй ішімді тінтіп шықтыңыз, сонда өзімдікі деген бір зат таптыңыз ба? Сондай зат тапсаңыз, оны өзіңіздің де, менің де туыстарымыздың алдында көрсетіңізші! Екеуімізге төрелігін солар айтсын.
Gene Kaz 31:38  Мен қасыңызда жиырма жыл бойы болдым. Сіздің қой-ешкілеріңіз ешқашан қозы не лақ тастаған емес. Мен ешқашан бір тоқтыңызды да сойып жеп көрген емеспін.
Gene Kaz 31:39  Сізге ешқашан жыртқыш аңдар талап тастаған қойларды әкелген емеспін. Қайта, олардың орнын өзім толтыруға тиісті болдым. Малдар мейлі күндіз, мейлі түнде ұрлансын, сіз оларды маған төлеттірдіңіз.
Gene Kaz 31:40  Күндіз ыстықта, түнде суықта жүріп, ұйқы көрмедім.
Gene Kaz 31:41  Осылайша үйіңізде жиырма жыл жүрдім, он төрт жыл бойы қыздарыңыз үшін, алты жыл малдарыңыз үшін қызмет істедім. Ал өзіңіз менің жалақымды он рет өзгерттіңіз.
Gene Kaz 31:42  Егер атамның Құдайы, яғни Ыбырайым сиынатын Құдай — «Ысқақтың үрейлі Қорғаушысы» маған жар болмағанда, сіз мені құр қол қоя берер едіңіз. Бірақ Құдай мүшкіл халіме, ауыр еңбегіме назар аударып, өткен түнде менің пайдама үкім кесті. —
Gene Kaz 31:43  Ал Лабанның жауабы мынау болды:— Әйелдер менің қыздарым, балалар да менікі, малдар да менің малым. Сен көріп тұрғанның бәрі менікі! Алайда мына қыздарым мен олардың туған балалары үшін енді не істей аламын?
Gene Kaz 31:44  Кел, сен екеуіміз арамызда айғақ ретінде жүретін келісім жасайық.
Gene Kaz 31:45  Сонда Жақып бір үлкен тасты алып, ескерткіш ретінде орнатып,
Gene Kaz 31:46  туыстарына: «Біраз тас жинаңдар!» — деді. Олар тастарды жинап, төбе етіп үйіп, соның басында отырып, тамақ ішті.
Gene Kaz 31:47  Лабан бұл төбені Егар-Сахадута деп атап, ал Жақып оған Ғилақад деген ат берді.
Gene Kaz 31:48  Лабан: «Бұл тас төбе бүгін екеуіміздің арамыздағы айғақ», — деді. Сондықтан ол Ғилақад («Айғақ төбесі») деп аталды.
Gene Kaz 31:49  Ол төбенің Миспа («Қарауыл мұнарасы») деген аты да бар. Өйткені Лабан: «Біз бір-бірімізден көз жазып қалғанымызда, Жаратқан Ие үстімізден қарауыл болып тұрсын.
Gene Kaz 31:50  Егер сен қыздарыма нашар қарап, олардың үстінен басқа әйелдер алсаң, екеуіміздің арамызда ешқандай төреші тұрмаса да, айғақ ретінде Құдайдың тұратыны есіңде болсын, — деген еді.
Gene Kaz 31:51  Лабан Жақыпқа тағы былай деді: — Міне, төбе, міне, екеуіміздің арамызда мен орнатқан тас ескерткіш.
Gene Kaz 31:52  Арам оймен осы төбе мен ескерткіштен әрі өтіп не мен саған қарай бармаймын, не сен маған қарай келме! Соның куәсі ретінде мына тас төбе де, тас ескерткіш те тұратын болсын.
Gene Kaz 31:53  Ыбырайым мен Нахор және олардың әкелері мойынсұнған Құдай екеуіміздің арамызда төрелік етсін».Сонда Жақып әкесі Ысқақ «Үрейлі Қорғаушым» деп сиынған Құдайдың атын атап, ант берді.
Gene Kaz 31:54  Содан кейін тау басында құрбандыққа қой шалып, туыстарын асқа шақырды. Олар тамақ ішіп, сол тауда түнеп шықты.
Gene Kaz 31:55  Таңертең ерте Лабан орнынан тұрып, немерелері мен қыздарының беттерінен сүйіп, оларға батасын берді. Осылай ол өз мекеніне қайтып кетті.