Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
GENESIS
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 8
Gene Kaz 8:1  Құдай Нұхты және онымен бірге кемедегі барлық аңдар мен малдарға мейірімділік көрсетіп, жер бетінде жел тұрғызды. Осылай су тартыла бастады.
Gene Kaz 8:2  Тұңғиықтағы қайнар көздер бітеліп, «аспан қақпалары жабылып», жаңбыр басылды.
Gene Kaz 8:3  Жер жүзіндегі судың беті қайтып, жүз елу күн бойы су біртіндеп тартыла берді.
Gene Kaz 8:4  Содан жетінші айдың он жетінші күні болғанда, кеме Арарат тауларының үстіне тоқтады.
Gene Kaz 8:5  Су оныншы айға дейін үздіксіз азайып, оныншы айдың бірінші күні тау шыңдары көріне бастады.
Gene Kaz 8:6  Қырық күн өткенде Нұх кемедегі өзі жасаған терезені ашып,
Gene Kaz 8:7  бір қара қарғаны сыртқа ұшырып жіберді. Қарға жер бетіндегі су кепкенше келіп-кетіп ұшып жүрді.
Gene Kaz 8:8  Содан кейін Нұх жер бетіндегі судың азайғанын тексеру үшін бір көгершінді сыртқа ұшырып жіберді.
Gene Kaz 8:9  Бірақ көгершін қонақтауға орын таппай, кемеге қайта оралды, себебі жер бетін әлі де су басып тұрған еді. Нұх қолын сыртқа созып, көгершінді қайтадан кемеге кіргізіп алды.
Gene Kaz 8:10  Ол жеті күн күте тұрып, тағы да сол көгершінді кемеден ұшырып жіберді.
Gene Kaz 8:11  Көгершін кешке қарай оған қайтып оралғанда, жаңа көктеген зәйтүн ағашының бір жапырағын тұмсығына қыстырып ала келді! Осылайша Нұх жер бетіндегі судың қайтқанын білді.
Gene Kaz 8:12  Дегенмен ол тағы жеті күн күтті, содан кейін қайтадан бір көгершінді сыртқа ұшырып жіберді. Бұл жолы көгершін қайта оралмады.
Gene Kaz 8:13  Нұхтың алты жүз бір жасқа толған жылының бірінші айының бірінші күні жер бетіндегі су тартылған еді. Нұх кеменің шатырын ашып қарағанда, жер кеуіп қалыпты!
Gene Kaz 8:14  Екінші айдың жиырма жетінші күні жер беті мүлдем құрғақ болды.
Gene Kaz 8:15  Сол кезде Құдай Нұхқа былай деді:
Gene Kaz 8:16  «Әйелің екеуің кемеден шығыңдар, ұлдарың мен келіндерің де шықсын.
Gene Kaz 8:17  Кемеде болған түрлі құстарды, малдарды және жер бетінде жорғалап жүргендерді сыртқа алып шық, олар жер бетін жайлап, өсіп-өніп көбейсін».
Gene Kaz 8:18  Сонда Нұх ұлдары, әйелі және келіндерімен бірге кемеден шықты.
Gene Kaz 8:19  Барлық аңдар мен малдар, құстар мен жер бетінде жорғалаушылар түр-түрімен, үйірімен түгел кемеден сыртқа шықты.
Gene Kaz 8:20  Нұх Жаратқан Иеге арнап құрбандық ұсынатын орын жасады. Содан кейін ол малдың және құстың барлық адал түрлерінен біразын алып, оларды құрбандыққа шалып, өртеп жіберді.
Gene Kaz 8:21  Құрбандықтардың жағымды иісі Жаратқан Иеге жеткенде, Ол іштей былай деді: «Адамның жүрегіндегі ой-ниеті бала кезден-ақ зұлымдыққа бейім болса да, Мен бұдан былай еш уақытта жерді адамдарға бола қарғамаймын. Енді ешқашан да Өзім жасағандай барлық тіршілік атаулыны құртып жібермейтін боламын.
Gene Kaz 8:22  Бұдан былай, жер жер болып тұрған уақытта, тұқым себу мен егін ору, аяз бен ыстық, жаз бен қыс, күн мен түн үздіксіз бола бермек».