Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
GENESIS
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 30
Gene Kaz 30:1  Рахила өзі Жақыпқа бала туып бермегендіктен әпкесіне қызғана қарап, күйеуіне:— Маған бала берші, әйтпесе өлемін! — деді.
Gene Kaz 30:2  Жақып оған:— Саған бала тууды бұйыртпаған Құдай мен емеспін ғой! — деп қатты ашуланды.
Gene Kaz 30:3  Ал Рахила:— Мынау күңім Балха, сонымен жақындас. Ол мен үшін бала туып берсін, соның арқасында мен де балалы болайын, — деп,
Gene Kaz 30:4  Балханы Жақыпқа қосты. Онымен бірге болған соң,
Gene Kaz 30:5  күңнің аяғы ауырлап, ұл туды.
Gene Kaz 30:6  Сонда Рахила: «Құдай құқығымды қорғап, төрелік етті. Ол өтінішіме құлақ асып, маған ұл сыйлады», — деді де, баланы Дан («Төреші») деп атады.
Gene Kaz 30:7  Бұдан кейін Рахиланың күңі Жақыпқа тағы бір ұлды туып берді.
Gene Kaz 30:8  Сонда Рахила: «Мен әпкеммен жүргізген зор тартысымда оны жеңіп шығудамын», — деп, оған Нафталим («Тартысым») деген есім берді.
Gene Kaz 30:9  Лия өзінің тумай қалғанын көрген соң, күңі Зилпаны Жақыпқа қосты.
Gene Kaz 30:10  Зилпа да Жақыпқа ұл туып берді.
Gene Kaz 30:11  Сонда Лия: «Бұл не деген бақыт!» — деді де, оны Ғад («Бақыт») деп атады.
Gene Kaz 30:12  Кейін Лияның күңі Зилпа Жақыпқа екінші ұлын туды.
Gene Kaz 30:13  Сонда Лия: «Мен қандай қуанышқа кенелдім! Барлық әйелдер мені қуанышты деп атайтын болады», — деп, балаға Ашир («Қуанышты») деген ат қойды.
Gene Kaz 30:14  Рубен егін орағы кезінде даладан махаббат алмасы деген жемістер тауып алып, шешесі Лияға алып келді. Сонда Рахила Лиядан:— Ұлыңның махаббат алмасынан берші, — деп сұрады. Ал Лия:
Gene Kaz 30:15  — Сен күйеуімді тартып алғаның аз болғандай, енді баламның махаббат алмаларын да алғың келе ме? — деп бермей қойды. Ал Рахила:— Егер маған ұлыңның әкелген жемістерін берсең, онда Жақып бүгін түнде сенімен болсын, — деді.
Gene Kaz 30:16  Жақып кешке даладан келгенде, Лия оның алдынан шығып: «Бүгін түнде менімен бірге болсаңыз екен. Соны ұлымның әкелген махаббат алмаларына сатып алдым», — деді. Содан ол түнді Лиямен өткізді.
Gene Kaz 30:17  Құдай Лияның тілегін қабылдап, ол екіқабат болып, Жақыпқа бесінші ұлды туды.
Gene Kaz 30:18  Сонда Лия: «Мен күңімді күйеуіме бергенім үшін Құдай маған есесін қайтарып, осы баламды сыйлады», — деп, ұлын Исашар (яғни «Есе») деп атады.
Gene Kaz 30:19  Кейінірек Лия тағы да бала көтеріп, Жақыпқа алтыншы ұлын туып берді.
Gene Kaz 30:20  Сонда ол: «Құдай маған құнды сыйлық тартты. Енді күйеуім мені сыйлап, бірге қалатын болады, өйткені оған алты ұл тауып бердім», — деп, оның есімін Забулон («Сый») деп қойды.
Gene Kaz 30:21  Мұнан соң Лия бір қыз туып, оны Дина («Төрелік») деп атады.
Gene Kaz 30:22  Ақырында Құдай Рахиланы мейірімділікпен есіне түсіріп, тілегіне құлақ асып, оған да ана болу бақытын сыйлады.
Gene Kaz 30:23  Рахила ұл туып: «Құдай мені масқаралықтан құтқарды», — деді.
Gene Kaz 30:24  Баласына Жүсіп («Қоса берсін») деген ат қойып: «Жаратқан Ие маған тағы бір ұлды қоса берсін!» — деді.
Gene Kaz 30:25  Рахиладан Жүсіп дүниеге келгеннен кейін Жақып Лабанға тіл қатып:— Маған өз жеріме, туған еліме қайта оралуыма рұқсат етіңіз.
Gene Kaz 30:26  Мен жолға шығайын, әйелдерім мен балаларымды беріңіз, солар үшін қызмет еттім ғой. Сізге қаншалықты қызмет жасағанымды өзіңіз білесіз, — деді.
Gene Kaz 30:27  Лабан:— Сенің маған істеген жақсылығың сол болсын, осында қал. Жаратқан Иенің мені саған бола жарылқап жүргенін байқап жүрмін.
Gene Kaz 30:28  Алуға тиісті ақыңды өзің белгілеші, мен оны төлемекпін, — деп жауап қатты.
Gene Kaz 30:29  Жақып оған:— Сізге қаншалықты қызмет еткенімді, менің арқамда малыңыздың қаншама өскенін өзіңіз білесіз.
Gene Kaz 30:30  Мен келгенде сізде болған азғана дүние әлдеқайда көбейді. Жаратқан Ие сізді менің қолым тиген әрбір жұмыста жарылқап отырды. Ал енді, қашан мен өз үйім үшін бірдеме істей аламын, соны айтыңызшы? — деп наразылық танытты.
Gene Kaz 30:31  Лабан:— Мен саған не беруім керек? — деп сұрады. Жақып:— Маған түк бермей-ақ қойыңыз. Мына ұсынысымды қабылдасаңыз, ұсақ малдарыңызды әрі қарай баға берейін.
Gene Kaz 30:32  Бүгін барлық отарларыңызды аралап шығайық. Сонда әрбір теңбіл, ала қойды, қара қозыны және теңбіл, ала ешкіні маған айырып беріңіз, олар еңбек ақым болсын.
Gene Kaz 30:33  Келешекте сізге адалдығымды былайша дәлелдемекпін: сіз ақымды көру үшін келген кезде менің отарымдағы әрбір теңбіл, ала емес ешкі, қара емес қой ұрланған болып табылсын, — деген ұсыныс жасады.
Gene Kaz 30:34  Лабан:— Жарайды, айтқаның болсын, — деп келісті.
Gene Kaz 30:35  Алайда сол күні Лабан (айлакерлік жасап) ұрғашысы бар, еркегі бар барлық ала, тарғыл ешкілер мен қара қозыларды өзіне айырып алып, ұлдарының қарамағына жіберді де,
Gene Kaz 30:36  Жақыптың қасынан үш күндік жерге қоныс аударды. Ал өзінің қалған ұсақ малдарын Жақыпқа бақтырып қойды.
Gene Kaz 30:37  Сонда Жақып теректің, бадам ағашының, шынардың жас шыбықтарын алып, ақ жолақтары айқын көрінетіндей етіп қабықтарын аршыды.
Gene Kaz 30:38  Шыбықтарды мал су ішкенде көз алдарында жату үшін науалардың ішіне салып қойды. Қойлар ала шыбықтар жатқан науаның қасына келіп,
Gene Kaz 30:39  бір-бірімен шағылысқанда, олардан тарғыл, қара ала қозылар туды.
Gene Kaz 30:40  Жақып тарғыл, қара ала қошақандарды айырып алып, өзі бағып жүрген отардың алдыңғы жағына қарай айдап отырды. Осылай ол өзіне жеке отар дайындап алып, қойларын Лабанның малына жуытпай бақты.
Gene Kaz 30:41  Күйлі малдар шағылысар кезде Жақып қойлар ала шыбықтарға қарап шағылыссын деп соларды науалардың ішіне салып қойып жүрді.
Gene Kaz 30:42  Бірақ нашар малдар шағылысқанда шыбықтарды науаға салмайтын. Осылайша Лабанның үлесіне нашар қойлар тисе, Жақып күйлі малға ие болды.
Gene Kaz 30:43  Осы айламен Жақып әбден байып, отар-отар ұсақ малдар, түйелер және есектерге әрі құл-қызметшілерге ие болды.