Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
GENESIS
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 39
Gene Kaz 39:1  Ал Жүсіп болса, ысмағұлдық саудагерлер оны Мысырға апарған еді. Сол жерде Потифар есімді мысырлық уәзір Жүсіпті олардан сатып алды. Потифар перғауынның бас қорғаушысы болатын.
Gene Kaz 39:2  Жаратқан Ие жар болғандықтан, Жүсіптің қай нәрседен де жолы бола кететін. Осылай ол мысырлық қожайынының сарайында тұрып қалды.
Gene Kaz 39:3  Қожайыны Жаратқан Иенің Жүсіпке жар болып, оның қолы тиген заттың бәрінің орайын келтіріп отырғанына көз жеткізіп,
Gene Kaz 39:4  оған мейірімін түсірді. Уәзір Жүсіпті жеке қызметшісі қылып, сарайын басқартып, өзіндегі барлық дүние-мүлікті де оның жауапкершілігіне тапсырды.
Gene Kaz 39:5  Қожайыны Жүсіпке сарайын, барлық дүние-мүлкін сеніп тапсырғаннан бері Жаратқан Ие оның өзін де, үйіндегі және даладағы барлық иелігін де Жүсіпке бола жарылқап, батасын қондырды.
Gene Kaz 39:6  Сол себептен Потифар өзіндегінің бәрін де Жүсіпке сеніп тапсырып, тек күнделікті жейтін тамағының ғана қамын ойлады.Ал Жүсіп дене бітімі келісті, келбетті жігіт еді.
Gene Kaz 39:7  Күндердің күнінде қожайынының әйелінің көзі Жүсіпке түсіп:— Жүр, бірге болайық, — деп еліктіреді.
Gene Kaz 39:8  Бірақ Жүсіп одан бас тартып:— Қараңыз, қожайыным өз сарайындағы барлық істі менің міндетіме артып, еш нәрсемен айналыспайды.
Gene Kaz 39:9  Бұл үйде ешкім менен артық күшті емес. Қожайыным өзіңізден басқа ештеңені де билігімнен айырған жоқ. Ал сіз оның жұбайысыз ғой! Сонда мен қалайша сондай ауыр қылмыс жасап, Құдайдың көз алдында күнәға батпақпын?! — дейді.
Gene Kaz 39:10  Әйел күн сайын қайта-қайта мазалап, сөз салса да, Жүсіп ешқашан айтқанына көніп, не жақындасқан, не бірге болған емес.
Gene Kaz 39:11  Алайда бір күні Жүсіп жұмысын атқарып жүріп, үйге кірсе, басқа ешбір ер адам жоқ екен.
Gene Kaz 39:12  Сонда әлгі әйел оның шапанының етегінен ұстай алып: «Жүр, бірге болайық», — деп бұйырады. Бірақ Жүсіп шапанын тастай сала, сыртқа қаша жөнеледі.
Gene Kaz 39:13  Жүсіптің шапанын тастай, үйден тұра қашқанын көргенде,
Gene Kaz 39:14  қожайынының әйелі үй қызметшілерін шақырып: «Қараңдаршы, мына көшпендіні бізді мазақтасын деп алып келіпті! Ол үйге кіріп, мені зорламақшы болды! Бірақ мен қатты айқайладым.
Gene Kaz 39:15  Ол айқайымды естісімен шапанын қасыма тастай сала, қаша жөнелді», — деп байбалам салады.
Gene Kaz 39:16  Күйеуі үйге келгенше, әйел шапанды қасына қояды.
Gene Kaz 39:17  Күйеуіне де сол әңгімені айтып беріп: «Сенің бізге алып келген көшпенді құлың мені мазақ етпекші болды!
Gene Kaz 39:18  Бірақ мен шу көтеріп, айқайлағанда шапанын қасыма тастай сала, тұра қашты», — дейді.
Gene Kaz 39:19  Қожайыны әйелінің «Сенің құлың маған осыны істеді» деген сөзін естігенде, қатты ашуланды.
Gene Kaz 39:20  Ол Жүсіпті ұстап алып, патшаның тұтқындары қамалған түрмеге жапқызып тастайды.
Gene Kaz 39:21  Алайда Жаратқан Ие Жүсіпке жар болып, оған шапағатын төгіп, түрме бастығының мейіріміне кезіктірді.
Gene Kaz 39:22  Осылай түрме бастығы онда отырған барлық тұтқындарды Жүсіптің қарамағына тапсырып, бүкіл жұмыс оның басқаруымен атқарылатын болды.
Gene Kaz 39:23  Жүсіпке тапсырған істің ешқайсысына да бастық көңіл бөлмеді. Себебі Жаратқан Ие Жүсіпке жар болып, оның істеген әрбір ісін оңынан келтіріп отырды.