Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
GENESIS
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 22
Gene Kaz 22:1  Осы оқиғалардан соң Құдай Ыбырайымды сынамақ болып, оны:— Ыбырайым! — деп шақырды. Ол:— Тыңдап тұрмын, — деп жауап берді.
Gene Kaz 22:2  Сонда Құдай оған:— Сен өзіңнің жақсы көретін жалғыз ұлың Ысқақты ертіп алып, Мория жеріне бар. Оны сол жерде Мен саған көрсететін тауға апарып, құрбандыққа шалып, өртеп жібер! — деп бұйырды.
Gene Kaz 22:3  Ыбырайым таңертең ерте тұрып, есегін ерттеп, жастау екі қызметшісін және ұлы Ысқақты өзімен бірге ертіп алды. Ол құрбандық отына жеткілікті етіп отындық ағаш жарып алып, Құдай өзіне айтқан жерге қарай жолға шықты.
Gene Kaz 22:4  Үшінші күн дегенде, Ыбырайым айналасына көз жүгіртіп, сол жерді алыстан көрді.
Gene Kaz 22:5  Сонда ол қызметшілеріне: «Сендер есекпен осы жерде қалыңдар. Балам екеуіміз сол жерге өрлеп барып, Құдайға ғибадат етеміз, содан кейін сендерге қайтып келеміз», — деді.
Gene Kaz 22:6  Ыбырайым құрбандық отына арналған ағашты баласы Ысқаққа арқалатып, өзі шоқ салынған ыдыс пен пышақты қолына ұстап, екеуі бірге әрі қарай жүріп кетті.
Gene Kaz 22:7  Сонда Ысқақ әкесіне:— Әке! — деп тіл қатты. Ыбырайым:— Иә, ұлым, не айтайын деп едің, — деді. Ысқақ:— Бізде шоқ пен отын бар, ал құрбандыққа шалынып, өртелетін қой қайда? — деп сұрады.
Gene Kaz 22:8  Ыбырайым:— Ұлым, Құдай құрбандыққа шалынып, өртелуге кажетті қойды Өзі береді, — деді. Осылай екеуі бірге әрі қарай жүре берді.
Gene Kaz 22:9  Олар Құдай белгілеп берген жерге келгенде, Ыбырайым құрбандық өртейтін орын жасап, оның үстіне отындық ағаштарды қаластырды. Мұнан соң Ысқақты байлап, осы ағаштардың үстіне жатқызды.
Gene Kaz 22:10  Содан кейін Ыбырайым пышағын қолына алып, ұлын бауыздамақ болды.
Gene Kaz 22:11  Ал сол сәтте Жаратқан Иенің періштесі оған көктен дауыстап:— Ыбырайым! Ыбырайым! — деп тіл қатты. Ол:— Тыңдап тұрмын, — деп жауап берді.
Gene Kaz 22:12  Періште:— Балаңа қол көтерме, оған тиіспе! (Құдай былай дейді:) енді сенің Өзімді терең қастерлейтініңе көзім жетті. Себебі Менен өзіңнің жалғыз ұлыңды да аямадың, — деді.
Gene Kaz 22:13  Ыбырайым төңірегіне көз тастағанда, қалың бұтаның ішінде мүйізінен шырмалып қалған қошқарды көрді. Ол барып, қошқарды әкелді де, оны ұлының орнына құрбандыққа шалып, өртеп жіберді.
Gene Kaz 22:14  Осы жерге Ыбырайым «Жаратқан Ие қажетіңді береді» деген ат қойды. Сондықтан да күні бүгінге дейін жұрт: «Жаратқан Ие қажетіңді өз тауында береді», — дейді.
Gene Kaz 22:15  Жаратқан Иенің періштесі Ыбырайымға екінші рет көктен дауыстап былай деді:
Gene Kaz 22:16  «Жаратқан Ие мынаны айтады: сен осылайша істеп, жалғыз ұлыңды Менен аямағаның үшін өз атыммен ант етемін:
Gene Kaz 22:17  саған ақ батамды шүбәсіз үйіп-төгіп бере отырып, аспандағы жұлдыздар мен теңіз жағалауындағы құм қиыршықтары қаншалықты көп болса, Мен сенің ұрпақтарыңды да соншалықты сансыз етіп көбейтемін. Олар жауларын жеңіп, қалаларын басып алатын болады.
Gene Kaz 22:18  Сенің ұрпағың арқылы жер бетіндегі барлық ұлттарға ақ батам қонатын болады. Себебі сен Менің тілімді алып жүрдің».
Gene Kaz 22:19  Бұдан кейін Ыбырайым қызметшілерінің қасына қайта оралып, бәрі Бер-Шебаға қарай жол тартты. Содан Ыбырайым сол маңайда қоныстанып тұрып қалды.
Gene Kaz 22:20  Осы оқиғалардан соң Ыбырайымға: «Ініңіз Нахордың әйелі Мылқа да бірнеше ұлдың анасы болды» деген хабар келіп жетті.
Gene Kaz 22:21  Атап айтқанда, ол тұңғышы Ұзды, оның інісі Бузды, Араманың әкесі Кемуелді
Gene Kaz 22:22  және Кесетті, Хазоны, Пилдашты, Идлафты, Бетуелді дүниеге келтірді.
Gene Kaz 22:23  Осы Бетуелдің қызы Рабиға болды. Сол сегіз ұлды Мылқа Ыбырайымның інісі Нахорға туып берді.
Gene Kaz 22:24  Ал Нахордың Рехума есімді кәнизагы Тебах, Ғахам, Тахаш, Маха атты төрт ұл тапты.