Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
GENESIS
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 4
Gene Kaz 4:1  Адам әйелі Хауамен жақындасқан соң, әйелі жүкті болып, Қабылды туды. Сонда Хауа: «Жаратқан Иенің жарылқауымен бір ұл балаға ие болдым», — деді.
Gene Kaz 4:2  Хауа қайтадан жүкті болып, Қабылдың інісі Әбілді туды.Әбіл мал бағушы, ал Қабыл жерді өңдейтін егінші болды.
Gene Kaz 4:3  Біраз уақыт өткеннен кейін Қабыл Жаратқан Иеге арнап жерден жинап алған өнімінен тарту ұсынды.
Gene Kaz 4:4  Ал Әбіл малының алғашқы төлдерінен әкеліп, құрбандыққа шалып, олардың майлы бөліктерін де тарту етті. Жаратқан Ие Әбілге және оның құрбандығына ризашылықпен қарады,
Gene Kaz 4:5  бірақ Қабылға және оның ұсынған тартуына риза болмады. Бұған Қабыл қатты ашуланып, қабағын түйіп безеріп алды.
Gene Kaz 4:6  Сонда Жаратқан Ие Қабылға:— Сен неге ашуланасың? Неліктен қабағыңды түйіп безересің?
Gene Kaz 4:7  Егер істегенің дұрыс болса, онда сені қабылдар едім. Ал істегенің дұрыс болмаса, онда босағаңды күнәнің жағалағаны: күнә сені иемденуге құштар, бірақ сен оған жол бермеуің керек, — деп сөзін арнады.
Gene Kaz 4:8  Алайда Қабыл інісі Әбілге: «Далаға барайық», — деді. Олар далаға шыққан соң, Қабыл інісін бас салып, ұрып өлтірді.
Gene Kaz 4:9  Кейін Жаратқан Ие Қабылдан:— Інің Әбіл қайда? — деп сұрады. Ол:— Білмеймін, мен інімнің күзетшісі ме едім? — деп жауап қайырды.
Gene Kaz 4:10  Жаратқан Ие:— Сен не істедің? Ініңнің төгілген қаны Маған жерден үн қатып, кегін алуды сұрап тұр!
Gene Kaz 4:11  Сені қарғыс атқан! Енді өз қолыңмен өлтірген ініңнің қаны сіңген жердің топырағынан аулақ жүресің.
Gene Kaz 4:12  Сен оны өңдегенде, түк өнім ала алмайсың. Сондықтан жер бетінде тұрағы жоқ кезбеге айналасың, — деді.
Gene Kaz 4:13  Қабыл Жаратқан Иеге жауап беріп:— Менің тартатын жазам көтере алмастай ауыр.
Gene Kaz 4:14  Бүгін мені егіндік жерден қуып отырсың, Сенің көзіңнен таса жүретін боламын. Жер бетінде тұрағы жоқ кезбеге айналамын. Кім кездессе, сол мені өлтіретін болады, — деді.
Gene Kaz 4:15  Бірақ Жаратқан Ие:— Жоқ, Қабылды кім өлтірсе, содан жеті есе кек алынады, — деді. Сондықтан Ол кездескендер өлтіріп қоймау үшін Қабылға таңба салып берді.
Gene Kaz 4:16  Ал Қабыл Жаратқан Иенің көз алдынан кетіп, Едемнің шығысында орналасқан Нод (яғни «Кезбелік») деген жерге қоныстанды.
Gene Kaz 4:17  Қабыл әйелімен жақындасып, ол жүкті болып, Енохты туды. Кейін Қабыл қала салып, оған ұлының атын қойды.
Gene Kaz 4:18  Ал Енохтан Ирад, Ирадтан Мехуел, Мехуелден Метушаил, Метушаилдан Ләмех дүниеге келді.
Gene Kaz 4:19  Ләмех екі әйел алды, біреуінің есімі Ада, екіншісінікі Зилла еді.
Gene Kaz 4:20  Ададан Ябал туды. Ябалдан шатырларда тұрып, мал баққандар тарады.
Gene Kaz 4:21  Оның інісінің аты Юбал еді. Ол ішекті аспаптар мен сыбызғыда ойнаушылардың түп атасы болды.
Gene Kaz 4:22  Зилланың да Тұбалқабыл есімді бір ұлы болатын. Ол мыс пен темірден әр түрлі құрал-жабдықтарды жасап шығарды. Тұбалқабылдың қарындасының аты Нағама еді.
Gene Kaz 4:23  Ләмех әйелдеріне тіл қатып: «Әй, Ада мен Зилла, Ләмехтің әйелдері, мені тыңдап, сөзіме құлақ түріңдер! Мені жаралағаны үшін бір еркекті, денемді көгерткені үшін бір жас жігітті өлтірдім.
Gene Kaz 4:24  Қабыл үшін жеті есе кек алынатын болса, Ләмех үшін жетпіс жеті есе кек алынатын болады», — деді.
Gene Kaz 4:25  Адам ата әйелімен тағы да жақындасқан соң, Хауа ұл туып, оның атын Сет (яғни «Сыйланған») деп қойды. Себебі ол: «Қабыл Әбілді өлтірген соң, Құдай маған оның орнына басқа бір ұрпақ сыйлады», — деді.
Gene Kaz 4:26  Сет те ұлды болып, атын Енос деп қойды.Сол кезден адамдар Жаратқан Иеге сиынып мінажат ете бастады.