Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
LEVITICUS
Prev Up Next
Chapter 18
Levi Kaz 18:1  Жаратқан Ие Мұсаға тағы да тіл қатып былай деді:
Levi Kaz 18:2  — Исраилдіктерге Менің мына сөздерімді жеткіз: Мен сендердің Құдайларың Жаратқан Иемін.
Levi Kaz 18:3  Сендер бұрын қоныстанған Мысырдың адамдарындай істемеңдер! Мен сендерді жетелеп бара жатқан Қанахан елінің адамдарындай да әрекет етпеңдер, әрі олардың (азғын) ережелеріне сәйкес ештеңе істемеңдер!
Levi Kaz 18:4  Сендер Менің шешімдерімді орындап, ережелерімді сақтауларың керек. Мен сендердің Құдайларың Жаратқан Иемін.
Levi Kaz 18:5  Сонымен Менің ережелерім мен шешімдерімді ұстаныңдар! Оларды бұлжытпай орындайтын адам солар арқылы өмір сүреді. Мен Жаратқан Иемін.
Levi Kaz 18:6  Ешкім өзінің қандас туысымен жақындасып абыройын ашпасын! Мен Жаратқан Иемін.
Levi Kaz 18:7  Әкең мен шешеңнің абыройын төгіп шешеңмен жақындаспа! Ол өз анаң ғой, оның абыройын ашпа!
Levi Kaz 18:8  Әкеңнің өзге әйелімен де жақындаспа! Бұл әкеңнің де абыройын ашқаның.
Levi Kaz 18:9  Өзіңнің бірге туған әпке-қарындасыңның немесе өзіңмен жартылай қандас не әкеңнің, не шешеңнің қызымен де жақындаспа! Ол сенімен бірге туып-өсті ме, жоқ па, бәрібір, оның абыройын төкпе!
Levi Kaz 18:10  Ұлыңның не қызыңның қызымен жақындаспа! Бұл өзіңнің де абыройыңды ашқаның.
Levi Kaz 18:11  Әкеңнің басқа әйелінен туған қызымен де жақындаспа! Ол сенің әпке-қарындасың ғой.
Levi Kaz 18:12  Әкеңнің әпке-қарындасымен де жақындаспа! Ол әкеңнің қандас туысы ғой.
Levi Kaz 18:13  Шешеңнің әпке-сіңлісімен жақындаспа! Ол шешеңнің қандас туысы ғой.
Levi Kaz 18:14  Әкеңнің аға-інісінің әйелімен жақындасып, немере аға-ініңнің абыройын төкпе! Сол әйел сенің туысқан жеңгең не келінің ғой.
Levi Kaz 18:15  Өз келініңмен де жақындаспа! Ол ұлыңның әйелі ғой, келініңнің абыройын ашпа!
Levi Kaz 18:16  Аға-ініңнің әйелімен жақындаспа! Бұл ағаңның не ініңнің абыройын ашқаның.
Levi Kaz 18:17  Бір әйелмен және оның қызымен немесе бір әйелмен және оның немере не жиен қызымен бірдей жақындаспа! Олар өзара қандас туыстар ғой. Бұл — жексұрын қылық.
Levi Kaz 18:18  Әйеліңнің туған әпке не сіңлісін алып, онымен әйеліңнің көзі тірісінде жақындаспа! Бұдан сол екеуі күндес болар еді.
Levi Kaz 18:19  Әйелдің айлық етеккірі келіп жүрген кезінде онымен жақындаспа!
Levi Kaz 18:20  Басқа біреудің әйелімен еш жақындасып, өзіңді арамдама!
Levi Kaz 18:21  Ұрпақтарыңды (жалған тәңір) Молохқа құрбан етіп Құдайыңды қорлама! Мен Жаратқан Иемін.
Levi Kaz 18:22  Еркекті әйелдей көріп онымен жақындаспа! Бұл — жексұрын қылық.
Levi Kaz 18:23  Жануармен жақындасып, өзіңді арамдама! Әйел де жақындасу мақсатымен өзін жануарға ұсынбасын. Бұл — нағыз азғындық.
Levi Kaz 18:24  Осындай қылықтармен өздеріңді еш арамдамаңдар! Мен алдарыңнан қуып шыққалы тұрған халықтар дәл осындай қылықтардың кесірінен өздерін арамдады.
Levi Kaz 18:25  Олардың жексұрын қылықтарынан елдің өзі де арамданып кетті. Мен оның айыбына назар аударып, сол себептен енді елдің өзі тұрғындарын құсып шығарып тастайды.
Levi Kaz 18:26  Ал сендер Менің ережелерім мен шешімдерімді орындауларың керек. Тумысынан исраилдік өздерің де, араларыңда тұрып жатқан жат жұрттықтар да осындай жексұрын қылықтарды жасамасын!
Levi Kaz 18:27  Себебі осындай жексұрындықтардың барлығын елде өздеріңнен бұрын тұрған халықтар істейтін еді, содан да жер арамданып кетті.
Levi Kaz 18:28  Егер енді сендер елді арамдайтын болсаңдар, онда ел сендерді де бұрынғы халықтар сияқты құсып шығарып тастайтын болады.
Levi Kaz 18:29  Ал егер біреу осы жексұрын қылықтардың кез келгенін істесе, сондай адам халық арасынан аластатылсын!
Levi Kaz 18:30  Сондықтан да Менің бұйрықтарымды сақтап орындаңдар! Өздерің елге келмей тұрып сонда тараған жексұрын салт-дәстүрлерді ұстанбаңдар! Соларды істеп өздеріңді арамдамаңдар! Мен сендердің Құдайларың — Жаратқан Иемін.