Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
JEREMIAH
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 12
Jere Kaz 12:1  — Уа, Жаратқан Ие, мен дауымды алдыңа салғанда, Сен әрқашан әділсің. Ал енді осы мәселелер жайлы Өзіңмен сөйлеспекпін: неліктен зұлымдардың өмірі табысты? Неліктен опасыздар алаңсыз жүріп өркендейді?
Jere Kaz 12:2  Сен көшет іспетті елге отырғызған олар тамыр жайып, өсіп-өнуде. Олар ауыздарымен атыңды атай береді, бірақ жан дүниелері Сенен тым алыс.
Jere Kaz 12:3  Ал Сен, уа, Жаратқан Ие, мені жақыннан танып білесің. Маған көз салып, ішкі дүниемді зерттейсің. Сол адамдарды сойылатын қой сияқты әкетіп, шалынатын мал іспетті бір жаққа қоя бер!
Jere Kaz 12:4  Бұл ел қашанға дейін мұңайып, даладағы шөп қашанға дейін солып қалмақ? Ел тұрғындарының жасаған зұлым істеріне бола (Сен жаңбыр жауғызбай) мал мен құс атаулы құрып кетті. Ал сол адамдар: «Істеріміздің соңын Жаратқан Ие көрмейді!» дейді.
Jere Kaz 12:5  — Сен жаяулармен жарысып, олар сені шаршатқан болса, аттармен қалай жарыспақсың?! Жазық жердің өзінде сүрінсең, Иордан бойындағы сыңсыған ну тоғайда сенімен не болмақ?!
Jere Kaz 12:6  Тіпті өз ағайындарың, әкеңнің әулеті саған сатқындық жасап, артыңнан қатты балағаттап жүр. Олар саған жылы сөз айтса да, сен оларға еш сенбе!
Jere Kaz 12:7  Мен киелі үйімді тастап, меншікті халқымды жалғыз қалдырамын. Жаныма сүйікті оны жауларының қолына бере саламын.
Jere Kaz 12:8  Меншікті халқым Өзіме ну тоғайдағы арыстандай болып, ақыра айбат көрсетуде. Мен оны осы қылығы үшін жек көріп кеттім! (— дейді Жаратқан Ие. —)
Jere Kaz 12:9  Таңдаулы халқым Мен үшін құзғындай жиренішті. Оған жан-жақтан өзге жыртқыш құстар бас салуда. Кәне, даланың жыртқыш аңдарын да жинап әкеліңдер! Олар меншікті халқымды жалмап қойсын.
Jere Kaz 12:10  Көптеген бақташылар (отарларын жайып жіберіп) Менің жүзімдігімді қиратып, егістігімді таптап тастады. Олар шұрайлы даламды қаңыраған құла түзге айналдырып жіберді.
Jere Kaz 12:11  Ол елсіз далаға айналып, бәрінен жұрдай қалған күйі Менің алдымда мұңайып жатыр. Бүкіл жер қаңыраған бос далаға айналды, өйткені оған көңіл бөлетін ешкім жоқ.
Jere Kaz 12:12  Иен даладағы барлық тақыр төбелердің үстімен құртушылар келе жатыр. Мен, Жаратқан Ие, жіберген семсер елдің бір шетінен екінші шетіне дейін бәрін де қырып-жояды, одан аман қалатын тірі жан болмайды.
Jere Kaz 12:13  Халқым бидай егіп, ошаған орады. Аянбай еңбек етіп, онысынан пайда көрмейді. Жаратқан Иенің қаһары оларға қарсы лаулағандықтан, алған өнімдерінен масқара болады.
Jere Kaz 12:14  Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: — Мен халқым Исраилге берген меншігімді олардан тартып алуға қолдарын созған зұлым көршілерге келсек, Мен оларды өз жерлерінен жұлып алып, Яһуданы да олардың араларынан жұлып алып шығамын.
Jere Kaz 12:15  Бірақ оларды жұлып алып тастаған соң Мен оларға мейірімімді түсіріп, әр халықты өз елі мен мұралық жеріне қайтарып алып келемін.
Jere Kaz 12:16  Олар бұрын халқымды Бағалдың атымен ант беріп, оған мойынсұнуға үйреткен еді. Егер олар бұдан былай «Мәңгі тірі Жаратқан Иенің атымен» деп ант беретін болып, халқымның ізгі өмір салтын үйренетін болса, онда олар Менің халқымның бір бөлігіне айналып, олардың арасында тамыр жаятын болады.
Jere Kaz 12:17  Бірақ егер сол халықтардың біреуі Мені тыңдаудан бас тартса, Мен оны түп-тамырымен жұлып, жоямын! — деп ескертеді Жаратқан Ие.