Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
JEREMIAH
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 32
Jere Kaz 32:1  Яһуда еліне Седекияхтың патшалық құрған оныншы жылы, яғни Бабылға Набуходоносордың патшалық құрған он сегізінші жылы, Жаратқан Ие Еремияға тағы да сөзін арнады.
Jere Kaz 32:2  Сол кезде Бабыл патшасының әскері Иерусалимді қоршап алып, шабуыл жасап жатты. Ал Еремия пайғамбардың өзі Яһуда патшасының сарайындағы қарауылдар ауласында тұтқында болатын.
Jere Kaz 32:3  Оны қамап қойған Яһуда патшасы Седекиях еді. Ол Еремияға:— Сен неге былай деп пайғамбарлық сөздер айтып жүрсің: «Жаратқан Ие мынаны айтады: Мен бұл қаланы Бабыл патшасының қолына тапсырамын, ол оны басып алады.
Jere Kaz 32:4  Яһуда патшасы халдейлердің қолынан қашып құтыла алмайды! Ол сөзсіз Бабыл патшасының қолына түсіп, оны өз көзімен көріп, бетпе-бет сөйлесетін болады.
Jere Kaz 32:5  Бабыл патшасы Седекияхты Бабылға алып кетеді. Мен оған қатысты еркімді орындағанша Седекиях сонда қала береді. Егер халдейлерге қарсы соғыссаңдар, бұларыңнан түк шықпайды!» Бұлай айтқаның қалай, Еремия? — деп наразылық білдірген болатын.
Jere Kaz 32:6  Еремия Седекияхқа былай деп жауап берген еді:— Жаратқан Ие маған сөзін арнап былай деді:
Jere Kaz 32:7  «Қазір саған ағаң Шаллумның ұлы Ханамил келіп, мынадай өтініш жасамақ: Сіз менің қамқоршы бола алатын ең жақын туысқанымсыз. Сондықтан менің Анатоттағы егістігімді сатып алып, әулетіміздің одан айырылып қалуын болдыра көрмеңіз».
Jere Kaz 32:8  Мұнан кейін дәл Жаратқан Ие маған білдіргендей менің немере інім Ханамил қарауылдар ауласына келіп, маған: «Бунямин жеріндегі Анатоттың маңындағы егістігімді сатып алыңыз. Оны қамқоршы ретінде сатып алып, иемденіп алуға құқығыңыз бар ғой!» — деді. Бұдан мен естіген хабарымның Жаратқан Иеден екенін шүбәсіз білдім.
Jere Kaz 32:9  Осылай мен Анатоттағы егістік танабын немере інім Ханамилден сатып алып, ол үшін он жеті мысқал күміс төлеуге келістім.
Jere Kaz 32:10  Содан сатып алу жайлы қолхат жазып, оған мөрімді басып, куәгерлерге куәландырып, ініме күмісті таразыға тартып өлшеп бердім.
Jere Kaz 32:11  Мұнан кейін сатып алу туралы екі құжатты: мөрленген бірінші қолхатты және сатып алудың шарттары мен келісімдері жазылған мөрленбеген екінші қолхатты алдым да,
Jere Kaz 32:12  екеуін інім Ханамилдің, қол қойған куәгерлердің және сол кезде қарауылдар ауласында отырған басқа барлық яһудилердің көзінше Нирияхтың ұлы, Мағасеяхтың немересі Барухқа тапсырдым.
Jere Kaz 32:13  Олардың көзінше мен Барухқа мынадай нұсқаулар бердім:
Jere Kaz 32:14  Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, мынаны айтады: Осы екі құжатты, мөрленгені мен мөрленбегенін, ал да, ұзақ уақыт шірімей сақталулары үшін қыш құмыраға салып қой!
Jere Kaz 32:15  Өйткені болашақ бір кезде адамдар осы елде тағы да үйлер, егістіктер мен жүзімдіктерді сатып алатын болады! — деп уәде береді Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы.
Jere Kaz 32:16  Мен сатып алу құжатын Нириях ұлы Барухқа тапсырғаннан кейін Жаратқан Иеге сиынып, былай деп мінажат еттім:
Jere Kaz 32:17  — Уа, Жаратушы Тәңір Ие! Өзіңнің ғаламат құдіретіңмен және алға созған қолыңмен аспан мен жерді жараттың. Сен істей алмайтын тым қиын нәрсе жоқ!
Jere Kaz 32:18  Өзіңнің рақымыңды мыңдаған адамдарға көрсетесің, ал әкелерінің кінәларын балаларының мойнына да саласың. Уа, ұлы да құдіретті Құдай, Сенің есімің — «Әлемнің Иесі!»
Jere Kaz 32:19  Жоспарларың сондай ұлы, істерің сондай керемет! Сенің көздерің адам баласының барлық істерін анық көреді. Әркімге жүрген жолдары мен істеген істерінің жемісі бойынша лайықтысын бересің.
Jere Kaz 32:20  Ежелде Мысыр елінде Өзіңнің шынайы Құдай екендігіңді дәлелдейтін кереметтерің мен ғажап істеріңді жасадың. Күні бүгінге дейін Исраилде және күллі адамзаттың арасында кереметтер жасап келе жатырсың. Өзіңнің атыңды шығарып, қазір де зор даңққа иесің.
Jere Kaz 32:21  Сен халқың Исраилді (Өзіңнің шынайы Құдай екендігіңді) дәлелдейтін кереметтерің мен ғажап істеріңмен, құдіретті де алға созған қолыңмен әрі жауға үлкен қорқыныш жіберуіңмен Мысыр елінен алып шықтың.
Jere Kaz 32:22  Сен ата-бабаларына беремін деп ант еткен ағы мен балы ағыл-тегіл мол елді мына халыққа табыстадың.
Jere Kaz 32:23  Олар елге кіріп, оны иемденіп алса да, Саған мойынсұнған да жоқ, Сенің Таурат заңыңа сай өмір сүрген де жоқ. Олар ондағы өсиеттеріңнің ешқайсысын (шын жүректен) орындамады. Сондықтан да осы пәлелердің бәрін олардың басына түсірдің.
Jere Kaz 32:24  Назар аудара көрші, қаланы басып алу үшін жау қамал қабырғасының қасына үймектер үйіп жатыр. Семсер, ашаршылық, індеттің кесірінен қала бізге қарсы тап берген халдейлердің қолына түсейін деп жатыр. Сенің айтқаның дәл келді, соны Өзің де көріп тұрсың.
Jere Kaz 32:25  Алайда Сен, уа, Жаратушы Тәңір Ие, маған: «Күміске егістік танабын сатып ал, соны растауға куәгерлер шақыр!» дедің. Ал қала болса, міне, халдейлердің қолына көшіп жатыр!
Jere Kaz 32:26  Сонда Жаратқан Ие Еремияға сөзін арнап былай деді:
Jere Kaz 32:27  — Мен, Жаратқан Ие, күллі адамзат атаулының Құдайымын. Қолымнан келмейтін іс бар ма?
Jere Kaz 32:28  Сондықтан Мен, Жаратқан Ие, мынаны айтамын: бұл қаланы Мен халдейлерге, олардың патшасы Набуходоносордың қолына, тапсырмақпын. Ол қаланы басып алады.
Jere Kaz 32:29  Сонда халдей жауынгерлері қалаға кіріп, оған от қояды. Олар қаланы бүкіл үйлерімен бірге өртеп тып-типыл етеді. Халық сол үйлердің төбелерінде Бағалға бағыштап хош иісті заттар түтетіп, басқа да тәңірсымақтарға арнап сұйық тартулар құйып ұсынуларымен Менің қаһарымды тұтатқан болатын.
Jere Kaz 32:30  Солтүстік Исраил мен Яһуданың халқы жас кездерінен-ақ Маған жек көрінішті істер ғана істеп келеді. Солтүстік Исраилдің халқы сол зұлым іс-әрекеттерімен Менің ашуымды қоздырумен болды, — дейді Жаратқан Ие. —
Jere Kaz 32:31  Мына қала салынған күнінен бастап қазірге дейін Менің ашу-ызамды туғызып келеді. Сол себепті ол Менің көз алдымнан аластатылуға тиіс.
Jere Kaz 32:32  Солтүстік Исраил мен Яһуданың халқы: олардың патшалары мен әміршілері, діни қызметкерлері мен пайғамбарлары, Яһуда мен Иерусалимнің бүкіл тұрғындары да, өздерінің істеген барлық зұлымдықтарымен Менің қаһарымды қоздырды.
Jere Kaz 32:33  Олар Маған жүздерімен емес, арқаларымен бұрылды. Мен соларға қайта-қайта тәлім берсем де, олар оныма құлақ түрген де жоқ, түзетуімді қабылдаған да жоқ.
Jere Kaz 32:34  Яһудалықтар тіпті өздерінің жиренішті тәңір мүсіндерін Менің есіміммен аталған киелі үйіме орнатып қойып, оны арамдады.
Jere Kaz 32:35  Сонымен қатар олар Бен-Хенном аңғарында Бағалға арнап табыну орындарын салып, сол жерде өз ұлдары мен қыздарын жалған тәңір Молохқа арнап өртеп құрбан етті. Мұндайды Мен халқыма ешқашан бұйырған емеспін, ол тіпті ойыма да келген жоқ. Олардың сондай жиренішті нәрсені істеп, Яһуда елін күнәға батырғаны-ай!
Jere Kaz 32:36  Сендер бұл қала туралы:— Семсер, ашаршылық және індеттің кесірінен қала Бабыл патшасының қолына түседі, — дейсіңдер. Бірақ Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады:
Jere Kaz 32:37  — Мен халқымды ашу-ыза мен зор қаһарға кенелген кезімде шашыратып жіберген барлық елдерден қайтадан жинап аламын! Оларды тағы да осы жерге әкеліп, қауіп-қатерсіз қоныстандырамын.
Jere Kaz 32:38  Сонда олар Менің халқым, ал Мен олардың Құдайы боламын.
Jere Kaz 32:39  Олар Мені әрдайым қастерлей алулары үшін оларға шын жүректен бірігіп, бір жолмен жүруді сыйлаймын. Бұл олардың өздері мен кейінгі балалары үшін игілікті болады.
Jere Kaz 32:40  Халқыммен мәңгілік Келісім жасап, оларға жақсылық жасауымды тоқтатпаймын. Ешқашан Менен кері бұрылып кетпеулері үшін Өзімді терең қастерлеуді олардың жүрегіне құятын боламын.
Jere Kaz 32:41  Мен оларға шаттана жақсылық жасап, оларды осы елде шын жүректен, бүкіл жан дүниеммен қайтадан берік орналастырамын.
Jere Kaz 32:42  Өйткені Жаратқан Ие тағы мынаны да айтады:— Бұл халықтың басына барлық осы зор апаттарды қалайша жіберген болсам, оларға уәде еткен барлық молшылығымды да солайша жіберемін.
Jere Kaz 32:43  Қазір сендер: «Мынау — адамы мен малынан айырылып қаңырап қалған ел. Ол халдейлердің қолына беріліп отыр» деп айтып жүрген елде әлі де егістіктер сатылып алынатын болады.
Jere Kaz 32:44  Сонда Бунямин жері мен Иерусалимнің айналасындағы ауылдарда, әрі Яһуда жері мен таулы аймақтағы, батыстағы төменгі қыраттар мен оңтүстіктегі Негев аймағындағы қалаларда егістік танаптары әлі де күміске сатылып алынбақ. Сонда құжаттар дайындалып, оларға мөр басылып, куәгерлер куәлік етпек. Өйткені Мен сол аймақтардан жер аударылып кеткендерді қайтарып әкеліп, жағдайларын бұрынғыдай игілікке кенелтемін! — Жаратқан Ие осыны уәде етеді.