Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
JEREMIAH
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 6
Jere Kaz 6:1  «Бас сауғалап қашыңдар, уа, Буняминнің үрім-бұтағы! Иерусалимнен де қашып кетіңдер! Текояда дабыл қағып керней тартыңдар, Бет-Кәремнің үстінен от қойып белгі беріңдер! Себебі солтүстіктен елді қырып-жоятын сұрапыл апат келе жатыр!
Jere Kaz 6:2  Сион әсем де нәзік қызға ұқсайды, әйтсе де Мен қаланы жойылуға тастаймын.
Jere Kaz 6:3  Малдарын айдап келген бақташылар іспетті жау аттанып келіп, оның айналасына қостарын тігеді. Әрқайсысы өз үлесінде отар-табындарын жаяды».
Jere Kaz 6:4  Қолбасшылары: «Оған қарсы шайқасу үшін тәңірге бағышталып дайындалыңдар! Жиналып, түс кезінде жоғары аттанайық!» «Қап, күн батуға таяп қалыпты, кеш түсіп көлеңкелер ұзарыпты!»
Jere Kaz 6:5  «Ендеше түн ішінде қалаға бас салып, сарайларын қиратып тастайық!» — деседі.
Jere Kaz 6:6  Әлемнің Иесі мынаны айтады: «Ағаштарды шауып, Иерусалимнің қамалынан өту үшін үймектер үйіңдер! Бұл қала жазалануға тиіс, оның ішінде қанаушылық кеңінен етек жайған.
Jere Kaz 6:7  Қайнар көзден судың ағып шыға беретініндей, бұл қаладан зұлымдық солай шыға береді. Одан зорлық-зомбылық пен тонаудың даусы естіліп тұр. Оның дерті мен жаралары әрқашан көз алдымда.
Jere Kaz 6:8  Ескертуімді тыңда, ей, Иерусалим! Әйтпесе Мен сенен сырт айналамын, еліңді ешкім тұрмайтындай қаңыратып бос қалдырамын».
Jere Kaz 6:9  Әлемнің Иесі тағы мынаны да айтты:— Жауларың сені халқыңнан жұрдай қылады, (Иерусалим). Жүзім жинаушы қалып қойған жүзім шоқтарын екінші рет теріп алатынындай, жауларың да қалған халқыңды теріп алып кетеді.
Jere Kaz 6:10  — Мен осыны кімге айтып, кімді сақтандыруым керек? Кім маған құлақ асады? Олар құлақтарын бітеп алған, ести алмайды. Жаратқан Иенің сөзі оларға мазақ тәрізді, олар содан еш рақат таппайды.
Jere Kaz 6:11  Жаратқан Иенің қаһары менің бойымда да лаулап тұр, оны тежеп тұра алар емеспін, — дедім.— Ендеше қаһарым көшеде ойнап жүрген балаларға, бас қосқан жас жігіттерге лақ етіп төгілсін! Әйелі мен күйеуі де, жасы ұлғайған қариясы да қаһарымды бастарынан өткізеді.
Jere Kaz 6:12  Мен елдің тұрғындарын жазалауға қолымды созғанда олардың үйлері, жерлері және әйелдері бөтен жұрттың қолына көшеді! — деп ескертеді Жаратқан Ие.
Jere Kaz 6:13  Кішігінен ұлығына дейінгі бәрі де пайдақұмар. Тіпті пайғамбарлары мен діни қызметкерлері де арамзалық жасайды.
Jere Kaz 6:14  Олар халқымның терең жарақатын жеңіл-желпі таңа салып: «Амандық пен тыныштық болады!» деп халықты алдайды. Алайда амандық пен тыныштық жоқ қой!
Jere Kaz 6:15  Өздерінің осы жексұрын істеріне ұяла ма? Жоқ, оларда ұят деген мүлдем жоқ, олар тіпті қызаруды да білмейді. Сондықтан басқалар құлағанда олар бірге құлайды, Мен соларды жауапқа тартқанда жермен-жексен болады. — Жаратқан Ие осыны нық айтады.
Jere Kaz 6:16  Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: «Жол торабына барып, айналаны байқап қараңдар, ежелгі жолдардың қайда екенін сұрап алыңдар! Ізгі жолдың қайда екенін сұрастырып біліп алып, онымен жүріңдер! Сонда жандарыңа тыныштық табасыңдар. Бірақ сендер: «Жоқ, онымен жүрмейміз!» деп бас тарттыңдар.
Jere Kaz 6:17  Сендерге күзетуші пайғамбарларымды тағайындап: «Олардың қаққан дабылдарына құлақ салыңдар!» деп едім. Бірақ та: «Жоқ, соған құлақ салмаймыз!» деп қасарыстыңдар.
Jere Kaz 6:18  Ендеше, уа, халықтар, солармен не болатынын тыңдаңдар! Ей, куәгерлер, соны біліп алыңдар!
Jere Kaz 6:19  Тыңда, уа, жер! Зұлым істерінің кесіріне бола Мен мына халықтың басына апат түсіремін. Себебі осы халық Менің сөздеріме құлақ аспай, Таурат заңымнан бас тартты.
Jere Kaz 6:20  Солай болып тұрғанда Сәба елінің хош иісті ладан шайырын әрі шалғай елдің тәтті де жұпар құрағын түтетіп ұсынғандарыңнан Маған не пайда? Шалып, өртеп ұсынған құрбандықтарыңды қабылдамаймын, сый-тартуларыңа да риза болмаймын».
Jere Kaz 6:21  Сондықтан Жаратқан Ие мынаны айтады: «Мен өз халқымның жолына сүріндіретін кедергілер қоямын. Әкелер мен ұлдары соған сүрініп құлайды. Көрші-қолаң, дос-жарандар бірге жығылып, мерт болады».
Jere Kaz 6:22  Жаратқан Ие тағы мынаны айтады:— Біліп қойыңдар, солтүстіктен бір әскер аттанып келеді. Жер бетінің алыс шеттерінен бір үлкен халық жылжып келетін болады.
Jere Kaz 6:23  Садақ пен найза ұстанған олар қатыгез, аяуды білмейді. Атқа мініп шапқанда дауылды теңіздей гүрілдейді. О, сорлы Сион, олар шеп құрып, сені басып алуға келеді! —
Jere Kaz 6:24  (Содан қаланың тұрғындары зарлап былай дейді:)— Олар туралы хабар естігенде, қолдарымыздың әлі кетіп, сылқ етті. Жанымызды үрей билеп, толғатқан әйелдей қинала бастадық.
Jere Kaz 6:25  Далаға шықпаңдар, жол жүрмеңдер! Өйткені жаудың семсері бар, айналдыра бәрі де қорқыныш.
Jere Kaz 6:26  Уа, халқым, қайғырып азалы киім киіп, күлге аунаңдар! Жалғызы өлген адамдай жоқтап, еңіреп жылаңдар! Өйткені құртушы жау бізге аяқ астынан бас салады.
Jere Kaz 6:27  — Мен сені кен қоспасын тексеріп сынаушы іспетті етіп қойдым. Сен халқымды сұрыптап, жүрген жолдарына баға бер! — деді маған Жаратқан Ие.
Jere Kaz 6:28  — Олардың бәрі — бас көтерген қыңырлар, сөз тасушы жалақорлар. Олар (алтын-күмістей асыл емес) қола мен темірге ұқсайды, барлығы да азғырушылар.
Jere Kaz 6:29  Көрік ауаны қатты үрлейді, қорғасын қызған күмістің қоқысын тазартып әкетеді. Бірақ осы халықты азап отында тазарту пайдасыз. Бұларды зұлымдығынан еш арылтып тазартуға болмайды.
Jere Kaz 6:30  Жаратқан Ие олардан бас тартты, енді олар «жарамсыз күміс» деп аталатын болады!