Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
JEREMIAH
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 48
Jere Kaz 48:1  Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, Моаб туралы мынаны айтады:— Небо қаласы қасіретке қалады! Ол қирап бос қалады. Кириятаим да қолға түсіп, қор болады. Жартастағы сол бекініс масқара болып, күйрейді.
Jere Kaz 48:2  Осылай Моаб өз даңқынан жұрдай болады. Жаулары Хешебонда оған қарсы жамандық ойластырып: «Жүріңдер, оны мүлдем жойып, ел болудан қалдырайық!» — десті. Сен де, уа, Мадмен қаласы, үнсіз қатып қаласың, семсер сенің соңыңнан қалмайды.
Jere Kaz 48:3  Хоронаимнан да талқандалу мен ғаламат қираудың шуы шықпақ.
Jere Kaz 48:4  Осылайша Моаб елі құрып, оның балалары зар еңіреп айқай салады.
Jere Kaz 48:5  Босқындары да жылап, Лухит асуына қарай өрлейді. Кейін Хоронаимға ылдилап баратын жолда да бейшара адамдардың өз елдерінің қирағанына үрейлене айқайлаған дауыстары естіліп жатпақ.
Jere Kaz 48:6  Қашыңдар! Бас сауғалаңдар! Құла түздегі жыңғылдай болып жасырыныңдар!
Jere Kaz 48:7  Өз жетістіктерің мен байлығыңа сенген едің. Енді сен де тұтқынға түсіп, жалған тәңірің Хамос та өзінің абыздарымен және әміршілерімен бірге жер аударылып кетеді.
Jere Kaz 48:8  Жау әрбір қаланы талан-таражға салады. Аңғарда болсын, жон далада болсын, ешбір қала аман қалмайды. Барлығы Жаратқан Иенің айтқанындай болады.
Jere Kaz 48:9  Моаб халқына ұшып құтылып кету үшін қанат берсеңдерші! Өйткені оның қалалары күйреп, бірде-бір жан тұрмай қаңырап бос қалады.
Jere Kaz 48:10  Жаратқан Иенің өзіне жүктеген тапсырмасын салақ орындаған қарғысқа ұшырайды. Семсерімен жауларының қанын төгуден жалтарған да қарғысқа ұшырайды!
Jere Kaz 48:11  Моаб жастық шағынан-ақ тыныш өмір сүріп келді, ол қуғын-сүргін атаулыны мүлдем көрген емес. Ол дайын болғаннан кейін бірде-бір рет басқа ыдысқа құйылмай, ашытқының үстінде сақталған шарапқа ұқсайды. Сондықтан ол өзінің иісі мен дәмін жақсы сақтап келеді.
Jere Kaz 48:12  Бірақ Жаратқан Ие мынаны айтады: Болашақта Мен оған сусынын төгетін адамдарды жіберемін. Олар келіп, Моабтың ыдыстарын төңкеріп босатып, қыш құмыраларын соғып сындырмақ.
Jere Kaz 48:13  Сонда Солтүстік Исраил халқының Бетелдегі жалған тәңірге сенімдерін артқандықтан масқара болғанындай, Моаб та дәл солай Хамосқа сүйенгендіктен масқара болады.
Jere Kaz 48:14  Өздеріңді: «Соғысқа әбден жаттыққан нағыз жауынгер, батыл адамдармыз!» деп қалай ғана айтасыңдар?
Jere Kaz 48:15  Әй, Моаб, сенің қалаларың жау қолына түсіп, адамдарың толықтай құриды. Бетке ұстар жас жігіттерің қой іспетті бауыздалады! — Есімі «Әлемнің Иесі» деген Патша осыны нық айтады.
Jere Kaz 48:16  Моабтың қирауы таяп қалды! Оның басына апат тез түседі!
Jere Kaz 48:17  Уа, айналасындағы халықтар, ол үшін қайғырыңдар! Моабтың атақ-даңқы туралы білетіндер: «Оның салтанатты билігінің қирағанын-ай!» деп, оны жылап жоқтаңдар!
Jere Kaz 48:18  Енді салтанаттарыңнан бас тартып, тақырға отырыңдар, ей, Дибон қаласының тұрғындары! Өйткені Моабты құртатын қолбасшы сендерге қарсы аттанып келіп, бекінген қорғандарыңды қиратып талқандамақ.
Jere Kaz 48:19  Арогердің тұрғындары, сендер де жол бойына шығып, сытылып, қашып келе жатқан әйелдер мен ер адамдардан: «Не болып жатыр?» — деп сұраңдар.
Jere Kaz 48:20  Олар: «Моаб ойрандалып, масқара болды. Айқайлап жылаңдар, Арнон өзенінің бойында Моабтың ойрандалғаны туралы жар салыңдар! — дейтін болады. —
Jere Kaz 48:21  Жон даладағы барлық қалаларға да үкім шығарылып, олар жермен-жексен болды: Холон, Жахса және Мефағат,
Jere Kaz 48:22  Дибон, Небо және Бет-Диблатаим,
Jere Kaz 48:23  Кириятаим, Бет-Ғамул және Бет-Меон,
Jere Kaz 48:24  Кериот пен Бесер — Моабтың алыс-жақын барлық қалалары».
Jere Kaz 48:25  Моабтың құдіреті күйреп, оның билік жүргізетін қолы сынды, — деп нық айтады Жаратқан Ие. —
Jere Kaz 48:26  Моаб паңданып, Жаратқан Иеге қарсы бас көтергендіктен енді (Оның қаһарынан) мас адамдай теңселіп, жерге құласын, содан өз құсығында аунап жатсын. Ол да көрінгеннің мазағына айналсын.
Jere Kaz 48:27  Уа, Моаб халқы, сендер де Исраилді мазақ қылмап па едіңдер? Ол туралы айтқан сайын мысқылдап бас шайқайтындай, Исраил халқы қарақшылардың арасында (ұрлық жасап жатқан жерінде) қолға түсті деп ойлайсыңдар ма?
Jere Kaz 48:28  Енді өз қалаларыңды тастап, құз-жартастарды мекендеңдер, Моабтың тұрғындары! Ұясын үңгірдің аузына салатын көгершін сияқты оңаша жерге бас сауғалаңдар!
Jere Kaz 48:29  Біз Моабтың ерен тәкаппарлығы мен өркөкіректігі, оның менмендігі мен кердеңдігі әрі керенау паңдығы туралы естігенбіз.
Jere Kaz 48:30  «Мен оның паңдығын толықтай білемін, — деп ескертеді Жаратқан Ие. — Алайда онысының бәрі құр бос әңгіме. Ол көп мақтанғанмен, қолынан келетіні шамалы ғана».
Jere Kaz 48:31  Сондықтан мен Моаб үшін қайғырып, бүкіл Моаб елі үшін жоқтау айтамын. Кир-Хәрес қаласы үшін де мұңая күрсінемін.
Jere Kaz 48:32  Сибманың жүзім бұталары үшін Жазер халқы іспетті мен де қатты қайғырамын. Бұрын олардың бау-бақшалары тіпті Өлі теңізге дейін жайылып, жайқалып тұратын еді. Бірақ құртушы жау келіп, құрма, інжір, жүзім жемістерін жинап алып кетпек.
Jere Kaz 48:33  Содан Моаб елінің құнарлы бау-бақшаларында қуаныш пен шаттық мүлдем қалмайды. Сыққыш шұңқырлардан жүзім шырынын да ақпайтын қыламын. Енді қайтып ешкім қуана айқай салып жүзімді таптамайтын болады. Елде айқай әлі де естіледі, бірақ ол қуаныштың айқайы емес.
Jere Kaz 48:34  Олардың қиналған айқайы Хешебоннан Елғале мен Яхасқа, Сиғордан Хоронаим мен Үшінші-Әглатқа дейін естіледі. Тіпті Нымрим сайының суы да тартылып қалады.
Jere Kaz 48:35  «Мен Моаб еліндегі биіктеу жерлерде жалған тәңірлерге арнап құрбандық шалып, өртеп, хош иісті заттар түтету атаулыны жоямын!» — деп ескертеді Жаратқан Ие.
Jere Kaz 48:36  Сол себепті жүрегім Моаб үшін, ондағы Кир-Хәрес қаласының адамдары үшін қайғылы әуен тартқан сыбызғыдай жылайды. Олар жиып-терген мол байлығынан жұрдай болды.
Jere Kaz 48:37  Олардың барлығы аза тұтып бастарын тақыр қылып, сақалдарын қырып тастайды және қолдарын тілгілеп жарақаттап, азалы киім киеді.
Jere Kaz 48:38  «Моабтың әрбір үйі мен көшесінде адамдар қайғырады. Өйткені Мен Моабты ешкімге қажеті жоқ қыш құмырадай сындырып тастадым». — Жаратқан Ие осыны нық айтады.
Jere Kaz 48:39  Ол қалай оңбай сынады! Қалай олар күңіренеді! Масқара болған Моаб қалай бетін тасалайды! Айналасындағы барлық халықтар оны күлкі қылып, ойран болғаны үшін табалайды.
Jere Kaz 48:40  Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: «Біліп алыңдар, жау қанатын кең жайып шүйілген бүркіт секілді Моаб еліне бас салмақ!»
Jere Kaz 48:41  Моабтың қалалары жау қолына түсіп, қорғандары да алынады. Сол күні Моабтың батырларының жүректері толғатып жатқан әйелдікіндей үрейленетін болады.
Jere Kaz 48:42  Өркөкіректеніп Жаратқан Иеге қарсы бас көтергендіктен, Моаб ел болудан қалады.
Jere Kaz 48:43  «Сені күтіп тұрғаны — қорқыныш, ор әрі тұзақ, уа, Моабтың тұрғындары! — деп ескертеді Жаратқан Ие. —
Jere Kaz 48:44  Қорқыныштан қашатындар орға түседі, ал ордан өрмелеп шыққандар тұзаққа түседі. Өйткені Менің Моабты күнәлары үшін жазалайтын уақытым келді!» — Жаратқан Ие осыны нық айтады.
Jere Kaz 48:45  Жаудан қашқан босқындар Хешебонның көлеңкесінде күшінен жұрдай болып әрі қарай жүруге қуаты қалмайды. Хешебоннан от шықпақ, ежелгі Сихон патшасының осы қаласынан өрт лап етпек, ол Моаб елін оның қыңыр халқымен қоса өртеп жібереді.
Jere Kaz 48:46  О, Моаб, сен қасіретке қаласың! Уа, Хамосқа табынатын халық, сен ойрандалып, ұл-қыздарың тұтқынға түседі.
Jere Kaz 48:47  «Бірақ болашақта Мен Моабтың жер аударылып кеткен халқын елдеріне қайтарамын!» — деп уәде береді Жаратқан Ие.Моаб туралы айтылған айыптау сөздері осымен бітеді.