Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
JEREMIAH
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 51
Jere Kaz 51:1  Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: «Біліп қойыңдар, Мен Бабыл қаласына және онда тұратын қарсыластарыма қатты дауыл іспетті бір құртушыны шығарамын.
Jere Kaz 51:2  Сол шетелдік әскерді Бабылға жіберемін. Диқанның астықты желге ұшырып, қабығынан арылтқанындай, олар да Бабылды желге ұшырып, оның елін қаңыратып бос қалдырады. Бабылдың сотталып, қырылатын күні туғанда олар қалаға жан-жағынан тап береді.
Jere Kaz 51:3  Бабылдағы садақшының садағын тартып, сауытын киюіне жол бермеңдер! Оның жастарын аямаңдар, әскерін толығымен күйретіңдер.
Jere Kaz 51:4  Олар халдейлер елінде қаза тауып, оның қалаларының көшелерінде түйреліп, көз жұмған күйлері жатады».
Jere Kaz 51:5  Себебі Солтүстік Исраил мен Яһуданың халқы Исраилдің Киелі Құдайының алдында қатты айыпты болса да, Ол, Әлемнің Иесі, өздерінің Құдайы, солардан біржола бас тартқан жоқ.
Jere Kaz 51:6  Бабылдан қашыңдар, уа, басқа ұлттық адамдар! Әркім өз жанын құтқарсын. Бабыл өз күнәларының жазасын тартқанда, сендер де онымен бірге құрып кетпеңдер! Себебі жасаған қылмыстары үшін Жаратқан Иенің оны жазалайтын уақыты келді. Ол Бабылға тиісті жазасын толығымен тартқызады.
Jere Kaz 51:7  Бабыл Жаратқан Иенің қолындағы алтын тостаған сияқты болатын. Оның ішіндегі «шарап» (Жаратқан Иенің қаһары) бүкіл жер бетін мас қылды. Ұлттар сол «шараптан» ішті. Олардың қазір жынданып жүргендері де сондықтан.
Jere Kaz 51:8  — Бабыл кенеттен жеңіліп, жау қолына түсіп, ойран болады. Оны жоқтап жылаңдар! Қиналғанын басатын май дәрі алдыртыңдар, мүмкін, сауығып та кететін шығар. —
Jere Kaz 51:9  (Қаладағы шетелдіктер:)— Біз Бабылды емдеген едік, бірақ ол енді сауықпайды. Оны осылай қалдырып, әрқайсымыз өз елімізге қайтайық! Өйткені оған шығарылатын үкім ғаламат зор, аспанға дейін жететін болады, — дейді.
Jere Kaz 51:10  — Жаратқан Ие бізді ақтады. Жүріңдер, Сионда Құдайымыз Жаратқан Иенің істеген керемет ісін паш етейік! (— дейді исраилдіктер.) —
Jere Kaz 51:11  Жебелеріңді ұштап, қорамсақтарыңды толтырыңдар! Жаратқан Ие Мидия патшаларының жүректеріне Бабылға қарсы көтерілуге түрткі салмақ. Ондағы мақсаты — Бабылды толығымен құрту. Осылай Жаратқан Ие Өзінің киелі үйін қиратқан бабылдықтарға лайықты жазаларын тартқызбақ.
Jere Kaz 51:12  Бабылдың қабырғаларына шабуыл жасауға жалау көтеріп, белгі беріңдер! Күзетті күшейтіп, қарауылдарды орнатып, тосқауыл топтарын қойыңдар! Себебі Жаратқан Ие Өзінің жоспарларын жүзеге асырып, Бабыл халқы туралы айтқандарының бәрін орындамақ!
Jere Kaz 51:13  — Уа, үлкен өзен салаларының бойында орналасып, байлыққа мейлінше кенелген қала! Кенеттен ажалың жетіп, өмірің үзіледі.
Jere Kaz 51:14  Әлемнің Иесі өз атымен ант етіп былай деді: Саған жауларыңның әскерін шегірткедей қаптатамын. Олар сені жеңгендіктен шаттана айқай салатын болады.
Jere Kaz 51:15  Жасаған Ие жерді өз құдіретімен жаратып, әлемді даналығымен орнатып, аспан кеңістігін ақыл-парасатымен жайып жіберді.
Jere Kaz 51:16  Ол дауыс көтергенде аспандағы бұлттар күркірейді. Ол шалғай көкжиектен бұлттарды көтеріп, нөсер мен найзағай жібереді, сақтап қойған орнынан желді айдап әкеледі.
Jere Kaz 51:17  Адам атаулы ақылсызданып, шынайы білімнен жұрдай болды. Тәңірсымақтың мүсінін құйып жасаған әр зергер сол ісімен өзін масқаралайды. Өйткені қоладан құйылған бейнелер алдамшы, оларда тіршілік лебі мүлдем жоқ.
Jere Kaz 51:18  Сол тәңірсымақтар түкке тұрғысыз, әжуаға қалатын нәрселер. Сотталу уақыты келгенде олардың барлығы құрып кетеді.
Jere Kaz 51:19  Ал Жақыптың үрім-бұтағына жар болушы Құдай олар сияқты емес: Ол — барлық нәрсенің, соның ішінде Өзінің меншікті халқы Исраилдің Жаратушысы. Оның есімі: «Әлемнің Иесі».
Jere Kaz 51:20  (Жаратқан Ие былай дейді:) «Сен Менің сойылымсың, соғысқа арналған қаруымсың. Мен сені қолыма алып, халықтарды күйретіп, патшалықтарды құртамын.
Jere Kaz 51:21  Иә, сені қолыма алып, ат пен салт аттыны, соғыс күймесі мен айдаушысын күйретемін.
Jere Kaz 51:22  Сені қолыма алып, еркек пен әйелді, қарттар мен жастарды, бозбала мен бойжеткенді күйретемін.
Jere Kaz 51:23  Сені қолыма алып, шопанды отарымен, диқанды жұп өгіздерімен, әкімдер мен әміршілерді күйретемін.
Jere Kaz 51:24  Сионда жасаған зұлым істері үшін Мен сендердің көз алдарыңда Бабыл мен оның күллі тұрғындарына тиісті жазаларын тартқызамын», — деп нық айтады Жаратқан Ие.
Jere Kaz 51:25  «Мен саған қарсымын, Бабыл! Сен бүкіл жер бетін қиратқан алып тау іспеттісің, — деп ескертеді Жаратқан Ие. — Мен саған қарсы қолымды созып, сені жартастан құлатып, өртелген тау сияқты қыламын.
Jere Kaz 51:26  Ендігәрі сенен бірде-бір тас құрылыста негізін салып, не бұрышын қалау үшін пайдаланылмайтын болады. Сен мәңгілікке қаңырап бос қаласың». — Жаратқан Ие осыны нық айтады.
Jere Kaz 51:27  «Елде жалау көтеріп белгі беріңдер! Халықтардың арасында керней тартып, оларды Бабылға қарсы соғысуға шақырып дайындаңдар! Арарат, Минни, Ашкеназ патшалықтарының жасақтарын да оған қарсы жинаңдар! Шабуылды бастайтын қолбасшы тағайындап, атты әскерді шегірткедей қаптатыңдар!
Jere Kaz 51:28  Бабылға қарсы көптеген халықтарды: Мидияның патшаларын, оның әміршілері мен күллі әкімдерін және соларға тәуелді барлық халықтарды аттандырыңдар!
Jere Kaz 51:29  Ел қатты күйзеліп, қалшылдауда. Себебі Жаратқан Иенің Бабылды ешкім тұрмайтындай етіп қиратамын деген ниеті іске асып жатыр.
Jere Kaz 51:30  Бабылдың жасақшылары соғысуларын доғарып, қорғандарында отыр. Олар әлдері құрып, титықтаған, әйел іспетті күшсіз. Бабылдың үйлері өртеніп, қақпаларының ысырмалары сынып қалмақ.
Jere Kaz 51:31  Бір шабарманнан кейін бір шабарман, бір хабаршыдан кейін бір хабаршы Бабыл патшасына асығып келіп, жаудың қаланы жан-жақтан басып алып жатқаны туралы мәлімдейтін болады:
Jere Kaz 51:32  өзеннің өткелдері жау қолына түсті! Қаланың бекіністері өртеніп кетті! Жауынгерлер абдыраған!»
Jere Kaz 51:33  Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, мынаны айтады:— Бабыл қаласы астық бастыратын қырмандай: тағы біраздан кейін ол егіннің орылып, астықтың бастырылатыны сияқты тапталатын болады!
Jere Kaz 51:34  — Бабыл патшасы Набуходоносор мені жалмап, тұрғындарымды шашыратып, өзімді бос ыдыстай тастай салды. Ол мені айдаһардай жұтып, қарнын байлықтарыммен толтырды, содан кейін мені құсып тастады.
Jere Kaz 51:35  Өзім мен туысқандарыма жасалған зорлық-зомбылық Бабылдың өзіне жасалсын! — деп өтінеді Сионның тұрғындары. — Біздің төгілген қанымыз халдей елінің тұрғындарының мойнына жүктелсін! — деп сұрайды Иерусалимнің халқы.
Jere Kaz 51:36  Сол себепті Жаратқан Ие мынаны айтады:— Мен сенің мүддеңді қорғап қас жауыңа тиісті жазасын тартқызамын. Сонда Бабылдың көлін құрғатамын, оның бұлақтары тартылып кеуіп қалады.
Jere Kaz 51:37  Бабыл бір төбе үйіндіге, шибөрілердің мекеніне айналады. Содан басқалар аңтарыла жандары түршігіп, оны ысқырып табаламақ. Онда ешкім тұрмайтын болады.
Jere Kaz 51:38  Бабылдың бүкіл халқы олжаны сағынған арыстандай ақырып, арыстанның күшігіндей ырылдайды.
Jere Kaz 51:39  Олардың тәбеті қозған кезде, Мен оларға арнап басқа бір той өткіземін. Олар сонда көңіл көтеріп, мас болып, ұйқыға батады, ал соларынан ешқашан оянбайды! — деп жариялайды Жаратқан Ие. —
Jere Kaz 51:40  Мен оларды тоқты, қошқар, серкелер іспетті союға алып келемін.
Jere Kaz 51:41  Бүкіл әлемнің мақтанышы — Шешахтың жеңіліп, қолға түсетіні қандай болмақ! Бабыл халықтар арасында қандай қорқынышты көрініске айналады десеңші!
Jere Kaz 51:42  Жау Бабылды теңіздей қаптап, қала оның шексіз асау толқындарының астында қалады.
Jere Kaz 51:43  Оған қарасты елді мекендер де қаңырап бос қалып, қуаңшылық басқан, ешкім мекендемейтін және ол арқылы ешкім өтпейтін шөлге айналады. —
Jere Kaz 51:44  Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: — Мен Бабыл халқы табынатын тәңірсымақ Белді де жазалап, оны жалмап-жұтып қойғандарының бәрін құсып тастауға мәжбүрлеймін. Оған бұдан былай халықтар ағылып келмейтін болады. Бабылдың қабырғалары құлап, қала жермен-жексен болмақ.
Jere Kaz 51:45  Уа, Менің халқым, Бабылды тастап, одан қашып кетіңдер! Менің, Жаратқан Иенің, лаулаған қаһарымнан бас сауғалаңдар!
Jere Kaz 51:46  Елде қауесет тарағанда, жүрексініп қорықпаңдар. Осы жылы бір қауесет, келесі жылы тағы біреуі жайылады. Бір билеуші екіншісімен соғысқан зорлық-зомбылық заманы болады.
Jere Kaz 51:47  Себебі Мен Бабылдың барлық тәңірсымақтарының мүсіндерін жазалайтын уақыт келе жатыр. Сонда Бабыл масқараланып, қаза тапқан адамдары ел ішінде шашылып жататын болады.
Jere Kaz 51:48  Көк пен жер және олардағылардың бәрі Бабыл жайлы шаттанып қуанады. Өйткені солтүстіктен құртушы жаулары аттанып, оған бас салады! — Жаратқан Ие осыны нық айтады. —
Jere Kaz 51:49  Бабыл Исраил мен басқа елдерде адамдарды қалай қырған болса, енді оның өзінде де адамдар солай қырылатын болады.
Jere Kaz 51:50  — Уа, семсерден аман қалған халқым, жаның барда Бабылдан тез кет! Шалғай елде Жаратқан Ие туралы ұмытпа, Иерусалим қаласын да есіңе түсіре бер!
Jere Kaz 51:51  — Біз масқара болып отырмыз! Шетелдік басқыншылар Жаратқан Иенің киелі үйіндегі қасиетті бөлмелерге кіріп қойды. Біз қара бет болдық! — (деп халық қайғыруда.)
Jere Kaz 51:52  Ал Жаратқан Ие мынаны айтады:— Біліп алыңдар, Мен Бабылдың жалған тәңірлерінің мүсіндерін жоятын күндер туады. Сонда оның бүкіл елінде жараланған адамдардың ыңырсуы естілетін болады.
Jere Kaz 51:53  Бабыл тіпті аспанға дейін асқақтап, зәулім қорғанын одан бетер нығайтса да, Мен оған қарсы құртушы жауларын жіберемін! — деп ескертеді Жаратқан Ие.
Jere Kaz 51:54  Бабылдан зарлы айқай, халдейлер елінен зор күйреудің у-шуы естіледі.
Jere Kaz 51:55  Себебі Жаратқан Ие Бабылды талқандап, оның даурықпа үнін өшіреді. Жаулары теңіздің алып толқынындай гүрілдеп, үндері дабырлап жаңғырығатын болады.
Jere Kaz 51:56  Осылайша Бабылға жойқын жау бас салмақшы. Қаланың жауынгерлері қолға түсіп, садақтары сындырылады. Өйткені Жаратқан Ие — әділдікпен жазалайтын Құдай. Ол Бабылға тиісті жазасын толығымен тартқызбақ.
Jere Kaz 51:57  Мен Бабылдың әміршілері мен данышпандарын, билеушілерін, әкімдері мен жауынгерлерін мас қыламын. Сонда олар терең ұйқыға батып, содан ешқашан қайтып тұрмайды! — деп нық айтады есімі «Әлемнің Иесі» деген Патша.
Jere Kaz 51:58  Әлемнің Иесі тағы мынаны айтады: Бабылдың қалың қабырғалары жермен-жексен етіліп, биік қақпалары өртеніп кетеді. Осылай көптеген ұлттардың ауыр еңбегі зая кетіп, шаршап-шалдығып істеген жұмыстарының нәтижесін өрт жалмайды.
Jere Kaz 51:59  Мағасияхтың немересі, Нирияхтың ұлы Сераях Седекиях патшаға еріп Бабылға елшілікке барды. Бұл Седекияхтың патшалық құрған төртінші жылы болды. Сераях сонда патшаның жол сапарларын ұйымдастырушы уәзірі болатын. Олар сапарға шықпас бұрын Еремия пайғамбар Сераяхқа бір хабарды аманаттады.
Jere Kaz 51:60  Осы хабарды Еремия бір шиыршық кітапқа жазып қойған еді. Ол Жаратқан Иенің Бабылдың басына болашақта түсетін барлық пәлелер туралы айтқандарын қамтыды.
Jere Kaz 51:61  Еремия Сераяхқа мына тапсырманы жүктеді:— Бабылға жеткен соң осында жазылған сөздерді міндетті түрде дауыстап оқы!
Jere Kaz 51:62  Содан соң мінажат етіп былай де: «Уа, Жаратқан Ие! Сен Өзіңнің осы орынды не адам, не мал тұрмайтын қылып талқандайтыныңды нық айттың. Ол, сөзсіз, мәңгі бақи қаңырап бос қалады!»
Jere Kaz 51:63  Өзің дауыстап оқып шыққан осы шиыршық кітапты бір тасқа байлап, Евфрат өзеніне лақтыр.
Jere Kaz 51:64  Мұнан кейін Жаратқан Иенің атынан мынаны айт: «Дәл осылай Бабыл тұңғиыққа батып кетеді. Мен өзіне түсірген апаттардан ол енді қайтып ешқашан еңсесін көтермейді. Мен Бабылға ғаламат пәле жіберемін, оның барлық адамдары да әбден әлсірейді!»Еремияның сөздері осы жерде бітеді.