Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
JEREMIAH
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 46
Jere Kaz 46:1  Мұнда Жаратқан Иенің басқа халықтар жайлы Еремияға арнаған сөздері берілген.
Jere Kaz 46:2  Мысыр елі туралы мына сөз Мысыр патшасы Нехо перғауынның әскері жөнінде айтылды. Сол кезде бұл әскер Евфрат өзенінің жағасындағы Қаркеміш қаласының маңында тұрақтаған еді. Олар Жосия ұлы Жохақым Яһуда еліне патшалық құрған төртінші жылы сол төңіректе болған шайқаста Бабыл патшасы Набуходоносордың әскерінен жеңіліп қалды.
Jere Kaz 46:3  — Үлкен және кіші қалқандарыңды дайындап, шайқасқа шығыңдар!
Jere Kaz 46:4  Аттарыңды ерттеп, тұлпарларыңа мініңдер! Дулыға киіп, сапқа тұрыңдар! Найзаларыңды үшкірлеп, сауыттарыңды киіңдер!
Jere Kaz 46:5  Ал Мен не көріп тұрмын? Мысырдың жасақшылары қорқып, шегініп, батырлары да жеңіліп, алды-арттарына қарамай қашып бара жатыр. Айналдыра бәрі де қорқыныш! — дейді Жаратқан Ие. —
Jere Kaz 46:6  Тіпті желаяқтары да қашып құтылып, күштілері де сытылып кете алмайды. Олардың барлығы да солтүстіктегі Евфрат өзенінің бойында сүрініп, құлап жатыр.
Jere Kaz 46:7  Суы бүкіл елге жайылып, Ніл өзеніндей асып-тасып жатқан кім бұл?
Jere Kaz 46:8  Мысырдың әскері Ніл өзеніндей асып-тасып, толқындары асау ағындай бұлқынады. Ол мақтанып:— Мен тасып, бүкіл жер бетін жабамын, әрбір қаланы тұрғындарымен қоса қырып тастаймын! — дейді.
Jere Kaz 46:9  — Мейлі, аттарыңмен алға басыңдар, күймелеріңмен жойқын шабуыл жасаңдар, уа, батырлар! Уа, қалқан ұстайтын құштық және пұттық жасақшылар, әрі жебені алып, садақты тартатын лудтық сарбаздар, сендер де алға басыңдар!
Jere Kaz 46:10  Алайда осы күн — Әлемнің Әміршісі Жаратқан Иеге тиесілі күн! Ол сол күні өз жауларын қатаңдықпен соттап, оларға лайықты жазаларын тартқызады. Семсер тойғанша, шөлін қанға қандырып болғанша жалмай беретін болады. Өйткені Әлемнің Әміршісі Жаратқан Ие сол жауларды солтүстіктегі жерде Евфрат өзенінің бойында құрбандық шалғандай қырып тастайды.
Jere Kaz 46:11  Дәрі май іздеп, Ғилақад қыраттарына шық, уа, сорлы Мысыр халқы! Дәрілеріңнің санын көбейтіп қолдана бергеніңнен еш пайда болмайды, сен бәрібір айықпайсың.
Jere Kaz 46:12  Басқа ұлттар сенің масқараң туралы біліп алып, жан айқайың барша жерде естілуде. Қашып жатқан жасақшыларың бір-бірімен соқтығысып, екеуі де бірдей құлап түседі.
Jere Kaz 46:13  Жаратқан Ие Бабыл патшасы Набуходоносордың болашақта Мысыр елін шабуылдайтыны туралы Еремия пайғамбарға сөзін арнап былай деді:
Jere Kaz 46:14  — Бүкіл Мысыр елі бойынша жар салып, Миғдолда айтыңдар, Мемфис пен Тахпанхесте де мынаны жариялаңдар: Айналаларыңдағы бар халықтарды семсер жалмап жатыр. Сондықтан шепке тұрып, дайындалыңдар!
Jere Kaz 46:15  Мықты жасақшыларың неліктен жеңіліп, құлайды? Өйткені Мен, Жаратқан Ие, итеріп жібергендіктен олар тұра алмайды.
Jere Kaz 46:16  Мен оларды сүріндіремін. Олар (асыға қашып) бір-бірімен соқтығысып құлап, өзара: «Тұр, зорлықшыл жаудың семсерінен қашып құтылайық! Әрқайсымыз өз халқымызға, өз туған елімізге қайтайық!» — дейтін болады.
Jere Kaz 46:17  Елдеріне қайтқан соң олар былай деп айқайлайды: «Мысыр патшасы перғауын у-шу шығарған мақтаншақ. Алайда ол өзіне қолайлы сәтті пайдалана білмеді».
Jere Kaz 46:18  Есімі «Әлемнің Иесі» деген мәңгі тірі Патша өз атымен ант етеді:— Бір жеңімпаз қолбасшы мұнда келе жатыр. Таулардың арасында Табор тауы әрі теңіз жағасындағы Қармил тауы алып та айбынды екеніндей, ол да бәрінен мықты да айбынды болады.
Jere Kaz 46:19  Әй, Мысырдың бейшара тұрғындары, буынып-түйініп, жер аударылуға дайындалыңдар! Өйткені Мемфис қаласы өртеніп қиратылып, қаңырап бос қалады!
Jere Kaz 46:20  Мысыр әдемі тана сияқты. Ал солтүстіктен құжынаған бөгелектер іспетті жау қаптап келе жатыр.
Jere Kaz 46:21  Тіпті Мысырдың жалдамалы жауынгерлері бордақыланған тайыншадай шайқасқа жарамайтын болады. Олар да бұрылып, бәрі бірдей қаша жөнеледі. Жазаларын тартып құритын күндері келгенде олар берік тұра алмайды.
Jere Kaz 46:22  Жау таяп келе жатқандықтан Мысыр жылан сияқты ысылдап қаша жөнеледі. Жаулары оған қарсы ағаш шабатын адамдардай балта ұстап келетін болады.
Jere Kaz 46:23  Мысырдың халқы ну ормандай көп болса да, жау оларды шауып тастайды, — деп нық айтады Жаратқан Ие. — Өйткені жаудың жасақшылары тіпті шегірткелерден де көп, олардың санын есептеп шығуға болмайды.
Jere Kaz 46:24  Сонда Мысыр елі масқара болып, солтүстіктен келген халықтың қолына түседі.
Jere Kaz 46:25  Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, тағы мынаны айтады:Біліп қойыңдар, Мен Но қаласының тәңірсымағы Амонды және Мысырдың барлық басқа тәңірсымақтарын, оның билеушілерін, перғауынды және оған сенімдерін артатындарды жазалайтын боламын!
Jere Kaz 46:26  Оларды жандарын алмақ болған Бабыл патшасы Набуходоносор мен оның нөкерлерінің қолдарына тапсырамын. Алайда кейінірек Мысыр қайтадан ежелгі замандағыдай халқы көп ел болады. — Жаратқан Ие осыны нық айтады.
Jere Kaz 46:27  — Ал сен, қызметшім Жақып, қорықпа! Үрейленбе, уа, Исраил халқы! Біліп ал: Мен сені шалғай жерлерден, ұрпақтарыңды да тұтқында жүрген елдерінен құтқарып алып келемін. Сонда Жақыптың үрім-бұтағы елге қайта оралып, аман-есен өмір сүреді. Ешкім де оларға қоқан-лоқы жасамайтын болады.
Jere Kaz 46:28  Қорықпа, уа, қызметшім Жақып, — дейді Жаратқан Ие. — Себебі Мен саған жар боламын. Сені араларына айдатып жіберген халықтарды құртып жоқ қыламын, бірақ өзіңді құртпаймын. Алайда сені мүлдем жазасыз қалдырмай, әділдікпен жазалап тәрбиелеймін.