Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
JEREMIAH
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 25
Jere Kaz 25:1  Жосия ұлы Жохақымның Яһуда еліне патшалық құрған төртінші жылы Жаратқан Ие Еремияға бүкіл Яһуда халқы туралы сөзін арнап хабарын жіберді. Бұл Бабылға Набуходоносордың патшалық құрған бірінші жылы болатын.
Jere Kaz 25:2  Еремия пайғамбар осы хабарды Яһуда халқы мен Иерусалим тұрғындарының бәріне жеткізіп былай деді:
Jere Kaz 25:3  — Яһудаға Амон ұлы Жосияның патшалық құрған он үшінші жылынан бастап осы күнге дейін — барлығы жиырма үш жыл бойы Жаратқан Ие маған сендерге арналған хабарларын жолдап келеді. Мен олардың бәрін өздеріңе әлсін-әлсін айтып жеткізіп жүрмін, бірақ сендер тыңдамайсыңдар.
Jere Kaz 25:4  Жаратқан Ие сендерге қайта-қайта пайғамбарларын жіберіп отырса да, сендер оларды не тыңдаған, не ден қойған жоқсыңдар.
Jere Kaz 25:5  Сол хабарларда Жаратқан Ие сендерге мынаны ескертетін: «Әрқайсың теріс жолдарыңнан қайтып, істеп жүрген зұлым істеріңнен бас тартыңдар! Сонда Мен өздеріңе және ата-бабаларыңа мәңгілікке тапсырған елде сендерді ұдайы мекендетемін.
Jere Kaz 25:6  Сондай-ақ бөгде тәңірлердің жолын қуып оларға иіліп табынбаңдар! Мені өз қолдарыңмен жасап алған сол тәңірсымақтарыңмен ашуландырмаңдар! Сонда Мен сендерге ешқандай бақытсыздық жібермеймін!»
Jere Kaz 25:7  Енді Жаратқан Ие мынаны айтады: «Бірақ сендер Мені тыңдамадыңдар. Өз қолдарыңмен жасап алған нәрселеріңе табынып, ашуымды шақырдыңдар. Осылайша өз бастарыңа өздерің пәле тілеп алдыңдар!»
Jere Kaz 25:8  Сондықтан Әлемнің Иесі мынаны айтады: «Менің сөздерімді тыңдамағандықтарыңнан,
Jere Kaz 25:9  солтүстіктің барлық ұлттары мен тайпаларын және Менің еркімді іске асыратын Бабыл патшасы Набуходоносорды осы ел мен оның тұрғындарына және оның айналасындағы күллі халықтарға қарсы аттандырып алып келемін. Мен осы елдерді түгелдей қиратып тастаймын. Олар ұдайы қаңырап бос қалады, ал басқалар оларға қарап аңтарыла жандары түршігіп, ысқырып келекелейтін болады.
Jere Kaz 25:10  Олардан қуаныш пен шаттықтың үнін, күйеу жігіт пен қалыңдықтың көңілді дауыстарын шықпайтын қыламын. Қол диірменінің үні де өшіп, шам-шырақтары сөніп қалады.
Jere Kaz 25:11  Бүкіл ел қорқынышты құлазыған айдалаға айналады, ал осы ұлттар Бабыл патшасына жетпіс жыл бойы басыбайлы қызмет ететін болады.
Jere Kaz 25:12  Бірақ жетпіс жыл өткен соң, Мен Бабыл патшасын да, оның халқын да ауыр кінәлары үшін жазалап, халдейлердің елін мәңгілікке қаңыраған қу далаға айналдырамын.
Jere Kaz 25:13  Мен сол жерге қарсы айтқанымның барлығын: Еремия пайғамбардың басқа ұлттарға қарсы жариялап, осы шиыршық кітапта жазылған жазаларымның бәрін де жүзеге асырамын.
Jere Kaz 25:14  Бабылдықтар көп халықтар мен ұлы патшалардың құлдығына түседі. Мен бабылдықтарға жасаған іс-әрекеттеріне сай тиісті жазаларын тартқызамын!»
Jere Kaz 25:15  Өйткені Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие маған былай деп бұйырды:— Ернеуіне дейін «қаһарымның шарабына» толған мына «тостағанды» ал да, Өзім сені жіберетін халықтардың бәріне содан «ішкіз!»
Jere Kaz 25:16  Олар «ішіп алып», тәлтіректейді. Мен олардың арасына семсерді жібергенімде мүлдем естері ауысып кетеді!
Jere Kaz 25:17  Мен Жаратқан Иенің қаһарына толы «тостағанды» Оның қолынан қабылдап, Өзі мені жіберген халықтардың бәріне «ішкіздім»:
Jere Kaz 25:18  Иерусалим мен Яһуданың басқа қалалары, оның патшалары мен әміршілері осылай күйреп, бөтен халықтардың бұларға қарап жандары түршігіп ысқырып, келекелеп, қарғауына ұшырайтын болды. Олар әлі күнге дейін сол күйде.
Jere Kaz 25:19  Сондай-ақ Мысыр патшасы перғауынға, нөкерлері мен әміршілеріне, бүкіл халқына,
Jere Kaz 25:20  сол патшалықта тұрып жатқан барлық жат жұрттықтарға да сол «тостағаннан» ішкіздім. Мұнан кейін шығыстағы Ус жерінің күллі патшаларына, філістірлер елінің бүкіл патшаларына әрі Ашқалон, Газа, Әкронның халқына және Азоттың тірі қалғандарына да,
Jere Kaz 25:21  Едом, Моаб және Аммонның халқына,
Jere Kaz 25:22  Тир мен Сидонның барлық патшаларына, теңіздің ар жағындағы аралдар мен жағалауларындағы жерлердің патшаларына да,
Jere Kaz 25:23  Дедан, Тема, Буздың халықтарына, шалғайда тұратын бүкіл көшпенділерге,
Jere Kaz 25:24  Арабияның және иен даланы мекендейтін әр түрлі ұлттардың барлық патшаларына,
Jere Kaz 25:25  Зімри, Елам және Мидия патшаларының бәріне,
Jere Kaz 25:26  алыс-жақын солтүстік елдерінің барлық патшаларына, бірінен кейін біріне, жалпы, бүкіл жер жүзінің патшалықтарына Жаратқан Иенің қаһарына толы «тостағаннан ішкіздім». Бәрінің соңынан Шешах патшасы да содан «ішетін» болады.
Jere Kaz 25:27  — Бұдан кейін оларға былай де: Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, мынаны айтады: «ішіңдер, тоя ішіп, құсып тастаңдар!» Мен араларыңа жіберіп отырған семсерден құлап, қайтып тұрмаңдар!
Jere Kaz 25:28  Ал егер олар сенің қолыңнан «тостағанды» алып, «ішуден» бас тартса, оларға былай де: Әлемнің Иесі мынаны айтады: Сендер одан міндетті түрде ішесіңдер!
Jere Kaz 25:29  Ойлаңдаршы, Мен тіпті Өзімнің атыммен аталған қаланың басына да апат түсіремін. Сонда өздеріңді жазадан құтыламыз деп ойлайсыңдар ма? Жоқ, құтылмайсыңдар, өйткені жер бетінің күллі тұрғындарына семсерді жіберемін! — деп нық айтады Әлемнің Иесі.
Jere Kaz 25:30  Сонымен оларға қарсы мына пайғамбарлық сөздердің бәрін де айт: Жаратқан Ие заңғар биіктен ақырып, Өзінің киелі тұрағынан даусын естіртеді. Ол осы шұрайлы елге Өзінің бар даусымен күркіреп, бүкіл жер бетінің тұрғындарына жүзімді таптап шырынын ағызатын жұмысшылар айқайлағандай қатты айқай салады.
Jere Kaz 25:31  Осы айқай-шу жердің шет-шеттеріне дейін жететін болады. Өйткені Жаратқан Ие ұлттарды айыптап, барлық халықтарға үкімін шығарып, ішіндегі зұлымдарын семсерімен құртатын болады, — дейді Жаратқан Ие.
Jere Kaz 25:32  Әлемнің Иесі тағы мынаны да айтады:— Қараңдаршы! Апат бір халықтан екінші халыққа тарап, жердің бар түкпірлерінен алапат дауыл тұрып келе жатыр.
Jere Kaz 25:33  Сол кезде Жаратқан Иенің қолынан мерт болғандар жердің бір шетінен екінші шетіне дейін барлық жерде жатады. Оларды ешкім жоқтап қайғырмайды да, өліктерін жинап, қабірге қоймайды да. Олар далада қи-қоқыс сияқты шашылып жататын болады.
Jere Kaz 25:34  Ей, «бақташылар», жылап-сықтаңдар, «отардың жетекшілері», қатты қайғырып күлге аунаңдар! Сендердің қырылып, бытырап кететін уақыттарың келді. Сендер құлап, қымбат ыдыстай сынып қаласыңдар.
Jere Kaz 25:35  Бақташылардың қашып баратын, жетекшілердің бас сауғалайтын жері болмайды.
Jere Kaz 25:36  Бақташылардың жан айқайы, жетекшілердің еңіреп жылауы естіліп тұр. Өйткені Жаратқан Ие олардың жайылымдарын жайпап жатыр.
Jere Kaz 25:37  Тыныш жатқан көгалдар Жаратқан Иенің жалындаған қаһарынан тып-типыл болады.
Jere Kaz 25:38  Ол апанынан шыққан арыстандай тап беруге дайын тұр. Олардың елдері басқыншының семсерінен және Жаратқан Иенің жалындаған қаһарынан қаңырап бос қалады.