Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
JEREMIAH
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 22
Jere Kaz 22:1  Жаратқан Ие маған былай деп тапсырды: «Яһуда патшасының сарайына ылдилап бар да, сонда мына сөздерді жарияла:
Jere Kaz 22:2  Уа, Дәуіттің тағында отырған Яһуда патшасы, Жаратқан Иенің сөзін тыңда! Уа, осы қақпалар арқылы сарайыңа кіретін өзің де, нөкерлерің де, халқың да, құлақ түріңдер!
Jere Kaz 22:3  Жаратқан Ие мынаны айтады: Әділдік пен шындықты ұдайы қолдаңдар! Жәбірленгенді қысым көрсетушісінен құтқарыңдар! Жат жұрттыққа, жетім-жесірге жәбір көрсетпеңдер! Бұл елде жазықсыз адамның қанын төкпеңдер!
Jere Kaz 22:4  Егер осы бұйрықтарыма бағынатын болсаңдар, онда Дәуіттің тағында отырған патшалар мына сарай қақпалары арқылы күйме, аттарымен өтіп, соңынан нөкерлері мен халқы еріп (салтанатты шерумен) кіретін болады.
Jere Kaz 22:5  Ал егер сол бұйрықтарыма бағынбасаңдар, онда бұл сарай қираған үйіндіге айналады деп Өзімнің атыммен ант етемін, — деп ескертеді Жаратқан Ие.
Jere Kaz 22:6  Өйткені Жаратқан Ие Яһуда патшасының сарайы туралы мынаны айтады: Осы сарай Маған орманды Ғилақад аймағындай, самырсын қаптаған Ливан тауының бастарындай көрінсе де, Мен оны иен далаға, ешкім тұрмайтын бос қалаларға айналдырамын.
Jere Kaz 22:7  Оған қарсы құртушыларды жіберемін, әрқайсысы қару-жарағын асынып келеді. Олар сарайдың таңдаулы самырсын тақтайшаларын шапқылап, отқа лақтырады.
Jere Kaz 22:8  Көптеген ұлттардың адамдары осы қаланың қасынан өткенде бір-бірінен: «Жаратқан Ие неліктен осы ұлы қалаға мұны істеді екен?» деп сұрайтын болады.
Jere Kaz 22:9  Сонда: «Олар өз Құдайлары Жаратқан Иемен жасаған Келісімнен бас тартып, бөгде тәңірлерге иіліп құлшылық етіп кетті!» деп жауап беріледі.
Jere Kaz 22:10  Жосия патша марқұмды жоқтамаңдар, ол үшін жылап аза тұтпаңдар! Қайта, басқа жаққа айдалып әкетілген (Шаллум) патша үшін қайғырыңдар, өйткені ол енді қайтып туған еліне келмейді де, оны көрмейді де.
Jere Kaz 22:11  Себебі Жаратқан Ие әкесі Жосияның орнын басқан, енді Мысырға жер аударылып кеткен Шаллум туралы мынаны айтады: Ол мұнда ешқашан қайта оралмайды!
Jere Kaz 22:12  Шаллум айдалып кеткен жерінде өмірінің соңына дейін тұрып, бұл елді бұдан былай көрмейді!
Jere Kaz 22:13  Үйін әділетсіздікпен, жоғарғы бөлмелерін заңсыздықпен салып алған адамды Мен жазалаймын! Ол шеберлерге тегін жұмыс істетіп, тиесілі еңбекақыларын төлемей:
Jere Kaz 22:14  «Өзіме арнап жоғарғы бөлмелерін кең етіп зәулім сарай саламын! Соған үлкен терезе жасап, ішін самырсынмен қаптап, қызыл бояумен әшекейлеймін» деп мақтанады.
Jere Kaz 22:15  Алайда самырсыннан сарай салғаның сені ұлы патша қыла ма? Әкең марқұм тоя ішіп-жеп жайлы тұрмыс құрды емес пе? Ол әділдік пен шындықты жүзеге асырып, соның нәтижесінде игілікті өмір сүрді.
Jere Kaz 22:16  Әкең бейшара мен кедейдің мүдделерін қорғап, елдің жағдайы жақсы болды. Мені жақыннан танып білу дегеннің өзі осы емес пе? — дейді Жаратқан Ие.
Jere Kaz 22:17  Ал сен жан-тәніңмен арам пайдаға құнығып, жазықсыз қан төгіп, басқаға зорлық-зомбылық жасауды ынтыға көздейсің.
Jere Kaz 22:18  Сондықтан Яһуда патшасы Жосия ұлы Жохақым туралы Жаратқан Ие мынаны айтады: Кезінде оның отбасын: «Ой, бауырым, ой, қарындасым!» деп ешкім жоқтамайтын болады, оның өзін де жұрт: «Беу, тақсыр ием-ай! Ой, патшам-ай!» деп те жоқтамайды.
Jere Kaz 22:19  Қайта, оның өлігін есектің өлімтігіндей Иерусалимнің қақпасынан сыртқа сүйреп шығарып, далаға лақтырып тастайды!
Jere Kaz 22:20  Уа, Иерусалим халқы, Ливанға көтеріліп шығып, айқайла! Башанның тауларынан да даусыңды шығарып, Моабтағы Абарим қыратынан да айқай сал! Себебі көңілдес одақтастарыңның барлығы талқандалды!
Jere Kaz 22:21  Жағдайың аман-есен болып тұрған кезде саған ескерткен едім, ал сен: «Тыңдағым да келмейді!» дейтінсің. Сен жас кезіңнен-ақ осылай істеп, даусыма мүлдем құлақ аспай келесің.
Jere Kaz 22:22  Басшыларыңның бәрін жел үрлеп әкетеді. Көңілдес одақтастарың да жер аударылып әкетіледі. Ақыры сен өз зұлымдығыңнан ұятқа қалып, масқараланасың.
Jere Kaz 22:23  Сен Ливанда тұрып, оның самырсын ағаштарында ұя салған құс іспетті қауіпсіз сезінгенмен, сотталып жазаланған күніңде толғатқан әйелдей азап тартып қиналғанда қалайша ыңқылдар екенсің!
Jere Kaz 22:24  Мәңгі тірі Жаратқан Ие өз атымен ант етіп былай дейді: Уа, Яһуда патшасы Жохақым ұлы Ехониях, Менің оң қолымдағы мөрлі жүзігімдей беделді болған едің. Алайда Мен сені қолымнан жұлып алып тастайтын боламын!
Jere Kaz 22:25  Сені жаныңды алмақ болған, өзің зәрең қалмай қорқатын адамдардың, яғни Бабыл патшасы Набуходоносор мен халдей жасақшыларының, қолдарына түсіремін!
Jere Kaz 22:26  Мен өзіңді де, сені дүниеге келтірген шешеңді де бөтен елге айдатып жіберемін. Сендер сол жерде тумағанмен, сонда өлетін боласыңдар.
Jere Kaz 22:27  Осы елге қайтуды қанша аңсасаңдар да, оған қайта оралмайсыңдар».
Jere Kaz 22:28  «Мына адам Ехониях шынымен сынып, қоқысқа тасталған ыдыс іспетті ме? Оның өзі және балалары білмейтін алыс елге неліктен айдалып әкетілмек?» деп сұрайтын шығар.
Jere Kaz 22:29  Уа, елім! Уа, жерім! Уа, ел-жұртым! Жаратқан Иенің сөзін мұқият тыңдаңдар!
Jere Kaz 22:30  Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: «Бұл кісіні баласыз, өмір бойы табысқа жетпейтін адам деп жазып қойыңдар! Себебі оның бірде-бір баласы Дәуіттің тағына отырып, Яһуда еліне билік жүргізбейтін болады».