Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
JEREMIAH
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 18
Jere Kaz 18:1  Жаратқан Ие Еремияға сөзін арнап былай деп бұйырды:
Jere Kaz 18:2  «Қазір ылдилап құмырашының үйіне бар! Сол жерде саған халыққа айтатын хабарымды жеткіземін».
Jere Kaz 18:3  Мен құмырашының үйіне барғанда, ол аяғымен ұршығын айналдырып жұмыс істеп отыр екен.
Jere Kaz 18:4  Саз балшықтан жасап отырған бір ыдысының пішіні дұрыс шықпай қалғанда, шебер оны бұзып, қайтадан илеп, өз ойындағыдай етіп басқа бір ыдысты жасап шығарды.
Jere Kaz 18:5  Сонда Жаратқан Ие маған сөзін арнап былай деді:
Jere Kaz 18:6  «Уа, Исраилдің үрім-бұтағы, мына құмырашының өзінің ыдыстарына істегенін Мен сендерге істей алмаймын ба? Жаратқан Ие мынаны айтады: Балшық шебердің қолында болғандай, сендер де Менің қолымдасыңдар, уа, Исраил халқы.
Jere Kaz 18:7  Кейде Мен бір халықты не патшалықты елінен түп-тамырымен жұлып, құлатып, жоюым керек деп шешемін.
Jere Kaz 18:8  Бірақ егер сол халық өзінің жасап жүрген зұлым істеріне өкініп, солардан бас тартса, онда Мен де райымнан қайтып, жіберейін деп отырған апатты оларға жібермеймін.
Jere Kaz 18:9  Ал басқа кезде Мен бір халықты не патшалықты орнатып, нығайту керек деп шешемін.
Jere Kaz 18:10  Бірақ сол халық даусыма құлақ аспай, Маған жек көрінішті істер істесе, онда Мен де оларға жасаймын деген жақсылығымды жасамай қоямын.
Jere Kaz 18:11  Сондықтан Яһуданың адамдарына және Иерусалимнің тұрғындарына былай де: Жаратқан Ие мынаны айтады: Біліп алыңдар: Мен сендерге бір жаман апатты ойластырып дайындап жатырмын. Сондықтан әрқайсың зұлым жолдарыңнан қайтып, іс-әрекеттерің мен жүрген жолдарыңды түбегейлі өзгертіңдер!»
Jere Kaz 18:12  Бірақ олар: «Біз үшін әуре болмай-ақ қой! Өз ниетімізді іске асыра береміз. Ешқайсымыз алған бетімізден қайтпай, ойға алған айлалы істерімізді жүзеге асырамыз!» дейтін болады.
Jere Kaz 18:13  Сол себепті Жаратқан Ие мынаны айтады: «Басқа ұлттардан сұраңдаршы, бұндай нәрсе туралы кім естіп көріпті? Бұрын пәк қыздай болған Исраил халқы жексұрын іс жасады!
Jere Kaz 18:14  Ливан тауының асқар шыңдарынан қар кете ме? Алыстан ағып келген оның мұздай суы сарқыла ма? (Әрине, жоқ.)
Jere Kaz 18:15  Бірақ өз халқым Мені елемей тастап кетті! Олар түкке тұрғысыз тәңірсымақтарға арнап хош иісті заттар түтетіп табынады. Осы жалған тәңірлер халқымды сүріндіріп, ежелгі ізгі жолдарынан тайдырып, нашар сүрлеу жолдарға түсірді.
Jere Kaz 18:16  Сондықтан оның жері қиратылып, басқа халықтар оны ысқырып, келекелейді. Сол жермен өткен-кеткендердің бәрі аңтарыла жандары түршігіп, бастарын шайқайтын болады.
Jere Kaz 18:17  Шығыстан соққан дауыл сияқты, Мен оларды жауларының алдында шашыратып жіберемін. Бастарына күн туғанда Мен олардан сырт айналып, бет-жүзімді көрсетпеймін».
Jere Kaz 18:18  Сол кездері кейбіреулер: «Еремияға қарсы қолданылатын шаралар ойластырып, оның аузын жабайық. Таурат заңын үйрететін діни қызметкерлер, ақыл-кеңес беретін данышпандар, Құдайдың хабарын жеткізетін пайғамбарлар өз арамыздан таусылмайды. Кәне, сол кісіге жала жауып, айтқан сөздеріне құлақ аспайық!» — деп сөз байласты.
Jere Kaz 18:19  (Сонда пайғамбар былай деп мінажат етті:) «Тыңдашы мені, Жаратқан Ие! Айыптаушыларымның не айтып жатқанына құлақ түре көрме.
Jere Kaz 18:20  Жақсылыққа жамандықпен қайтаруға бола ма? Ал бұлар маған ор қазуда. Қаһарыңды оларға жаудырмауың үшін мен олардың игілігін көздеп Сенің алдыңда тұрып жалбарынғанымды есіңе түсіре көрші!
Jere Kaz 18:21  Солардың балаларын ашаршылыққа ұшыратып, семсерден өлім құшыр. Аналары балаларынан айырылып, әйелдері жесір қалсын, ер адамдары індеттен құрып, жастары шайқаста семсердің жүзінен мерт болсын.
Jere Kaz 18:22  Сен оларға кенеттен басқыншылар жібергенде, үйлерінен зар жылаған дауыстар шықсын! Себебі мені қолға түсіру үшін олар маған ор қазып, жолыма тор құрды.
Jere Kaz 18:23  Бірақ Сен, уа, Жаратқан Ие, олардың мені өлтіруге жасаған барлық жоспарларын білесің. Олардың қылмыстары мен күнәларын кешіріп, есіңнен шығара көрме! Қаһарлы сотың кезінде оларға лайықтысын қайтарып, Өзіңнің алдыңда жайпап құртып жібере гөр!»