Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
JEREMIAH
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 9
Jere Kaz 9:1  Шіркін, басым су шығатын қайнар, көздерім жас ағатын бұлақ болса ғой! Сонда күні-түні халқымның қырылып қаза тапқандарын жоқтап жылар едім!
Jere Kaz 9:2  Иен даланың шалғай бір түкпірінде жол жүрушілер қонақтайтын жерім болса ғой, шіркін! Сонда мен халқымды тастап, олардан безіп кетер едім! Себебі олардың бәрі азғындыққа салынған опасыз жамағат!
Jere Kaz 9:3  «Бұлар тілдерін садақтай иіп, өтірікті жебедей боратады. Өтіріктің арқасында олар елге өктемдік жасап, зұлым іс-әрекеттерін жалғастыруда. Ал Мені тіпті танып мойындамайды да, — дейді Жаратқан Ие. —
Jere Kaz 9:4  Әрқайсың достарыңнан абай болып, туысқаныңның бірде-біреуіне де сенуші болма! Туысқандарыңның әрбіреуі алдаушы, достарыңның әрбіреуі өсекші.
Jere Kaz 9:5  Олар бір-бірін алдап, ешқайсысы да шындықты айтпайды. Тілдері өтірік айтуға машықтанған, күнә жасауларымен-ақ өздерін шаршатады.
Jere Kaz 9:6  Сен өтірікші адамдардың ортасында өмір сүріп жатырсың. Өздерінің алдамшылығына бола олар Мені танып мойындаудан бас тартады», — дейді Жаратқан Ие.
Jere Kaz 9:7  Сондықтан Әлемнің Иесі мынаны айтады:— Мен алтынды көрікте балқытып тазартатындай енді оларды (азап отында) тазартамын. Опасыз қыздай күнәға батқан халқыма осыдан басқа істейтін шарам қалған жоқ.
Jere Kaz 9:8  Олардың ауыздарынан шыққан сөздері ажал себетін жебедей, айтқандары өтірік. Жақынымен сөйлескенде татулық жайлы айтады, ал іштей оған қарсы тұзақ құруды ойлап тұрады.
Jere Kaz 9:9  Осындай істері үшін оларды жазаламай қоя берейін бе? — деп сұрайды Жаратқан Ие. — Егер мұндай халыққа лайықтысын қайтармасам, соным дұрыс болар ма еді?!
Jere Kaz 9:10  — Дегенмен тау-төбелер үшін жылап-сықтап, елсіз даладағы жайылымдар үшін жоқтау айтамын. Олар күнге күйіп қаңырап бос жатыр, олармен ешкім жүрмейді, малдың үні де естілмейді. Құс пен аң да олардан безіп кеткен.
Jere Kaz 9:11  — Мен Иерусалимді бір төбе үйінді етіп, оны шибөрілердің мекені қыламын. Яһуданың басқа қалаларын да адам баласы тұрмайтындай етіп қаңыратып бос қалдырамын. — (Жаратқан Ие осыны нық айтады.)
Jere Kaz 9:12  — Бұны түсінуге кімнің даналығы жетеді? Жаратқан Ие оған соны түсіндіріп, енді бізге де ұғындыра алатын адам кім? Ел неге құрып, ешкім жүрмейтін шөл даладай күнге күйіп, қаңырап бос қалған?
Jere Kaz 9:13  Сонда Жаратқан Ие былай деді:— Оның себебі: халықтың Мен өздеріне берген Таурат заңынан безіп кетуі. Олар Менің сөздеріме құлақ түрген де жоқ, заңыма сәйкес өмір сүрген де жоқ.
Jere Kaz 9:14  Қайта, қасарысып өз жүректерінің қалауымен жүріп, әкелерінен үлгі-өнеге алып, жалған тәңір Бағалдың мүсіндеріне табынып кетті.
Jere Kaz 9:15  Сондықтан Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы мынаны айтады: Біліп қойыңдар, Мен мына халыққа азаптың жусандай ащы дәмін татқызып, соттың улы сусынын ішкіземін.
Jere Kaz 9:16  Оларды өздері де, ата-бабалары да бұрын еш білмеген ұлттардың арасына шашыратып, олар толығымен құрып бітпейінше, арттарынан семсер асынған жауларын жіберіп отырамын.
Jere Kaz 9:17  Әлемнің Иесі мынаны айтады:— Қазіргі жағдайды ойланып көріңдер! Жоқтаушы әйелдерді шақырып, олардың ең шеберлерін алдыртыңдар!
Jere Kaz 9:18  (Яһуда халқы былай дейтін болады:) Олар тезірек келіп, бізді жоқтап жылап, көзімізден жас шығартып, судай ағызсын!
Jere Kaz 9:19  Себебі Сионнан жоқтаудың даусы естіледі: «Барымыздан тоналып құрыдық біз! Масқара болдық! Үйлеріміз қирап, елден кетуге мәжбүрміз».
Jere Kaz 9:20  Әй, әйелдер, Жаратқан Иенің сөзін тыңдаңдар! Құлақтарыңды Оның айтатын сөздеріне түріңдер. Қыздарыңа жылап-сықтауды, ал бір-біріңе жоқтау жырларын айтуды үйретіңдер!
Jere Kaz 9:21  Себебі ажал тереземізден кіріп, қорған-сарайларымызға еніп жатыр. Ол көшеде ойнап жүрген балаларымыз бен алаңдарда бас қосқан жас жігіттерімізді құртпақшы.
Jere Kaz 9:22  Сен былай де: «Жаратқан Ие мынаны айтады: Адам сүйектері даладағы қи іспетті, орақшының соңынан қалған бидай баулары сияқты шашылып жататын болады! Ал соларды жинап, қабірге қоятын ешкім де болмайды.
Jere Kaz 9:23  Жаратқан Ие мынаны да айтады: Дана даналығымен, мықты мықтылығымен, бай байлығымен мақтанбасын!
Jere Kaz 9:24  Ал кім мақтанғысы келсе, тек Менің Жаратқан Ие екенімді және жер бетінде рақым, әділет пен әділдікті жүзеге асыратынымды біліп-түсінетінімен мақтансын! Себебі Мен осылардан рақат табамын. Мен, Жаратқан Ие, осылай деймін.
Jere Kaz 9:25  Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: Болашақта Мен тек тәні ғана сүндеттелген халықтарды:
Jere Kaz 9:26  Мысыр, Яһуда, Едом, Аммон, Моаб елдерін және шөл даланың шалғай шеттерінде тұратындардың бәрін жазалаймын. Өйткені осы халықтар сияқты бүкіл Исраил халқы да сүндеттеу рәсімін ұстанғанымен, Маған шын жүректен бағышталмаған».