Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
JEREMIAH
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 35
Jere Kaz 35:1  Яһудаға Жосия ұлы Жохақым патшалық құрған кезде Жаратқан Ие Еремияға сөзін арнап былай деді:
Jere Kaz 35:2  «Рехаптың әулетіне бар да, оларды Жаратқан Иенің ғибадатханасының бүйір жағындағы бөлмелердің біреуіне шақырып, ішуге шарап ұсын!»
Jere Kaz 35:3  Сонда мен Еремияның ұлы, Абасинияхтың немересі Язанияхқа, оның бауырлары мен барлық балаларына, жалпы, рехаптықтардың бүкіл әулетіне бардым.
Jere Kaz 35:4  Оларды Жаратқан Иенің ғибадатханасына шақырдым. Сол жерде оларды Құдайдың адамы Иғдалиях ұлы Хананның үрім-бұтағының бөлмесіне ертіп апардым. Бұл бөлме ғибадатхана басқарушыларының бөлмесіне көршілес әрі ғибадатхана қақпашысы Шаллум ұлы Мағасияхтың бөлмесінің үстінде орналасқан еді.
Jere Kaz 35:5  Сонда мен рехаптықтар әулетінің ер адамдарының алдына шарапқа толы бірнеше құмыра мен тостағандар қойып:— Шараптан ішіңіздер, — деп ұсындым.
Jere Kaz 35:6  Бірақ олар былай деп жауап берді:— Біз шарап ішпейміз. Өйткені арғы атамыз Рехап ұлы Жонадаб бізге мына өсиетін айтып кеткен: «Сендер өздерің де, ұрпақтарың да ешқашан шарап ішпеңдер!
Jere Kaz 35:7  Үй салып, егін егіп, жүзімдік отырғызбаңдар, сондайларды иемденбеңдер де! Керісінше, әрқашан шатырларда тұрыңдар. Сонда сендердің көшіп-қонып жүрген осы елдегі ғұмырларың ұзақ болады».
Jere Kaz 35:8  Бабамыз Рехап ұлы Жонадаб қалдырған осы өсиетті түгелдей орындап келеміз. Біздің өздеріміз де, әйелдеріміз бен ұл-қыздарымыз да ешқашан шарап ішкен де,
Jere Kaz 35:9  тұратын үй салған да емеспіз. Не жүзімдік, не егістік дала, не піскен егін иемденген кезіміз де болған емес.
Jere Kaz 35:10  Біз шатырларда тұрып, Жонадаб бабамыздың өсиетіне мойынсұнып, оны толығымен орындап келеміз.
Jere Kaz 35:11  Бірақ Бабыл патшасы Набуходоносор елге басып кіргенде біз халдейлер мен арамалықтардың әскерінен бас сауғалау үшін Иерусалимге келуді шештік. Осы себептен де қазір Иерусалимде тұрып жатырмыз.
Jere Kaz 35:12  Сонда Жаратқан Ие Еремияға сөзін арнап былай деді:
Jere Kaz 35:13  — Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, мынаны айтады: Яһуданың адамдарына әрі Иерусалимнің тұрғындарына былай де: Сендер бұлардың сенімділігінен тәлім алып, Менің айтқандарыма мойынсұнудан бас тарта бермексіңдер ме?
Jere Kaz 35:14  Рехап ұлы Жонадаб өзінің ұрпақтарына шарап ішпеуді өсиеттеген еді. Олар оның өсиетін қазірге дейін орындап, бабаларының айтқанымен жүріп, осы күнге дейін шарапты ауызына алмай келеді. Ал Мен сендерге жиі-жиі айта берсем де, сендер Маған еш мойынсұнған емессіңдер.
Jere Kaz 35:15  Мен сендерге өз қызметшілерім — пайғамбарларды қайта-қайта жіберіп отырдым. Олар сендерге: Әрбіреуің теріс жолдарыңнан қайтыңдар, бөтен тәңірлердің жолын қумаңдар! Сонда сендер Жаратқан Иенің өздеріңе және ата-бабаларыңа табыстаған елінде тұра бересіңдер, деп ескертіп жүрді. Бірақ сендер Маған құлақ асып, тілімді алған жоқсыңдар.
Jere Kaz 35:16  Ойлаңдаршы: Рехап ұлы Жонадабтың ұрпақтары оның берген өсиетін ұстанып келе жатыр. Алайда мына халық Мені тыңдамай келеді!
Jere Kaz 35:17  Сондықтан Исраилдің Құдайы, Әлемнің Иесі Жаратқан Ие, мынаны айтады: Мен Яһуда мен Иерусалимнің барлық тұрғындарына алдын ала айтқан пәлені толығымен жіберемін. Себебі Мен қанша айтсам да, олар тыңдамады. Мен дауыстап шақырсам да, олар жауап берген жоқ.
Jere Kaz 35:18  Содан соң Еремия рехаптықтар әулетіне арнап былай деді:— Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы мынаны айтады: Сендер арғы аталарың Жонадабтың өсиетіне мойынсұнып, оның барлық нұсқаулары мен бұйрықтарын орындап келесіңдер.
Jere Kaz 35:19  Сондықтан Рехап ұлы Жонадабтың ұрпақтарының арасынан біреу әрқашан алдымда тұрып Маған қызмет ететін болады. — Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы осыны нық айтады.