Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
JEREMIAH
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 16
Jere Kaz 16:1  Жаратқан Ие маған тағы да сөзін арнап былай деді:
Jere Kaz 16:2  — Бұл елде енді үйленіп, ұл-қыз сүюіңе болмайды!
Jere Kaz 16:3  Өйткені Мен, Жаратқан Ие, осы елде дүниеге келген ұл-қыздар мен олардың мұнда тұратын әке-шешелері туралы мынаны айтамын:
Jere Kaz 16:4  Олар жазылмайтын індеттерден қырылады. Оларды жоқтап, қабірге қоятын ешкім болмағандықтан, сүйектері қи-қоқыс сияқты әр жерде шашылып жататын болады. Ал қалғандары семсерден қаза тауып, аштан өледі; денелері аспандағы құстар мен жердегі аңдарға жем болады.
Jere Kaz 16:5  Мен, Жаратқан Ие, тағы мынаны айтамын: Сенің қазалы үйге барып, қайғыларына ортақ болып көңіл айтып, дәм татуыңа да болмайды! Себебі Мен бұл халықтан Өзімнің жарылқауым мен рақым-шапағатымды алып қойдым.
Jere Kaz 16:6  Осы елдің ұлығы да, қарасы да құриды. Олар қабірге қойылмай қалады, ешкім аза тұтып жоқтамайды да. Олардың өлгенін жоқтап, өз денелерін тілгілеп жарақаттап, шашын тақырлап алып тастайтын да ешкім болмайды.
Jere Kaz 16:7  Аза тұтып жатқан адамдарды жұбатып, нан үзіп беретін де, тіпті өлген әке-шешесін еске алғанда жұбаныш сусынын құйып беретін де ешкім болмайды.
Jere Kaz 16:8  Той болып жатқан үйге кіріп, олармен бірге отырып, ішіп-жеуіңе де болмайды.
Jere Kaz 16:9  Өйткені Мен — Әлемнің Иесі Исраилдің Құдайы, мынаны айтамын: Бұл елде қуаныш пен шаттықтың үнін, күйеу мен қалыңдықтың көңілді дауыстарын сап тыямын. Сендер соны өз көздеріңмен көресіңдер, себебі бұл іс кейін емес, тірі кездеріңде болады.
Jere Kaz 16:10  Осының бәрін сен халыққа айт! Олар сенен: «Жаратқан Ие соншама азапты біздің басымызға не үшін төгейін деп отыр? Құдайымыз Жаратқан Иеге қарсы қандай күнә жасадық? Оның алдындағы айыбымыз қандай?» деп сұрайтын болса,
Jere Kaz 16:11  оларға былай деп жауап бер: «Өйткені сендердің ата-бабаларың Менен бас тартып кетті, — дейді Жаратқан Ие. — Олар бөгде тәңірлердің жолын қуып, соларға қызмет етіп иіліп, табынып кетті. Осылайша Мені тастап кетіп, Таурат заңымды сақтамады.
Jere Kaz 16:12  Бірақ сендер бұл жағынан тіпті ата-бабаларыңнан да асып кеттіңдер. Әркім өзінің қасарысқан жүрегінің қалауымен жүріп, Мені тыңдаудан бас тартып жүр.
Jere Kaz 16:13  Сондықтан Мен сендерді осы елден өздерің де, ата-бабаларың да бұрын танып білмейтін бір елге жіберемін. Сол жерде сендер күні-түні бөгде тәңірлерге құлшылық ететін боласыңдар. Ал Мен сендерге еш мейірім көрсетпеймін».
Jere Kaz 16:14  Әйтсе де Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: «Исраил халқын Мысыр елінен алып шыққан мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында шын айтамын» деп емес,
Jere Kaz 16:15  «Исраил халқын солтүстіктегі елден және Өзі аластатып жіберген басқа да барлық жерлерден алып келген мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында шын айтамын» деп ант беретін уақыт туатын болады! Өйткені Мен исраилдіктерді ата-бабаларына Өзім табыстаған елге қайта әкелетін боламын.
Jere Kaz 16:16  Ал қазір Мен көптеген балықшыларды жіберіп отырмын! — дейді Жаратқан Ие. — Сол балықшылар оларды қармап ұстап алатын болады. Мұнан кейін Мен көптеген аңшыларды жіберемін! Аңшылар исраилдіктерді барлық тау-төбелерден әрі жартастардың жарықтарынан іздеп жүріп, ұстап алатын болады.
Jere Kaz 16:17  Мен халқымның жүрген жолдарының барлығын көріп тұрмын. Олар көзімнен жасырын емес, ешбір күнәлары да Менің назарымнан тыс қалмайды.
Jere Kaz 16:18  Мен халқымды өз еліне қайтармас бұрын, оны жасаған ауыр күнәлары үшін екі есе қатты жазалаймын. Себебі олар Менің өздеріне табыстаған елімді жалған тәңірлерінің өлі де жексұрын мүсіндерімен арамдап, жерімді сол жиренішті нәрселерімен толтырып тастады.
Jere Kaz 16:19  — Уа, Жаратқан Ие, Сен күш-қуатымның қайнар көзісің, басыма күн туғанда паналайтын қорғанымсың. Жердің шет-шеттерінен халықтар Саған келіп: «Ата-бабаларымыз өтірікке алданып, түкке тұрғысыз тәңірсымақтарға табынып келді.
Jere Kaz 16:20  Адам өзі үшін тәңірлер жасай ала ма? Сондай «тәңірсымақтар» бәрібір шынайы құдай емес қой!» — дейтін болады.
Jere Kaz 16:21  — Міне, сондықтан да Мен оларға тәлім беремін, құдіретті билігім мен күш-қуатымды жуырда ашып көрсетемін. Сонда олар Менің есімімнің «Жаратқан Ие» екенін білетін болады.