Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
JEREMIAH
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 14
Jere Kaz 14:1  Жаратқан Иенің қуаңшылық туралы Еремияға арнаған сөзі мынау:
Jere Kaz 14:2  — Яһуда елі қайғырып, қалалары шөлден әлсіреп жатыр. Адамдар аза тұтып жерде отыр, Иерусалимнен зарлы дауыстар шығып жатыр.
Jere Kaz 14:3  Байлар қызметшілерін суға жібергенде, олар құдықтарға барып, су таба алмайды. Бос ыдыстарын көтеріп, абыржып, күдерлерін үзген олар бастарын жауып қайтып келеді.
Jere Kaz 14:4  Жаңбыр жаумай, жер қаңсып жарылып кеткендіктен, диқандар да қуаңшылыққа қайғырып, бастарын жабады.
Jere Kaz 14:5  Тіпті елік жаңа туған төлін шөптің жоқтығынан далаға тастап кетеді.
Jere Kaz 14:6  Жабайы есектер тақыр төбелерде тұрып, шибөрідей алқына тыныстайды. Шөптің жоқтығынан олардың көздері қарауытып жөндеп көрмейді.
Jere Kaz 14:7  — Күнәларымыздың көптігі бізге қарсы айғақ болса да, уа, Жаратқан Ие, өз есіміңнің даңқы үшін бізді құтқара көрші! Опасыздығымыз шегінен шыққан, Сенің көз алдыңда күнәға баттық.
Jere Kaz 14:8  Уа, Исраилдің үміті, қиын-қыстау кезіндегі Құтқарушысы! Неге Сен осы елде жат жұрттық адамдай, бір-ақ күн түнеп шығатын жолаушыдай болып тұрсың?
Jere Kaz 14:9  Неліктен Сен таңырқап абыржыған кісіге, құтқара алмайтын жауынгерге ұқсайсың? Уа, Жаратқан Ие, Сен арамыздасың, біз Сенің есіміңмен аталған халқыңбыз, бізді тастап кете көрме!
Jere Kaz 14:10  Осы халық туралы Жаратқан Ие мынаны айтады:— Олар Менен алшақ кетіп қаңғырғанды қатты сүйеді, аяқтарын аңдып баспай жүре береді. Сондықтан да Мен, Жаратқан Ие, оларды енді қайтадан қабылдамаймын, істеген зұлымдықтарын есіме алып, оларды күнәлары үшін жазалаймын.
Jere Kaz 14:11  Содан соң Жаратқан Ие маған тағы былай деді:— Бұл халықтың игілігін тілеп Маған сиынба!
Jere Kaz 14:12  Олар ораза ұстаса да, жалбарынышына құлақ аспаймын! Құрбандықтар мен астық тартуларын өртеп ұсынса да, соларын қабылдамаймын! Мен оларды семсер, ашаршылық және індет арқылы қырып-жоямын.
Jere Kaz 14:13  Сонда мен былай дедім:— Уа, Жаратушы Тәңір Ие! Ал пайғамбарлар оларға: «Жаудың семсерін көрмейсіңдер, ашаршылық та болмайды! Қайта, Мен сендерге бұл жерде амандық пен тыныштық сыйлаймын дейді Жаратқан Ие», — дей береді. —
Jere Kaz 14:14  Жаратқан Ие маған былай деп жауап берді:— Сол пайғамбарлар Менің атымнан сөйлегенсіп жалған айтып жүр. Мен оларды жіберген де жоқпын, сондай бұйрық берген де жоқпын! Оларға тіл қатқан да емеспін. Олар сендерге жалған аяндар мен болжамдарды білдіріп, түкке тұрғысыз түстері мен өздері ойлап шығарған әңгімелерін айтып жүр.
Jere Kaz 14:15  Сондықтан Мен, Жаратқан Ие, Өзімнің атымнан хабарларын жеткізіп жүрген пайғамбарлар туралы мынаны айтамын: Мен оларды жіберген емеспін. Бірақ олар: «Бұл елге не семсер, не ашаршылық жуымайды!» деп жариялап жүр. Расында дәл осы пайғамбарлардың өздері семсерден қаза тауып, аштан өледі!
Jere Kaz 14:16  Олардың пайғамбарлық сөздері жеткен басқалар да семсер мен ашаршылықтан қырылып, мәйіттері Иерусалимнің көшелеріне лақтырылады. Олардың өздері мен әйелдерін, ұлдары мен қыздарын қабірге қоятын ешкім болмайды. Осылайша Мен лайықты пәлелерін бастарына төгемін!
Jere Kaz 14:17  Енді оларға мына хабарды жеткіз: «Күні-түні көз жасым ағылып тоқтамасын! Себебі ежелде пәк қызымдай болған Менің халқым қатты соққы жеп, ауыр жарақаттанды.
Jere Kaz 14:18  Далаға шықсам көретінім — семсерден қаза тапқандар, қалаға кірсем — аштықтан өлермен болғандар. Діни қызметкер де, пайғамбар да өздері білмейтін елге жер аударылып кеткен».
Jere Kaz 14:19  — Онда Яһудадан толығымен бас тартқаның ба? Сиондағы қала да Саған жек көрінішті болып кеткені ме? Енді қайтып сауықпайтындай қылып бізге неге соққы бердің? Амандық пен тыныштықты күтіп келеміз, бірақ жақсы еш нәрсе болмады. Сауығатын кезімізді тосып келеміз, бірақ басымыздан өткені қорқыныш!
Jere Kaz 14:20  Өз күнәларымызды, ата-бабаларымыздың зұлымдығын мойындаймыз, уа, Жаратқан Ие! Біз шынында да Сенің алдыңда күнә жасадық.
Jere Kaz 14:21  Ұлы атыңның шығуы үшін бізден кері бұрыла көрме! Жер бетіндегі салтанатты тағың — киелі үйіңнің қорлануына жол бере көрме! Бізбен жасаған Келісіміңді есіңде ұстап, бұза көрме!
Jere Kaz 14:22  Басқа ұлттардың түкке тұрғысыз жалған тәңірлері жаңбыр жібере ме? Әлде аспан өзінен-өзі нөсерді жаудыра ма? Жоқ, соны істейтін тек Сен ғана, уа, Құдайымыз Жаратқан Ие! Саған үмітімізді артамыз, өйткені осының бәрін де жасайтын Сенсің!