Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
JEREMIAH
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 15
Jere Kaz 15:1  Сонда Жаратқан Ие маған тіл қатып былай деді:— Тіпті Мұса мен Самуил осында Менің алдымда тұрып, олар үшін өтініш жасаса да, бәрібір бұл халыққа жаным ашымас еді. Халықты Менің көз алдымнан қуып жіберіңдер, кетсін!
Jere Kaz 15:2  Ал егер: «Қайда баруымыз керек?» деп сұраса, сен оларға былай де: Жаратқан Ие мынаны айтады: Әркім өзіне бұйырылғанына барсын: індеттен өлуге бұйырылғаны індетке, семсерге бұйырылғаны семсерге, аштыққа бұйырылғаны аштыққа, жер аударылуға бұйырылғаны жер аударылуға кетсін!
Jere Kaz 15:3  Мен оларды төрт түрлі өліммен жазалаймын: өлтіру үшін семсер, жұлмалап боршалау үшін иттер, жалмап жоқ қылу үшін аспанның жыртқыш құстарын және жердің аңдарын жіберемін. Мен, Жаратқан Ие, осыны нық айтамын.
Jere Kaz 15:4  Яһуданың патшасы Езекия ұлы Манасаның Иерусалимде істеген зұлым істері үшін Мен оларды жер бетіндегі барлық патшалықтардың алдында қорқынышты көрініс етемін.
Jere Kaz 15:5  «Сонда сені кім мүсіркейді, ей, Иерусалим? Қайғыңа кім ортақ болады? Халіңді сұрап саған кіріп-шығатын біреу бола ма?
Jere Kaz 15:6  Сен өзің Мені менсінбей, бас тарттың, — дейді Жаратқан Ие. — Менен кері бұрылып кете бересіңдер. Сол үшін Мен саған қарай қолымды созып көзіңді құртамын. Енді саған рақым көрсете алмаймын».
Jere Kaz 15:7  Мен халқымды оның қала қақпаларындағы қырмандарында бидайды желпуші диқандай күрекпен желге ұшырамын. Халқым теріс жолдарынан кері қайтпағандықтан, оны ұл-қыздарынан айырып, қырып-жоямын.
Jere Kaz 15:8  Олардың жесірлері Менің көз алдымда теңіз жағалауындағы құм қиыршықтарынан да көп болады. Тал түсте кенеттен халықтың жас жігіттерінің шешелеріне қырып-жоюшы жауды жіберіп, бойларын қорқыныш пен үрейге билетемін.
Jere Kaz 15:9  Сонда жеті баланың анасы әлсіреп, соңғы демін шығарады. Оның күні күндізгі уақытта-ақ батып кетеді. Ол балаларынан айырылып, масқара болды. Ал халықтың тірі қалғандарын жауларының семсерімен өлтіртемін, — деп ескертеді Жаратқан Ие.
Jere Kaz 15:10  — Қайран шешем-ай, неге маған жарық көрсеттің? Бүкіл елмен айтысып-таласып жүрген адаммын ғой! Ешкімнен аласым, ешкімге бересім жоқ, әйтсе де бәрі мені жек көріп қарғайды, — дедім.
Jere Kaz 15:11  Жаратқан Ие жауап беріп былай деді:— Мен сені ізгі ниетпен нығайтамын. Елдің басына апат пен ауыртпалық түскен кезде тіпті дұшпандарыңа да сенен көмек сұратып жалындырамын.
Jere Kaz 15:12  Адам жай қолымен-ақ темірді, тіпті солтүстіктен келтірілген темірді немесе қоланы сындыра ала ма?
Jere Kaz 15:13  Уа, халқым, Мен сенің қазына-дәулетіңді жауға тегіннен-тегін олжа етіп бере саламын. Себебі сен бүкіл елің бойынша күнә жасай бердің.
Jere Kaz 15:14  Өзің бұрын танып білмеген елден жауыңды алып келемін. Өйткені қаһарымнан от тұтанып, ол сендерге қарсы лаулап жатыр.
Jere Kaz 15:15  — Уа, Жаратқан Ие, Сен бәрін де білесің! Мені есіңде ұстап, назарыңнан тыс қалдырмашы. Қудалаушыларыма лайықты жазаларын тартқыза гөр! Сен аса шыдамдысың, опат болуыма жол бере көрме! Осы масқараға Өзіңе бола төзіп жүргенімді жақсы білесің ғой.
Jere Kaz 15:16  Сөздерің маған жеткен кезде, олардан рухани нәр алып жан дүниеме азық еттім. Сенің сөздерің маған қуаныш әкеліп, жүрегім ләззат тапты. Себебі мен Сенің есіміңмен аталғанмын, уа, Әлемнің Әміршісі Құдай Ие.
Jere Kaz 15:17  Әжуалаушы адамдармен бірге отырып, сауық-сайран құрған емеспін. Қайта, Сен маған қолыңды қойып тағайындап, ерекше тапсырма бердің. Содан мен жалғыз отырып, (олардың күнәларына бола) ашу-ызаға кенелдім.
Jere Kaz 15:18  Көретін азабым неліктен басылмайды? Маған түскен жара еш жазылмай ауыра береді. Сен мен үшін кенет пайда болып, кейін тартылып қалатын тұрақсыз бұлақ сияқты боласың ба? — дедім.
Jere Kaz 15:19  Сонда Жаратқан Ие маған мынаны айтты:— Егер айтқандарыңа өкініп, Маған қайтып келсең ғана, сені Өзіме қызметшім етіп қайтадан қабылдаймын. Пайдасыз емес, асыл сөз сөйлесең ғана, Менің хабаршым боласың. Сен халыққа емес, халық саған бет бұрсын!
Jere Kaz 15:20  Мен сені осы халық үшін қабырғадай, иә, бекіністі қола қабырғадай берік етемін. Олар сенімен күрессе де, сені жеңе алмайды, өйткені Мен саған жар болып, өзіңді құтқарып, аман сақтайтын боламын! Осы уәдені берген Мен Жаратқан Иемін.
Jere Kaz 15:21  Сені Өзім зұлымдардың қолынан құтқарып, қатыгез адамдардың шеңгелінен арашалап аламын.