Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
JEREMIAH
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 4
Jere Kaz 4:1  — Шіркін, қайтып келсең ғой, о, Исраил, Өзіме қайтып оралсаңшы! — дейді Жаратқан Ие. — Тек жиренішті тәңірсымақтарыңды Менің алдымнан аластатып, бұдан былай адасып тентіреулеріңді қоюға тиіссіңдер.
Jere Kaz 4:2  «Мәңгі тірі Жаратқан Ие» деген Менің атыммен ант беріп, шындық, әділет және әділдікпен жүріңдер. Содан өзге халықтар сендер арқылы жарылқанып, есімімді даңқтап, мақтан тұтатын болады.
Jere Kaz 4:3  Жаратқан Ие Яһуда мен Иерусалимнің адамдарына мынаны да айтады:— Жүректерің тікенек басқан тың жер сияқты қатайып кеткен. Тың жерлеріңді жыртыңдар! Тікенек арасына тұқым сеуіп ысыраптамаңдар!
Jere Kaz 4:4  Уа, Яһуда мен Иерусалимнің халқы! Өздеріңді толықтай Жаратқан Иеге арнаңдар, Оған жүректеріңді де түгелдей бағыштаңдар! Әйтпесе сендердің жасаған барлық күнәларыңнан Менің қаһарым жалындай лап етіп, оттай лаулайтын болады. Сонда оны ешкім сөндіре алмайды.
Jere Kaz 4:5  Яһудада хабарлап, Иерусалимде жариялаңдар, бар күштеріңмен айқайлап, мынаны айтыңдар: «Керней тартып, бүкіл елде дабыл қағыңдар! Бәріне былай деңдер: Жиналыңдар! Бекіністі қалаларға қашып барып бас сауғалайық!
Jere Kaz 4:6  Сионға қарай бағыттап белгі көтеріп қойыңдар! Босқа тұрмай, тез қашып құтылыңдар! Өйткені Мен солтүстіктен сұрапыл апат әкеле жатырмын!»
Jere Kaz 4:7  Халықтарды қырып-жоюшы жау ну қамыстағы апанынан шыға келген арыстандай екпіндеп келе жатыр. Жеріңді күйрету үшін ол өз орнынан аттанып шықты. Яһуда, сенің қалаларың қирап, бірде-бір тұрғыны аман қалмайды.
Jere Kaz 4:8  Сондықтан азалы киім киіп, еңіреп жыла! Өйткені Жаратқан Иенің лаулаған қаһары бізден бетін аударып әкеткен жоқ.
Jere Kaz 4:9  Жаратқан Ие мынаны айтады: «Сол күні патша мен әміршілердің зәресі қалмай, діни қызметкерлер қатты шошып, пайғамбарлар да үрейлене аңтарылады!» —
Jere Kaz 4:10  Сонда мен: «Уа, Жаратушы Тәңір Ие, «Сендерге амандық пен тыныштық болады» деп халық пен Иерусалимді алдаған екенсің! Ал шынында семсер тамағымызға таяп, орып жіберейін деп-ақ тұр!» — деп мұңымды шақтым.
Jere Kaz 4:11  Сол кезде мына халық пен Иерусалимнің тұрғындарына былай делінеді: «Шөлдегі тақыр төбелерден Менің сүйікті халқыма қарай аңызақ жел соғып тұр. Бірақ бұл бидайдың қауызын ұшырып әкетіп, дәндерін шаң-тозаңнан тазалауға қолайлы жел емес!
Jere Kaz 4:12  Менің бұйрығыммен үрлеп тұрған осы дауыл бұл үшін тым күшті. Қайта, енді Мен оларға қарсы үкімімді шығарамын».
Jere Kaz 4:13  — Қараңдар! Жау бұлттай жөңкіп, соғыс күймелері құйындай жүйткіп, алға қарай зымырап келе жатыр. Жылқылары шүйілген бүркіттен де жүйрік! Сорладық, біз қасіретке қаламыз!
Jere Kaz 4:14  — Уа, Иерусалим, жүрегіңді зұлымдықтан жуып тазарт! Сонда ғана сен құтқарыласың. Қашанға дейін ішіңде жаман ойларды сақтап жүре бермексің?
Jere Kaz 4:15  (Сонау солтүстіктегі) Дан жақтан бір дауыс естілді, Ефремнің тауларынан бір апат жайлы хабар жетті.
Jere Kaz 4:16  Соны халықтарға айтып, Иерусалимге жариялаңдар: «Алыс елден қамал бұзғыш әскер келе жатыр, олар Яһуданың қалаларын басып алмақ болып қатты атой салады!
Jere Kaz 4:17  Осы жасақшылар егістіктің қарауылдары іспетті Иерусалимді қоршап алады. Өйткені сол қала Маған мойынсұнбай бас көтерді, — дейді Жаратқан Ие. —
Jere Kaz 4:18  Бұның бәрі сенің басыңа өз іс-әрекеттеріңнің кесірінен түсіп отыр. Саған тиісті жаза осы. Ол қандай ауыр, көкіректі қарс айырады!»
Jere Kaz 4:19  — Жаным-ай, жаным-ай! Аурудан бүрісіп қиналып жатырмын! Жүрегім толқып дүрс-дүрс соғып тұр. Үнсіз қала алмаймын. Өйткені кернейдің шабуылға шақырғанын, әскердің атой салғанын естіп тұрмын.
Jere Kaz 4:20  Бір апаттан кейін бір апат, бүкіл ел қирап иесіз бос жатыр. Бір мезетте-ақ шатырларым, көзді ашып-жұмғанша жабынды күркем жермен-жексен болып қалды.
Jere Kaz 4:21  Қашанға дейін мен әскердің туына қарап, кернейдің үнін тыңдауым керек? (— дейді Еремия.)
Jere Kaz 4:22  — Өз халқымның сана-сезімі кем, олар Мені жақыннан танымайды. Халқым ақылсыз балалар сияқты түсінік дегеннен жұрдай. Жамандықты істеуге келгенде шебер-ақ, ал жақсылық жасауды білмейді! (— дейді Жаратқан Ие.)
Jere Kaz 4:23  — Жерге қарасам, ретсіз, тіршіліксіз бос жатыр, аспанға қарасам, жарығынан жұрдай болып тұр.
Jere Kaz 4:24  Тауларға қарасам, олар сілкініп, төбелер де шайқалып тұр.
Jere Kaz 4:25  Тағы қарасам, бірде-бір адам баласы жоқ, әрі аспандағы құс атаулы бірі қалмай ұшып кеткен.
Jere Kaz 4:26  Енді қарасам, шұрайлы ел шөл далаға айналыпты, ал ондағы қалалар Жаратқан Иенің алдында Оның лаулаған қаһарынан қирап қалыпты!
Jere Kaz 4:27  Өйткені Жаратқан Ие мынаны айтады: «Бүкіл ел қирап қаңырап бос қалады! Дегенмен оны түгелдей қырып-жоймаймын.
Jere Kaz 4:28  Елдің қирағанына бола жер жоқтап аза тұтып, аспан түнеретін болады. Өйткені Мен осындай шешім қабылдап, соны білдіріп тұрмын. Мен райымнан қайтпаймын, шешімімді сөзсіз орындаймын!»
Jere Kaz 4:29  Қарасам, атты әскер мен садақшылардың айқай-шуынан бар қаланың тұрғындары бас сауғалап қашып кетіп бара жатыр екен! Біреулері қалың тоғайға қарай безсе, басқалары тау-тасқа өрмелеп бара жатты. Қалалардың бәрі бос қалған, оларда ешкім тұрмайды.
Jere Kaz 4:30  Жақында жаудың талауына түсетін қала, не істеп отырсың? Несіне қымбат ал қызыл киім киіп, алтын әшекейлеріңді тағасың? Қас-қабағыңды неге сүрме жағып бояйсың? Бекерге сыланып-сипанасың. Көңілдес одақтастарың сені менсінбейді, олар тіпті жаныңды алмақшы.
Jere Kaz 4:31  Толғатып, тұңғышын босанайын деп жатқан әйелдің айқайындай айқай естіп тұрмын. Бұл ентігіп, демін ала алмай жатқан Иерусалимнің айқайы. Ол қолдарын жайып: «О, қасірет! Сорладым! Жан алғыштардың алдында дәрменсізбін!» — деп түңілді.