Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
JEREMIAH
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 36
Jere Kaz 36:1  Яһудаға Жосия ұлы Жохақымның патшалық құрған төртінші жылы Жаратқан Ие Еремияға сөзін арнап былай деді:
Jere Kaz 36:2  «Бір шиыршық кітап ал да, соған Жосия патшаның кезінен бастап күні бүгінге дейін өзіңе Исраил, Яһуда және басқа да халықтар туралы айтқан сөздерімнің бәрін жазып қой.
Jere Kaz 36:3  Мүмкін, Яһуданың халқы Мен оларға жіберейін деп отырған бүкіл пәле туралы естігенде, әрқайсысы зұлым жолынан қайтып, Маған бет бұрар. Сонда Мен олардың күнәлары мен зұлым істерін кешіретін боламын».
Jere Kaz 36:4  Сонда Еремия Нириях ұлы Барухты шақырып алды. Оған Жаратқан Иенің өзіне айтқан күллі сөздерін қайталап айтып бергенде, ол соның бәрін шиыршық кітапқа жазып қойды.
Jere Kaz 36:5  Мұнан кейін Еремия Барухқа былай деп тапсырды: «Жаратқан Иенің киелі үйіне бара алмаймын, бұл маған тыйым салынған.
Jere Kaz 36:6  Сондықтан сен халық ораза ұстаған күні сонда бар да, мен өзіңе жаздырған Жаратқан Иенің сөздерін кітаптан халыққа оқып бер! Өз қалаларынан жиналып келген бүкіл яһудалықтарға да сол хабарларды дауыстап оқып бер!
Jere Kaz 36:7  Мүмкін, олар Жаратқан Иеге жалбарынып, әрқайсысы зұлым жолынан қайтатын шығар. Себебі Жаратқан Иенің осы халыққа қарсы лаулаған қаһары өте күшті!»
Jere Kaz 36:8  Нириях ұлы Барух Еремия пайғамбардың айтқандарын түгелдей орындап, Жаратқан Иенің ғибадатханасында Оның шиыршық кітапқа жазылған сөздерін оқып берді.
Jere Kaz 36:9  Бұл Яһудаға Жосия ұлы Жохақымның патшалық құрған бесінші жылының тоғызыншы айында болды. Иерусалимнің бүкіл тұрғындары мен Яһуданың басқа қалаларынан келген жұртқа Жаратқан Иенің алдында ораза ұстау керек деп жарияланған болатын.
Jere Kaz 36:10  Барух ғибадатханадағы хатшы Шафан ұлы Гемарияхтың бөлмесінен бүкіл халыққа шиыршық кітаптан Еремияның сөздерін оқып берді. Осы бөлме Жаратқан Иенің киелі үйінің Жаңа қақпасының қасындағы жоғарғы аулада орналасқан еді.
Jere Kaz 36:11  Гемарияхтың ұлы, Шафанның немересі Миқая кітаптан оқылған Жаратқан Иенің сөздерінің бәрін естіді.
Jere Kaz 36:12  Содан ол патшалық сарайдың хатшылар отыратын бөлмесіне барды. Сол жерде басшылар бас қосатын: Әлишама хатшы, Шемаях ұлы Делаях, Ахбор ұлы Елнатан, Шафан ұлы Гемариях, Хананиях ұлы Седекиях және тағы басқа лауазымды қызметкерлер.
Jere Kaz 36:13  Миқая оларға Барухтың халыққа кітапты оқып берген кезінде өзінің естіген күллі сөздерін жеткізді.
Jere Kaz 36:14  Олар Нетанияхтың ұлы, Шелемияхтың немересі, Хусидің шөбересі Еһудиді Барухқа жіберіп, оған: «Сен халыққа оқып берген шиыршық кітапты осында алып кел!» — деген бұйрықты жеткізді. Сонда Нириях ұлы Барух шиыршық кітапты басшылар жиналған жерге алып барды.
Jere Kaz 36:15  Олар Барухқа:— Кел, отыр, кітапты бізге оқы! — деп бұйырды. Барух оларға кітапты оқып берді.
Jere Kaz 36:16  Уәзірлер кітаптағы сөздердің бәрін естігенде, бір-біріне үрейлене қарап Барухқа:— Осы сөздердің барлығын міндетті түрде патшаға жеткіземіз! — деді.
Jere Kaz 36:17  Олар: — Айтшы бізге, бұның бәрін сен қайдан жазып алдың? Сол адамның өз аузынан ба? — деген сұрақ та қойды.
Jere Kaz 36:18  Барух:— Иә, ол маған осы сөздердің бәрін өз аузымен айтып, мен сиямен осы кітапқа жазып алып отырдым! — деп жауап берді.
Jere Kaz 36:19  Сонда уәзірлер Барухқа:— Еремия екеуің бір жерге барып, жасырыныңдар. Өздеріңнің қай жерде екендеріңді ешкімге білдірмеңдер, — деп тапсырды.
Jere Kaz 36:20  Олар шиыршық кітапты Әлишама хатшының бөлмесіне апарып қойған соң сарайдың ауласына патшаның алдына барып, болған істі баяндап берді.
Jere Kaz 36:21  Патша Еһудиді жіберіп, ол кітапты Әлишаманың бөлмесінен алып келіп, патшаға және оның жанында тұрған уәзірлерінің бәріне оқып берді.
Jere Kaz 36:22  Бұл тоғызыншы айда болды. Сол кезде патша сарайының қысқы бөлігінде отырған еді. Ашық пештегі шоқ қызып жанып жатты.
Jere Kaz 36:23  Еһуди кітаптың үш немесе төрт бағанасын оқып бола салысымен, патша хатшының қағаз кесетін пышағымен оқылғанды кесіп алып, алдындағы ашық пешке салып отырды. Ақыры осылайша кітаптағы бүкіл жазба отқа өртелді.
Jere Kaz 36:24  Жазбаны тыңдаған патша да, оның нөкерлері де естігендерінен қорыққан да жоқ, өкініп, көйлектерінің өңірлерін айыра жыртқан да жоқ.
Jere Kaz 36:25  Тек Елнатан, Делаях және Гемариях қана патшадан кітапты өртемеуін өтінді. Бірақ патша бұларға құлақ асқан жоқ.
Jere Kaz 36:26  Қайта, ол патшазада Ерахмелге, Азриил ұлы Сераях және Әбдиел ұлы Шелемияхқа Барух хатшы мен Еремия пайғамбарды тұтқынға алуға бұйырды. Бірақ Жаратқан Ие оларды жасырып тастаған болатын.
Jere Kaz 36:27  Патша Еремияның сөздері жазылған шиыршық кітапты өртеп жібергеннен кейін Жаратқан Ие Еремияға сөзін арнап мына тапсырманы берді:
Jere Kaz 36:28  — Тағы бір шиыршық кітапты ал да, Яһуда патшасы Жохақым өртеп жіберген кітапта болған сөздердің бәрін соған жазып қой.
Jere Kaz 36:29  Ал патшаның өзіне былай де: Жаратқан Ие мынаны айтады: Сен «Бабыл патшасы сөзсіз келіп, осы елді қиратып, ондағы адамды да, малды да тірі қалдырмайды деп жазуға қалайша дәтің барды?!» деп ызаланып кітапты өртеп жібердің.
Jere Kaz 36:30  Сол себепті Жаратқан Ие Яһуда патшасы Жохақым туралы мынаны айтады: Оның ұрпағының ешқайсысы Дәуіттің тағында отырмайтын болады. Оның мәйіті сыртқа лақтырылып, күндіз аптапта, түнде аязда қалады.
Jere Kaz 36:31  Мен оның өзін де, ұрпақтарын да, нөкерлерін де зұлымдықтары үшін жазалаймын. Ескертулеріме құлақ аспағандарына бола Мен оларға және Иерусалим мен Яһуданың тұрғындарына жіберемін деп алдын ала айтқан апаттардың бәрін де бастарына түсіремін.
Jere Kaz 36:32  Сонда Еремия хатшысы Барухқа басқа бір шиыршық кітапты алып берді. Барух Жохақым патша өртеп жіберген бұрынғы кітаптағы сөздерді Еремияның аузынан қайтадан жазып алды. Сондай-ақ соларға тағы да көптеген сөздерді қосып жазды.