Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
JONAH
Up
1 2 3 4
Chapter 1
Jona Kaz 1:1  Жаратқан Ие Аматтай ұлы Жүніске сөзін арнап:
Jona Kaz 1:2  «Жолға жиналып, ұлы қала Ниневиге бар да, оны соттамақ екенімді жарияла! Олардың зұлым қылықтары Менің көз алдымда», — деп тапсырды.
Jona Kaz 1:3  Сонда Жүніс жолға жиналды. Алайда ол Жаратқан Иенің назарынан алысқа, Тарсис қаласына қашып кетуге бел буды. Содан Жүніс Яффа қаласына ылдилап барып, сол жерден Тарсиске аттанғалы тұрған кемені іздеп тапты. Ол жолақысын төлеп, кемеге отырып, Жаратқан Иеден жасырынып қалу үшін Тарсиске қарай жүзіп кетті.
Jona Kaz 1:4  Бірақ Жаратқан Ие теңізге қатты жел жіберіп, сұрапыл дауыл тұрғызды. Кемеге қирау қаупі төнді.
Jona Kaz 1:5  Теңізшілер үрейленіп, әрқайсысы өзі табынатын тәңіріне жалбарына сиынды. Олар кеменің салмағын жеңілдетіп, қауіпті азайту үшін жүктерді суға лақтыра бастады.Бұл кезде Жүніс кеменің төменгі қабатына түсіп, қатты ұйқыға кеткен болатын.
Jona Kaz 1:6  Кеме бастығы оған келіп: «Әй, сен неғып ұйықтап жатырсың?! Тұрып, Тәңіріңе жалбарына сиын! Мүмкін, Тәңірің бізді ойына алып, ажалдан сақтап қалар», — деп бұйырды.
Jona Kaz 1:7  Теңізшілер өзара: «Жеребе тастап, біздің осы пәлеге душар болғанымызға кімнің кінәлі екенін біліп алайық», — десті. Олар солай істегенде жеребе Жүніске түсті.
Jona Kaz 1:8  Теңізшілер оған:— Бізге айтып берші: осы апаттың басымызға түскеніне кім кінәлі? Кәсібің не? Қайдан келдің? Туған елің қайда? Қай ұлтсың? — деген сұрақтарды жаудырды. Жүніс:
Jona Kaz 1:9  — Мен исраилдікпін. Көктегі Құдайды, яғни теңіз бен құрлықты жаратқан Тәңір Иені, қастерлеймін, — деп жауап қайырып,
Jona Kaz 1:10  оларға өзінің Жаратқан Иеден қашып жүргенін ашық айтып берді. Сонда теңізшілердің зәрелері ұшып сасқалақтап, Жүніске: «Неге бұлай істедің?!» — деп қатты налыды.
Jona Kaz 1:11  Осы екі арада теңіз толқындары күшейген үстіне күшейе түсті. Сондықтан теңізшілер Жүніске:— Теңіздің тыншуы үшін саған не істеуіміз керек? — деген сауал қойды.
Jona Kaz 1:12  — Мені теңізге лақтырсаңдар, ол басылады. Өйткені осы сұрапыл дауылға ұшырап отырғандарың менің кесірімнен екенін білемін, — деп жауап берді Жүніс.
Jona Kaz 1:13  Алайда сол жігіттер бар күштерімен есе беріп, кемені жағаға жеткізуге тырысты. Бірақ дауыл долданып, күшейе түсіп, еңбектері зая кетті.
Jona Kaz 1:14  Сондықтан олар Жаратқан Иеге жалбарына сиынып:— Уа, Жаратқан Ие, мына адамның жанын алуың үшін бізді де ажалға бұйыра көрме! Ал егер ол кінәсіз болса, қанын біздің мойнымызға жүктей көрме! Себебі Сен, Жаратқан Ие, осыны өз қалауыңа сай істедің, — деді.
Jona Kaz 1:15  Содан теңізшілер Жүністі көтеріп алып, теңізге лақтырып жіберді. Сонда буырқанып тұрған теңіз тыныштала қалды.
Jona Kaz 1:16  Бұдан сол адамдардың зәрелері ұшып, Жаратқан Иеден қатты қорықты. Олар Жаратқан Иеге арнап құрбандық шалып, бұдан былай Оны қастерлеуге ант берді.
Chapter 2
Jona Kaz 2:1  Жаратқан Иенің бұйрығымен бір үлкен балық Жүністі жұтып қойды. Ол соның ішінде үш күн, үш түн бойы жатты.
Jona Kaz 2:2  Жүніс балық ішінен Құдай Иесіне сиынып былай деп мінажат етті:
Jona Kaz 2:3  «Қиын-қыстау кезімде, уа, Жаратқан Ием,Саған сиындым, жауап бердің де Сен.Сонда тұңғиықтың терең түкпіріненКөмек сұрап саған жалбарынған ем,Шақырған даусыма құлақ салдың да Сен.
Jona Kaz 2:4  Мені тұңғиыққа, терең теңіздіңТүбіне Сен лақтырған едің,Айналам түгел тек ағыстар болған,Соққылап қарқынды толқындарыңныңБарлығы да өтті мына басымнан.
Jona Kaz 2:5  Былай деп те айтқан болатынмын:Аластатылсам да көз алдыңнан,Киелі үйіңе қарамақпын қайтадан.
Jona Kaz 2:6  Су басып, теңіз тартып құшағынаҚорқытты, балдырлар оралып басыма.
Jona Kaz 2:7  Су асты, тау түбіне түсіп қалдым,Сол жерге мәңгі қамалғандай болдым.Бірақ Сен, Жаратқан Ие, Құдайым,Жанымды тұңғиықтан алып қалдың.
Jona Kaz 2:8  Көңілім құлазып, үміт өшкенде,Уа, Тәңір Ием, Сені алдым есіме,Мінажатым құлағыңа жетті деСенің көктегі киелі үйіңде.
Jona Kaz 2:9  Жарамсыз да жалған тәңірлергеТабынушылар безеді өздерінеРақым көрсетпек болған Құдайынан.
Jona Kaz 2:10  Ал мен Саған әнмен шүкірлік айтам,Сый-тарту ұсынып, антымда тұрам.Құтқарылу келеді тек Жаратқаннан!»
Jona Kaz 2:11  Мұнан кейін Жаратқан Иенің бұйрығы бойынша балық Жүністі жағалауға құсып тастады.
Chapter 3
Jona Kaz 3:1  Содан соң Жаратқан Ие Жүніске екінші рет сөзін арнап:
Jona Kaz 3:2  «Сапарға жиналып, ұлы қала Ниневиге бар! Менің өзіңе айтқан хабарымды халыққа жарияла!» деп тапсырды.
Jona Kaz 3:3  Осы жолы Жүніс Жаратқан Иенің айтқанын екі етпей, жолға шығып, Ниневиге барды. Бұл аралап шығуға үш күн уақыт кететін өте үлкен қала еді.
Jona Kaz 3:4  Жүніс қаланы аралай бастады. Күн ұзағына халыққа уағыз айтып: «Қырық күннен кейін Ниневи күйреп, тас-талқан болады!» — деп жариялап жүрді.
Jona Kaz 3:5  Қала халқы Құдайдың хабарына сенді. Олар (күнәларына өкініп) ораза жариялап, үлкен-кіші барлық адамдар азалы киім киді.
Jona Kaz 3:6  Ниневидің патшасы бұл туралы естігенде, ол да (күнәсіне опық жеп) тағынан түсіп, патшалық шапанын шешіп тастады да, азалы киім жамылып, күлге отырды.
Jona Kaz 3:7  Содан ол Ниневи халқына патша мен оның уәзірлерінің атынан мына әмірін жариялатты:«Күллі халық ораза тұтсын! Барлық адамдар мен жануарлар, ірілі-ұсақты малдар азық пен сусыннан ауыз тимесін!
Jona Kaz 3:8  Адам және жануар атаулы азалы киім мен жабу жамылсын! Әркім Құдайға қатты жалбарынып сиынсын! Бәрі де зұлым жолдарынан қайтып, қатыгез іс-әрекеттерінен бас тартсын!
Jona Kaz 3:9  Мүмкін, сонда Құдай райынан қайтып, аяушылық танытып, қаһарын басар. Осылай біз пәледен аман қалармыз!»
Jona Kaz 3:10  Құдай олардың істегендерін көріп, зұлым жолдарынан қайтқандарына көз жеткізді. Содан Ол халыққа аяушылық танытып, бәрін құртамын деген райынан қайтты.
Chapter 4
Jona Kaz 4:1  Алайда Жүніс бұған қатты ренжіп, ашуланды.
Jona Kaz 4:2  Ол Жаратқан Иеге сиынып былай деді:— Уа, Ием, мен осылай болатынын елімде жүргенде-ақ айтпап па едім? Сондықтан да тездетіп Тарсиске қарай қаштым. Сенің рақымды да мейірбанды Құдай екеніңді білгенмін: Сен тез қаһарлана қоймайтын төзімдісің, берік сүйіспеншілігің шексіз зор. Пәле жіберемін деген райыңнан қайтуға да дайынсың.
Jona Kaz 4:3  О, Жаратқан Ие, енді жанымды ала гөр. Маған тірі жүргенше, өлген артық. —
Jona Kaz 4:4  Жаратқан Ие оған:— Сенің ренжіп, ашулануға қандай қақың бар? — деген сұрақ қойды.
Jona Kaz 4:5  Ал Жүніс қаладан шығып, оның күншығыс жағындағы бір жерге барып отырды. Өзіне қарапайым күрке жасап, соның көлеңкесінде қаламен не болатынын көрмек болып күтті.
Jona Kaz 4:6  Сонда Құдай Ие Жүніске саясы түсіп, оған әлдеқайда қолайлы болу үшін бір бұтаны өсіріп шығарды. Бұта Жүніске керемет ұнады.
Jona Kaz 4:7  Бірақ Құдай келесі күні таң сәріде бұтаны кеміретін құрт жіберіп, содан бұта солып қалды.
Jona Kaz 4:8  Күн көтерілгеннен кейін Құдай күншығыстан аңызақ жел соққызды. Басын күйдірген күннің аптабынан Жүніс әлсіреп қалды. Ол өлім тілеп: «Маған тірі жүргенше өлген артық!» — деп налыды.
Jona Kaz 4:9  Құдай оған:— Бұтаға бола ренжіп, ашулануға қандай қақың бар? — деген сұрақ қойды. Жүніс:— Менің тіпті өлгенше ашулануға қақым бар, — дегенде,
Jona Kaz 4:10  Жаратқан Ие оған былай деп жауап берді:— Сен осы бұтаны ешқандай өңдеп, өсірмедің. Ол бір түнде өсіп шығып, келесі түні жоқ болды. Солай болса да, бұтаға сенің жаның ашиды.
Jona Kaz 4:11  Ал Ниневиде жақсы мен жаманды айыра алмайтын жүз жиырма мыңнан астам халық, сондай-ақ көптеген мал да бар. Ендеше осы үлкен қалаға қалайша Менің жаным ашымайды?!