Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
LUKE
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 16
Luke Kaz 16:1  Иса шәкірттеріне мына астарлы әңгімені де айтып берді: «Бір байдың үй шаруашылығын басқаратын кісісі болған екен. Сол адам мал-мүлкіңізді шашып жатыр деген сыбыс байдың құлағына жетеді.
Luke Kaz 16:2  Бай оны шақырып алып:— Сен туралы естіп жүргенім не әңгіме? Жұмысың жайлы есеп бер! Бұдан былай үйімді басқара алмайсың, — деп шешеді.
Luke Kaz 16:3  Басқарушы сонда өзіне-өзі: Енді не істесем екен, қожайыным мені жұмыстан босатып тастамақ. Жер қазу қолымнан келмейді, қайыр сұрауға ұяламын.
Luke Kaz 16:4  Бірақ дәл қазір не істеу керек екенін білемін, сонда үй басқарудан босаған кезімде жұрттың есігі мен үшін айқара ашық болады, — дейді.
Luke Kaz 16:5  Содан ол қожайынына қарыздар адамдардың бәрін жеке-жеке шақырып алып, біріншісінен:— Қожайыныма қанша борышың бар? — деп сұрайды.
Luke Kaz 16:6  — Жүз күбі май, — дейді ол.— Борыш қағазыңды ал да, отыра қалып, елу күбі деп жаз! — дейді басқарушы.
Luke Kaz 16:7  Содан кейін басқасынан:— Ал сенің қанша борышың бар? — деп сұрайды.— Жүз қап бидай.— Борыш қағазыңды алып, сексен деп жаз! — дейді соған.
Luke Kaz 16:8  Қожайыны өтірікші басқарушысының ақыл тауып кеткендігін мақтады. Себебі осы күнәкар дүниенің адамдары өзі сияқтылармен араласқанда Құдайдың нұрлы жолымен жүргендерден гөрі әлдеқайда ақылды әрекет жасайды.
Luke Kaz 16:9  Сендерге шын айтамын: осы күнәкар дүниелік байлықтарыңмен жақсылық жасап, өздеріңе достар табыңдар! Сонда бұ дүниеден қайтқан кездеріңде көктегі мәңгілік мекендердің есігі сендер үшін айқара ашық болады.
Luke Kaz 16:10  Кішкене істе сенімді болған үлкен істе де сенімді, ал кішкене істе сенімсіз болған үлкен істе де сенімсіз.
Luke Kaz 16:11  Сондықтан, егер бұ дүниелік байлықтарың барда сенімді болмасаңдар, сендерге көктегі шынайы байлықты кім сеніп тапсырады?
Luke Kaz 16:12  Және егер түпкілікті меншік болмайтын мал-мүліктеріңді дұрыс қолданбасаңдар, мәңгі өздеріңдікі болатын байлықты сендерге кім табыс етпек?
Luke Kaz 16:13  Ешбір қызметші екі қожайынға бірдей қызмет ете алмайды. Өйткені ол біреуін екіншісінен артық көріп, соған бағышталады, ал екіншісіне немкетті қарайтын болады. Сол сияқты, сендер де Құдайға және байлыққа бірдей бағышталып қызмет ете алмайсыңдар!»
Luke Kaz 16:14  Бұлардың бәрін дүниеқор парызшылдар да естіп, Исаны мазақ қылды.
Luke Kaz 16:15  Иса оларға былай деп жауап қатты: «Сендер адамдар алдында әділ болғансып жүрсіңдер, бірақ Құдай жүректеріңде не бар екенін жақсы біледі. Адамдар бұларыңды жоғары бағалағанмен, Құдай алдында ол — жексұрындық».
Luke Kaz 16:16  «Жақия пайғамбардың уағыздауына дейін Таурат пен Пайғамбарлар жазбалары сендерге тура жолды көрсеткен еді. Жақияның уағыздаған кезінен бері Құдайдың Патшалығы туралы Ізгі хабар жарияланып келеді. Оған кіруге әркім күш салып жүр.
Luke Kaz 16:17  Ал Таурат заңының бір кішкентай сызығының түсіп қалғанынан гөрі аспан мен жердің жойылып кетуі оңайырақ.
Luke Kaz 16:18  Әйелін үйінен шығарып жіберіп, басқаны алған әркім неке адалдығын бұзады. Сондай-ақ, күйеуімен ажырасқан әйелді алған да неке адалдығын бұзады».
Luke Kaz 16:19  «Бір кісі бай болып, қымбат қызыл шапан мен сәнді киімдер киіп, күн сайын салтанат құрып көңіл көтеретін.
Luke Kaz 16:20  Ал қақпасының алдында Елазар есімді бір мүсәпір жататын, оның тұла бойын іріңді жара басқан еді.
Luke Kaz 16:21  Мүсәпір байдың дастарқанынан түскен қалған-құтқанды жеп тойынсам деп аңсайтын. Тіпті иттер келіп, жараларын жалап кететін.
Luke Kaz 16:22  Ақыры мүсәпір қайтыс болып, періштелер оны Ыбырайым пайғамбардың қасына апарып салады. Бай да өліп, қабірге қойылады.
Luke Kaz 16:23  Ол о дүниеде азап шегіп жүріп, басын көтеріп қарағанда алыстан Ыбырайым мен оның қасында жантайған Елазарды көреді.
Luke Kaz 16:24  Содан ол қатты дауыспен:— Ыбырайым ата, маған қайырым қылып, Елазарды жібере көріңіз! Ол бармағының ұшын суға малып алып, тілімді салқындатсын. Мына жалынды отта қатты қиналып жатырмын, — деп жалбарынады.
Luke Kaz 16:25  Бірақ Ыбырайым былай деп жауап береді:— Ей, балам, есіңе түсірші: сен өміріңде әрдайым жақсылық көріп рақаттандың, ал Елазар ауыртпалық көріп, азап шегіп жүрді. Енді ол мұнда жұбаныш тапса, сен онда қиналып жатырсың.
Luke Kaz 16:26  Оның үстіне сендер мен біздің арамызға терең шыңырау орнатылған. Бұл жерден сендерге барғысы келгендер өтіп бара алмайды, ар жақтан бізге де өтіп келе алмайды. —
Luke Kaz 16:27  Сонда ол:— Ата, олай болса, сізден сұраймын: Елазарды әкемнің үйіне жібере көріңіз!
Luke Kaz 16:28  Себебі бес інім бар, соларға барып, олардың да осы азапты жерге түспеулері үшін мықтап ескертіп куәлік етсін, — деп өтінеді.
Luke Kaz 16:29  Ал Ыбырайым:— Мұса мен өзге пайғамбарлардың жазбалары оларда бар ғой, соларға құлақ ассын! — дейді.
Luke Kaz 16:30  — Жоқ, Ыбырайым ата! Егер өлгендердің біреуі барса, онда олар теріс жолдан қайтады, — деп жалынады ол.
Luke Kaz 16:31  Сонда Ыбырайым оған:— Олар Мұса мен өзге пайғамбарларға құлақ аспағанда, өлгендердің біреуі тіріліп, барса да, сенбейді, — деп жауап береді».