Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
LUKE
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 10
Luke Kaz 10:1  Содан кейін Иеміз Иса тағы басқа жетпіс шәкіртін таңдап алып, оларды Өзі баратын барлық қалалар мен ауылдарға Өзінен бұрын екі-екіден жіберді. Иеміз шәкірттеріне былай деп тапсырма берді:
Luke Kaz 10:2  — Оратын егін көп, бірақ жұмысшылар аз. Сондықтан егіннің Иесінен оны жинап алатын жұмысшылар жіберуін өтініңдер!
Luke Kaz 10:3  Ендеше барыңдар! Естеріңде болсын: Мен сендерді қасқырлар арасына жіберілген қозылар сияқты жіберіп отырмын.
Luke Kaz 10:4  Ақша салатын қалта, жолдорба, артық аяқкиім алмаңдар. Жолда біреуге сәлем береміз деп кідіріп те қалмаңдар.
Luke Kaz 10:5  Бір үйге кіргенде әуелі: «Осы үйге амандық пен тыныштық болсын!» деп бата беріңдер.
Luke Kaz 10:6  Егер онда амандық пен тыныштықты қабылдауға дайын кісі болса, берген баталарың соған қонады, әйтпесе өздеріңе қайтып келеді.
Luke Kaz 10:7  Сол үйде тұрып, олардың берген тамағын ішіп-жеңдер. Себебі еңбек еткен ақысын алуға лайық. Үйден-үйге көшіп жүрмеңдер!
Luke Kaz 10:8  Барған қалаларыңның тұрғындары сендерді қабылдаса, берген тамақты ішіп,
Luke Kaz 10:9  ондағы ауруларды сауықтырыңдар. Кісілерге: «Құдайдың Патшалығының араларыңда орнайтын кезі таяп қалды!» деп білдіріңдер.
Luke Kaz 10:10  Ал егер сендер барған бір қаланың тұрғындары өздеріңді қабылдамаса, жолға шығып, былай деңдер:
Luke Kaz 10:11  «Сендерге ескерту болсын деп қалаларыңнан аяғымызға жұққан шаң-тозаңды қағып тастап кетеміз. Алайда Құдайдың Патшалығының таяп қалғанын біліңдер!» —
Luke Kaz 10:12  Сендерге шын айтамын: қиямет соты күні сондай қала тұрғындарының тартатын жазасынан тіпті Содом халқының жазасы жеңілірек болады!
Luke Kaz 10:13  Ей, Хоразин қаласы, қасіретке қаласың! Ей, Бетсайда қаласы, сен де қасіретке қаласың! Егер сендерде жасалған кереметтер (шетелдік) Тир мен Сидон қалаларында орын алған болса, олардың халқы әлдеқашан азалы киім киіп, күлге отырып, теріс жолдарынан қайтқан болар еді.
Luke Kaz 10:14  Қиямет сотында Тир мен Сидон елдерінің тартатын жазасы сендердікінен жеңілірек болады!
Luke Kaz 10:15  Ал, Қапарнаум қаласы, сенің атың мақталып, көкке шығарыла ма? Жоқ, сен түпсіз тұңғиыққа құлайсың!
Luke Kaz 10:16  Кім сендерді тыңдаса, соның Мені тыңдағаны. Кім сендерді қабылдамаса, оның Мені де қабылдамағаны. Ал кім Мені қабылдамаса, оның Мені Жібергенді де қабылдамағаны.
Luke Kaz 10:17  Жетпіс хабаршы Исаға қайтып келгенде қуана-қуана:— Иеміз, Сіздің атыңызды атағанда тіпті жындар да бізге бағынады! — деді.
Luke Kaz 10:18  Сонда Иса оларға былай деп жауап берді:— Әзәзіл шайтанның найзағайша көктен құлап түскенін көрдім.
Luke Kaz 10:19  Естеріңде болсын: Мен сендерге жыландар мен шаяндарды таптап басып, жаудың барлық күшін жеңетін билік бердім. Енді сендерге еш нәрсе де зиянын тигізе алмайды.
Luke Kaz 10:20  Дегенмен жындардың өздеріңе бағынғандығына емес, есімдеріңнің көктегі кітапқа тіркелгендігіне қуаныңдар.
Luke Kaz 10:21  Иса сол кезде Киелі Рухтың қуанышына кенеліп: «Көк пен жердің Иесі — Әке! Осы жайттарды данышпандар мен білгіштерден жасырып қалып, оларды нәресте іспетті қарапайымдарға ашып көрсеткенің үшін Сені дәріптеймін. Иә, Әке, Саған осылай болғаны ұнап тұр», — деп (көктегі Әкесіне) мақтау айтты. Иса:
Luke Kaz 10:22  — Маған бәрін де Әкем сеніп тапсырған. Рухани Ұлының шынымен кім екенін Әкесінен өзге ешкім де білмейді. Әкенің кім екенін де жалғыз рухани Ұлы ғана біледі, әрі Ол Әкесін кімдерге білдіргісі келсе, солар да Оны жақыннан таниды, — деді.
Luke Kaz 10:23  Содан кейін Ол шәкірттеріне бұрылып, оңаша былай деді:— Сендер көріп жүрген керемет нәрселерді көргендерің үшін бақыттысыңдар.
Luke Kaz 10:24  Сендерге айтамын: көптеген пайғамбарлар мен патшалар сендердің көріп жүргендеріңді көргілері келді, бірақ көре алмады, сендер естіп жүрген сөздерді естігілері келді, бірақ ести алмады.
Luke Kaz 10:25  Сол кезде Таурат заңын үйретуші бір ғұлама Исаның ұстанған ілімін сынамақшы болды. Ол орнынан тұрып:— Ұстаз, мәңгілік өмірге жетуім үшін не істеуім керек? — деп сұрағанда,
Luke Kaz 10:26  Иса оған:— Таурат заңында не деп жазылған, не оқып жүрсің? — деген сауал қойды.
Luke Kaz 10:27  Сол адам былай деп жауап берді:— «Құдай Иеңді шын жүректен, бүкіл жан дүниеңмен, бар күш-қуатыңмен, барлық ақыл-ойыңмен сүй!» Және «Өзіңді қалай сүйсең, маңайыңдағы адамды да солай сүй!» делінген.
Luke Kaz 10:28  Иса оған:— Дұрыс жауап бердің. Осылай істейтін бол, сонда (мәңгі) өмір сүресің, — деді.
Luke Kaz 10:29  Бірақ өзін ақтағысы келген ғұлама Исадан:— Сонда «маңайымдағы адам» кім болғаны? — деп сұрады.
Luke Kaz 10:30  Иса оған былай жауап берді:— Бір адам Иерусалимнен Иерихон қаласына кетіп бара жатып, қарақшылардың қолына түсіпті. Қарақшылар оның киімдерін сыпырып алып, өзін жарақаттап, шала-жансар етіп тастап кетіпті.
Luke Kaz 10:31  Бір діни қызметкер сол жолмен кездейсоқ келе жатып, оны көре тұра қасынан өтіп кетеді.
Luke Kaz 10:32  Дәл солай жаңағы жерге келген ғибадатхана қызметшісі де оған қарап, қасынан өтіп кетеді.
Luke Kaz 10:33  Содан кейін бұл жерге жолаушылап бара жатқан бір самариялық келеді. Әлгі адамды көргенде оған жаны ашып,
Luke Kaz 10:34  қасына барады да, жараларын маймен және шараппен жуып-шайып, таңады. Оны есегіне мінгізіп алып, қонақүйге апарып, күтеді.
Luke Kaz 10:35  Самариялық адам ертеңінде жолға шығарда, қонақүйдің иесіне екі күміс теңге беріп: «Мына кісіге қамқорлық жасай гөр. Егер артық шығын шығарсаң, мен қайтып оралған кезде төлеймін», — дейді.
Luke Kaz 10:36  Ал енді, қарақшылардың қолына түскен кісіге бұл үшеуінің қайсысы «маңайындағы адам» болды деп ойлайсың? — деп Иса сол ғұламаға сұрақ қойды. Ол:
Luke Kaz 10:37  — Әрине, оған қайырымдылық көрсеткені, — деді. Сонда Иса оған:— Сен де солай істейтін бол! — деп тапсырды.
Luke Kaz 10:38  Иса шәкірттерімен бірге жол жүріп бара жатып, бір ауылға кірді. Сол жерде Оны Марта есімді әйел үйіне шақырып, қонақ етті.
Luke Kaz 10:39  Мартаның Мәриям деген сіңлісі бар еді. Ол Иеміз Исаның аяқ жағына отырып алып, сөзін құлақ салып тыңдады.
Luke Kaz 10:40  Ал қонақты жақсылап күтудің қамын ойлаған Марта зыр жүгіріп қызмет етті. Арасында Исаға келіп:— Мырза, сіңлімнің барлық жұмысты маған қалдырғанына жайбарақат қарап отырасыз ба? Ол маған көмектессін, айтыңызшы! — деді.
Luke Kaz 10:41  Ал Иеміз Иса:— Әй, Марта, Марта-ай, сен көп нәрсенің қамын ойлап, уайымдайсың.
Luke Kaz 10:42  Ал керегі бір-ақ нәрсе ғой: Мәриям игілікті жағын таңдап алды, оны содан ешкім айыра алмайды, — деді.