Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
LUKE
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 5
Luke Kaz 5:1  Бір күні Иса Генесәрет көлінің жағасында тұрғанда, халық Құдай сөзін тыңдау үшін Оның қасына жиналып, иін тіресіп тұрды.
Luke Kaz 5:2  Иса көл жиегінде тұрған екі қайықты көрді. Олардан түскен балықшылар ауларын жуып жатты.
Luke Kaz 5:3  Екі қайықтың бірі Шимондікі еді. Иса қайыққа отырып, Шимоннан жағадан арырақ жүзіп барып тұруын сұрады. Осылай ол қайық үстінен халыққа тәлім берді.
Luke Kaz 5:4  Иса сөзін бітіргеннен кейін Шимонға:— Көлдің терең жеріне жүзіп барып, балыққа ау сал, — деді.
Luke Kaz 5:5  Шимон:— Ұстаз, біз түні бойы еңбектеніп, түк ұстай алған жоқпыз! Бірақ Сіз айтқан соң ауларды тағы да салып көрейін, — деп жауап берді.
Luke Kaz 5:6  Ауларын салғанда олар өте көп балық ұстады. Балықтың көптігінен аулары жыртыла бастады.
Luke Kaz 5:7  Содан олар екінші қайықтағы жолдастарын қол бұлғап көмекке шақырды. Олар келгеннен кейін бәрі бірігіп екі қайықты да балыққа толтырды. Тіпті қайықтары суға бата бастады!
Luke Kaz 5:8  Мұны көрген Шимон Петір Исаның аяғына жығылып:— Ием, қасымнан кете көріңіз, мен күнәкар адаммын! — деді.
Luke Kaz 5:9  Себебі өзі де, қасындағылардың бәрі де осынша көп балық ұстағандарынан үрейлері ұша аңтарылды.
Luke Kaz 5:10  Шимонның серіктері — Зебедей ұлдары Жақып пен Жохан да сондай күйде еді. Сонда Иса Шимонға:— Қорықпа! Сен балық аулағаның сияқты бұдан былай адамдарды жинап әкелетін боласың, — деді.
Luke Kaz 5:11  Екі қайықты жағаға шығарғаннан кейін олар бәрін тастап, Исаға шәкірт болып ерді.
Luke Kaz 5:12  Иса сол маңайдағы қалалардың бірінде болғанда, үсті-басын алапес қаптаған бір адам келе жатты. Ол Исаны көргенде аяғына жығылып:— Мырза! Егер қаласаңыз, мені құлантаза сауықтыра аласыз, — деп жалбарынды.
Luke Kaz 5:13  Иса қолын созып, оның денесіне тигізді де:— Қалаймын, құлантаза сауығып кет! — деді. Сол сәтте-ақ ауру адам алапесінен арылды.
Luke Kaz 5:14  Иса оған мынадай бұйрық берді:— Бұл туралы ешкімге де тіс жарушы болма! Бірақ діни қызметкерге барып, қарал. Содан кейін тазаруың үшін Мұса Тауратта бұйырған құрбандықты ұсын. Бұл жұртқа сенің сауыққаныңның дәлелі болады, — деді.
Luke Kaz 5:15  Алайда Иса туралы хабар бұрынғыдан бетер тарап кетті. Көптеген халық Оны тыңдап, ауруларынан жазылу үшін ағылып келіп жатты.
Luke Kaz 5:16  Ал Иса жиі елсіз далаға кетіп, мінажат етіп жүрді.
Luke Kaz 5:17  Бір күні Иса жамағатқа тәлім беріп отырғанда, Ғалилея мен Яһудея аймақтарының барлық ауылдарынан әрі Иерусалим қаласынан келген парызшылдар және Таурат заңын үйретуші ғұламалар да Оның қасында отырды. Иса Жаратқан Иенің ауруларды сауықтыратын құдіретіне кенелген еді.
Luke Kaz 5:18  Сол кезде бірнеше кісі сал болып ауырған бір адамды төсенішімен көтеріп алып келді. Олар оны Исаның алдына апару үшін үйге кіргізбек болды,
Luke Kaz 5:19  бірақ халықтың көптігінен ішке кіруге жол таба алмады. Сондықтан олар үйдің сыртқы сатысымен үстіне шығып, жалпақ төбесінің жұқа қыштарын ашты. Сол жерден ауруды жатқан төсенішімен ортаға, Исаның алдына түсірді.
Luke Kaz 5:20  Олардың сенімін көрген Иса сал адамға: «Пендем, сенің күнәларың кешірілді», — деді.
Luke Kaz 5:21  Сондағы дін мұғалімдері мен парызшылдар:— Құдайды қорлайтын Бұл кім Өзі? Күнәларды жалғыз Құдайдан басқа кім кешіре алады? — деп ойланып қалды.
Luke Kaz 5:22  Олардың бұл ойларын ұға қойған Иса:— Іштей неге солай ойлап тұрсыздар?
Luke Kaz 5:23  Қайсысын айту оңайырақ: «Сенің күнәларың кешірілді!» деу ме, әлде: «Орныңнан тұрып, жүре бер!» деу ме?
Luke Kaz 5:24  Ал көктен келген Менің жер бетінде күнәларды кешіруге билігімнің бар екендігін білулеріңіз үшін,.. — деп, сал адамға қарап: — Саған айтамын: орныңнан тұр да, төсенішіңді жинап алып, үйіңе бар! — деп тапсырды.
Luke Kaz 5:25  Ауру адам олардың көзінше дереу тұрды да, жатқан төсенішін жинап алып, Құдайды мадақтап үйіне кетті!
Luke Kaz 5:26  Осыны көргендердің бәрі қатты қайран қалып, үрейленді. Олар: «Біз бүгін ғажап істер көрдік!» — десіп, Құдайға мақтау айтты.
Luke Kaz 5:27  Осыдан кейін Иса сыртқа шығып, салық кеңсесінің қасында отырған Леуі есімді салық жинаушыны көрді. Оны: «Соңымнан ер!» — деп шақырды.
Luke Kaz 5:28  Леуі орнынан тұрып, бар нәрсесін тастап, Исаға шәкірті болып ерді.
Luke Kaz 5:29  Кейін Леуі үйінде Исаға арнап үлкен қонақасы берді. Сонда көптеген салық жинаушылар және басқа қонақтар да олармен дастарқандас болды.
Luke Kaz 5:30  Ал дін мұғалімдері мен парызшылдар күңкілдеп, Исаның шәкірттеріне:— Неге салықшылармен және басқа күнәкарлармен бірге тамақ ішіп отырсыңдар?! — деп наразылық білдірді.
Luke Kaz 5:31  Иса оларға былай деп жауап берді:— Дәрігер дені сауға емес, ауру адамға қажет.
Luke Kaz 5:32  Мен «әділдерді» емес, күнәкарларды теріс жолдан қайтуға шақыру үшін келдім.
Luke Kaz 5:33  Әлгі діншілдер Исаға:— Жақияның шәкірттері жиі ораза ұстап мінажат етеді, парызшылдардың шәкірттері де солай істейді. Ал Сіздің шәкірттеріңіз неге ораза ұстамастан тамақ ішеді? — деді.
Luke Kaz 5:34  Иса оларға астарлап жауап қайтарып былай деді:— Күйеу жігіт қастарында болғанда тойға келгендерге ораза ұстатып қоюға бола ма?
Luke Kaz 5:35  Бірақ «Күйеуді» қастарынан алып кететін күн туады; міне, сол кезде олар ораза ұстайтын болады.
Luke Kaz 5:36  Иса оларға тағы мына нақылдарды да айтып берді:— Жаңа киімнен жамау жыртып алып, ескі киімге жамамас. Олай етсе, жаңа киім жыртылып, жамау ескіге жараспас та еді.
Luke Kaz 5:37  Сондай-ақ, жас шарапты ескі торсыққа құймас. Олай етсе, быршып ашыған жас шарап торсықты жарып, ағып кетеді, торсық та бүлінеді.
Luke Kaz 5:38  Керісінше, жас шарапты жаңа торсыққа құю керек. (Сонда екеуі де аман қалады.)
Luke Kaz 5:39  Ал ескі шарапты ішкен әркім: «Ескісі жақсырақ», — деп, жаңасын қаламайды.