Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
LUKE
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 1
Luke Kaz 1:1  Қадірлі Теофил! Көптеген адамдар арамызда әбден белгілі болған оқиғаларды баяндауға кірісіп кетті.
Luke Kaz 1:2  Бұл үшін олар Ізгі хабарды уағыздаушылардың әуел бастан-ақ өз көздерімен көріп, бізге айтып жеткізгендеріне сүйенді.
Luke Kaz 1:3  Солардың бәрін басынан бастап ұқыпты зерттеп шыққандықтан, мен де оларды рет-ретімен жазып берсем игі болар еді деп ұйғардым.
Luke Kaz 1:4  Осылайша сіз өзіңіз үйренген осы ілімнің берік негізіне әбден көз жеткізе аласыз.
Luke Kaz 1:5  Яһудея елінің патшасы Иродтың заманында діни қызметкерлердің Абиях тобында Зәкәрия есімді біреу бар болатын. Әйелі Елізабет Һарон әулетінен еді.
Luke Kaz 1:6  Екеуі де Құдай алдында әділ жандар болып, Жаратқан Иенің барлық өсиеттері мен ережелеріне сай мінсіз өмір сүріп жатты.
Luke Kaz 1:7  Бірақ Елізабет құрсақ көтермегендіктен, балалары болмады. Ал екеуінің жасы да ұлғайып қалған еді.
Luke Kaz 1:8  Бір күні Зәкәрия өз тобының кезегі келіп, (Иерусалимдегі ғибадатханада) Құдайға қызмет көрсетіп тұрды.
Luke Kaz 1:9  Сонда діни қызметкерлер дәстүр бойынша ортаға жеребе салып, өздері атқаратын міндеттердің ретін бөлісті. Содан Жаратқан Иенің киелі үйіне кіріп, Оған арналған тарту ретінде жұпар шайыр түтету міндеті Зәкәрияның үлесіне тиді.
Luke Kaz 1:10  Зәкәрия шайырды түтетіп жатқан уақытта қалың жамағат сыртта Құдайға сиынып мінажат етіп тұрды.
Luke Kaz 1:11  Сол кезде Зәкәрияға Жаратқан Иенің бір періштесі көрініп, түтету үстелінің оң жағында тұра қалды.
Luke Kaz 1:12  Зәкәрия оны көргенде селк етіп, бойын қорқыныш билеп алды.
Luke Kaz 1:13  Бірақ періште оған тіл қатып былай деді:— Зәкәрия, қорықпа! Тілегің қабыл болып, әйелің Елізабет саған ұл туып береді. Ұлдың атын Жақия деп қоясың.
Luke Kaz 1:14  Төбең көкке жете қуанып шаттанасың, көп адамдар да оның дүниеге келгеніне қуанады.
Luke Kaz 1:15  Ол Жаратқан Иенің алдында мәртебелі болып, шарап, сыра атаулыдан аулақ жүретін болады. Ана құрсағында жатқанда-ақ ол Киелі Рухқа кенеледі.
Luke Kaz 1:16  Жақия исраилдіктердің көбін өздерінің Құдайы — Жаратқан Иеге қайтадан келтіреді.
Luke Kaz 1:17  Ілияс пайғамбарға дарыған Құдайдың Рухы мен күшіне ол да бөленіп, Иеміздің алдынан жүретін болады. Әкелерді балаларымен татуластырып, қыңыр мінезділерді әділ жандардың тура жолына бет бұрғызады. Осылайша ол халықты Иеміздің келуіне әзірлейді. —
Luke Kaz 1:18  Алайда Зәкәрия періштеге жауап қайтарып:— Бұған қалай көз жеткізе аламын? Өзім қартайдым, әйелімнің де жасы ұлғайды ғой, — деді.
Luke Kaz 1:19  Періште:— Мен Құдайға қызмет етуші Жәбірейілмін. Ол мені саған осы ізгі хабарды жеткізуге жіберді.
Luke Kaz 1:20  Ал сен мезгілінде орындалатын сөздеріме сенбегендіктен, олар жүзеге асатын күнге дейін сөйлей алмайтын мылқау болып қаласың, — деді.
Luke Kaz 1:21  Осы екі арада жамағат Зәкәрияның киелі үйде кідіріп қалғанына таңданып, тосып тұрған еді.
Luke Kaz 1:22  Ол сыртқа шыққанда, оларға сөйлей алмай қалды. Сонда жұрт оның киелі үйде аян көргенін ұқты. Себебі Зәкәрия оларға ыммен белгі беріп, мылқау күйінде қала берді.
Luke Kaz 1:23  Өзінің киелі үйдегі қызмет атқару күндері біткеннен кейін Зәкәрия үйіне қайтты.
Luke Kaz 1:24  Бұдан соң әйелі Елізабет құрсақ көтеріп, бес ай бойы жұрт көзінен тасаланып жүрді.
Luke Kaz 1:25  «Жаратқан Ие бұл күндері маған назар аударып, мені адамдар арасында ұятқа қалдырмау үшін осылай жарылқады!» — деп Елізабет Тәңір Иеге ризашылығын білдірді.
Luke Kaz 1:26  Алтыншы айда Құдай Жәбірейіл періштені Ғалилея аймағының Назарет қаласындағы бір қызға жіберді.
Luke Kaz 1:27  Қыздың есімі Мәриям болатын, ол (Исраил елінің ежелгі патшасы) Дәуіттің әулетінен шыққан Жүсіп есімді жігітке айттырылып қойылған еді.
Luke Kaz 1:28  Періште үйге кіріп, оған:— Сәлем саған, Құдай жарылқаған жан, Жаратқан Ие саған жар! — деп тіл қатты.
Luke Kaz 1:29  Мәриям періштені көріп, оның айтқан сөздеріне селк етіп, бұл қандай сәлемдесу деп ойланып тұрып қалды.
Luke Kaz 1:30  Ал періште оған:— Қорықпа, Мәриям, саған Құдай рақымын түсірді.
Luke Kaz 1:31  Енді құрсақ көтеріп, Ұл табасың, Оның атын Иса деп қоясың.
Luke Kaz 1:32  Ол өте мәртебелі болып, Құдай Тағаланың рухани Ұлы деп аталады. Құдай Ие Оған арғы атасы Дәуіттің тағын сыйлайды.
Luke Kaz 1:33  Иса Жақыптың үрім бұтағына мәңгі бақи Патшалық құратын болады. Оның Патшалығының шегі болмайды, — деді.
Luke Kaz 1:34  Сонда Мәриям:— Бұл қалай болады? Мен еркекпен жақындасқан емеспін ғой! — деп сұрады.
Luke Kaz 1:35  Періште оған былай деп жауап берді:— Саған Киелі Рух қонып Құдай Тағала сая түсіргендей Өзінің құдіретін дарытады. Сондықтан да сен табатын Киелі Бала «Құдайдың рухани Ұлы» деп аталмақ.
Luke Kaz 1:36  Бұрын құрсақ көтермейді деп саналған жақын апайың Елізабет те қартайған шағында ұлды болмақ. Алты айдан бері оның аяғы ауыр.
Luke Kaz 1:37  Себебі Құдайдың ешбір сөзі де жүзеге аспай қалмас! —
Luke Kaz 1:38  Сонда Мәриям:— Мен Жаратқан Иенің күңімін; айтқаныңыз болсын! — деді. Бұдан кейін періште оның қасынан ғайып болды.
Luke Kaz 1:39  Сол күндері Мәриям жолға жиналып, Яһуда руының таулы өңіріндегі бір қалаға жедел жүріп кетті.
Luke Kaz 1:40  Сонда ол Зәкәрияның үйіне түсіп, Елізабетпен амандасты.
Luke Kaz 1:41  Елізабет Мәриямның берген сәлемін естігенде, ішіндегі нәрестесі тыпырлап кетті. Елізабет Киелі Рухқа кенеліп,
Luke Kaz 1:42  қатты дауыстап былай деді:— Құдай әйелдердің арасында сені жарылқаған, құрсағыңдағы Нәрестені де жарылқаған!
Luke Kaz 1:43  Иемнің шешесі маған келетіндей мен соншама кім едім?
Luke Kaz 1:44  Көрдің бе, сәлем берген даусың құлағыма жеткенде, ішімдегі балам қуанып, тыпырлап қоя берді!
Luke Kaz 1:45  Жаратқан Иеге сенген сен бақыттысың, Оның саған айтқаны жүзеге аспақ!
Luke Kaz 1:46  Сонда Мәриям былай деді:— Жан дүнием Иемді мадақтайды,
Luke Kaz 1:47  Құтқарушым Құдайға қуанады:
Luke Kaz 1:48  Күңінің қарапайым жағдайынаҚұдай рақыммен назар аударады.Күллі ұрпақтар мені бұдан былай«Құдай жарылқаған жан» деп атайды:
Luke Kaz 1:49  Есімі киелі Құдіретті ҚұдайМаған керемет ұлы істер жасайды!
Luke Kaz 1:50  Рақымы Өзін қастерлеушілердіңҰрпағынан ұрпағына жалғасады;
Luke Kaz 1:51  Ол қолының құдіретін танытып,Асқақ ниеттілерді шашыратады,
Luke Kaz 1:52  Билік иелерін тақтан құлатып,Атақсыздарды жоғарылатады.
Luke Kaz 1:53  Ашыққандарды игілікке кенелтіп,Байларды құр қол қайтарып қуады.
Luke Kaz 1:54  Тәңір өз қайырымын ескеріп,Қызметшісі Исраилді қамқорлайды:
Luke Kaz 1:55  Ежелгі ата-бабаларымызға,Ыбырайым мен оның ұрпақтарына,Құдай осылай айтқан болатын да.
Luke Kaz 1:56  Мәриям үш айдай Елізабетпен бірге тұрғаннан кейін үйіне қайта оралды.
Luke Kaz 1:57  Елізабеттің босанатын уақыты жетіп, ұл тапты.
Luke Kaz 1:58  Көршілері мен туыстары Жаратқан Иенің оған қайырымдылық жасағанын естіп, қуанышына ортақтасты.
Luke Kaz 1:59  Сегізінші күні олар сәбиді сүндеттеуге келіп, оған Зәкәрия деп әкесінің атын қоймақшы болды.
Luke Kaz 1:60  Бірақ шешесі қарсылық білдіріп:— Жоқ, оның есімі Жақия болады! — деді.
Luke Kaz 1:61  Олар:— Туысқандарыңыздың арасында сондай есімді ешкім жоқ еді ғой! — деп,
Luke Kaz 1:62  әкесінен ұлына қандай ат қойғысы келетінін ымдап сұрады.
Luke Kaz 1:63  Зәкәрия бір жазу тақтайшасын сұрап алып, «Оның есімі Жақия болады!» деп жазды. Бұған бәрі де таңғалысты.
Luke Kaz 1:64  Сол сәтте-ақ Зәкәрияға қайтадан тіл бітіп, Құдайды мадақтай бастады.
Luke Kaz 1:65  Ал төңірегінде тұрған халықтың барлығы үрейленіп қалды. Осы оқиғалар Яһудея елінің бүкіл таулы өңірінде әңгіме болды.
Luke Kaz 1:66  Естігендердің бәрі оларды көңілдеріне түйіп: «Бұл нәресте кім болар екен?» — десті. Себебі Жаратқан Иенің Өзі Жақияны қолдап-қорғап жүрді.
Luke Kaz 1:67  Баланың әкесі Зәкәрия Құдайдың Киелі Рухына кенеліп, Оның хабарын жеткізіп былай деді:
Luke Kaz 1:68  «Исраилдің сиынатын ҚұдайыМадақталсын: оның Жаратқан Иесі!Құдай таңдап алған халқына келеді,Оны құтқарып алып азат етеді!
Luke Kaz 1:69  Құлы Дәуіттің әулетінен бізгеМықты Құтқарушыны шығарады.
Luke Kaz 1:70  Қасиетті пайғамбарларына Ол ежелдеБұларды алдын ала білдірткен еді,
Luke Kaz 1:71  Ондағы мақсаты — бар жауымыздан,Бізді жек көретіндердің қолынанҚұтқарып алып азат ету біздерді.
Luke Kaz 1:72  Құдай арғы ата-бабаларымызғаОсылай шапағатын танытады,Олармен жасаған Өзінің қасиеттіКелісімін енді есіне алады,
Luke Kaz 1:73  Түп атамыз Ыбырайымға ӨзіБерген антын есіне түсіреді.
Luke Kaz 1:74  Бізге жаулардың қолынан құтылып,Өзіне еш алаңсыз қызмет етіп,
Luke Kaz 1:75  Жаратқан Иеміздің көз алдындаҚасиетті де әділ өмір сүругеМәңгі мүмкіндік беретін болады.
Luke Kaz 1:76  Балам, сен осылай Құдай ТағаланыңПайғамбары деп аталатын боласың,Дайындауға Иеміздің жүрер жолын:
Luke Kaz 1:77  Өзінің таңдаған халқын құтқарып,Күнәсін кешіретінін хабарлап,Оның алдынан жүретін боласың:
Luke Kaz 1:78  Мейірімді рақымымен ҚұдайымыздыңШұғылалы Таң, міне, атып келеді!
Luke Kaz 1:79  Ажал төндірген түнектегі біздергеОл Өзінің шапағатты нұрын төгеді,Һәм бізді бейбітшілік жолына жетелейді».
Luke Kaz 1:80  Ал Жақия ержүрек, зейінді бала болып есейе берді. Исраил халқының алдына шыққанша, ол айдалада тұрды.