Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
EXODUS
Prev Up Next
Chapter 18
Exod Kaz 18:1  Мұсаның қайын атасы, Мадиян еліндегі діни қызметкер Етор Құдайдың Мұса және оның халқы үшін істегендерінің бәрі туралы түгел естіп білді. Ол, әсіресе, Жаратқан Иенің исраилдіктерді Мысырдан құтқарып алып шыққаны жөнінде хабар алған еді.
Exod Kaz 18:2  Мұса әйелі Сипораны қайын жұртына қайтарып жіберген кезде Етор қызын екі ұлымен жылы қабылдаған болатын.
Exod Kaz 18:3  Тұңғыш ұлын Мұса Гершом (яғни «Сол жерде кірме») деп атап, «Мен жат жерде кірме болдым», — деген еді.
Exod Kaz 18:4  Екіншісінің атын — Елиезер («Қолдаушым — Құдай») деп атап, «Әкемнің сиынған Құдайы Қолдаушым болып, мені перғауынның семсерінен қорғап қалды», — деп бекіткен еді.
Exod Kaz 18:5  Енді Мұсаның әйелі мен ұлдарын ерткен қайын атасы айдалада Құдай тауының беткейінде орналасқан Мұсаға келіп,
Exod Kaz 18:6  былай деп хабар жіберді: «Мен, қайын атаң Етор, әйелің, екі ұлыңмен саған келе жатырмыз».
Exod Kaz 18:7  Мұса қайын атасының алдынан шығып, бас иіп тағзым етіп, бетінен сүйді. Аман-саулық сұрасқаннан кейін олар шатыр ішіне кірді.
Exod Kaz 18:8  Мұса қайын атасына Жаратқан Иенің Исраилдің игілігі үшін перғауынға және мысырлықтарға істегендерінің бәрін айтып берді. Оған, сондай-ақ, халықтың жолшыбай көрген алуан түрлі ауыртпалықтарын және Жаратқан Иенің олардан құтқарғаны жайлы түгелдей баяндап берді.
Exod Kaz 18:9  Етор Жаратқан Иенің Исраилді мысырлықтардың зорлық-зомбылығынан құтқарғанына және оған жасаған бүкіл жақсылықтарына қатты қуанып:
Exod Kaz 18:10  «Жаратқан Ие мадақталсын, Ол сендерді перғауынның қолынан құтқарған, өз халқын Мысырдың қаналуынан босатқан!
Exod Kaz 18:11  Енді мен нық білемін: Жаратқан Ие барлық тәңір атаулыдан ұлы! Олар Исраилге қарсы көтерілгенде Ол Өзінің құдіретінің басым екенін көрсетті», — деді.
Exod Kaz 18:12  Етор құрбандыққа мал шалып, бірқатарын Құдайға арнап түгелдей өртеп жіберді. Һарон және Исраилдің күллі рубасылары да келіп, Мұсаның қайын атасымен Құдай алдында құрбандық асынан жеді.
Exod Kaz 18:13  Келесі күні Мұса халыққа төрелік ету үшін арнайы орнына отырды. Таң атқаннан кешке дейін оның алды босамады.
Exod Kaz 18:14  Мұсаның халық үшін істегендерінің бәрін көрген қайын атасы оған:— Сен халыққа не істеп жатырсың? Неліктен жалғыз өзің төрелік етіп отырсың, ал күллі жұрт таң атқаннан кешке дейін айналаңды босатпай жатыр? — деді.
Exod Kaz 18:15  Мұса оған:— Халық маған Құдайдың еркін білу үшін келеді.
Exod Kaz 18:16  Екі кісі бір-бірімен дауласса, маған келеді. Мен оларға Құдайдың ережелері мен заңдарын айтып, соларға сай дауларын шешіп беремін, — деп жауап қайтарды.
Exod Kaz 18:17  Ал қайын атасы:— Сенің бұлай істеуің жақсы емес.
Exod Kaz 18:18  Өзіңді де, жаныңдағы халқыңды да қажытасың. Бұл іс саған өте қиын, жалғыз өзің мұны орындай алмайсың.
Exod Kaz 18:19  Сол үшін де сөздеріме құлақ сал, саған ақыл-кеңес берейін, Құдай өзіңе жар болсын! Сен халқыңның Құдай алдында тұратын өкілі болып, даулы мәселелерді Оған ұсын.
Exod Kaz 18:20  Еліңе Құдайдың ережелері мен заңдарын үйретіп, олардың жүруге тиісті тура жолын және атқаруға тиісті міндеттерін нұсқа.
Exod Kaz 18:21  Сонымен қатар бүкіл халықтың арасынан қабілетті бірсыпыра адамды таңдап ал. Олар Құдайды терең қастерлеп, Оған ұнамсызды істеуден шошынатын адал, әрі арам табыстан бойын аулақ ұстайтын болулары қажет. Солар мың, жүз, елу және он адамға басшылық жасап,
Exod Kaz 18:22  әрдайым халыққа төрелік етсін. Осы төрешілер бүкіл күрделі мәселелерді саған жолдап, ал жеңіл-желпілерін өздері шешіп отырсын. Сонда олар міндетіңнің жүгін бірге көтерісіп, саған жеңілірек болады.
Exod Kaz 18:23  Егер осыны істесең және Құдай бұйыртса, сен міндетіңнің қиындығына төтеп беріп, бұл халық та аманшылықпен жөндеріне кетеді.
Exod Kaz 18:24  Мұса қайын атасының ақылын қабыл алып, айтқандарын түгел орындады.
Exod Kaz 18:25  Ол бүкіл Исраил қауымынан қабілетті адамдарды таңдап, оларды мың, жүз, елу және он адамға басшылық етуге тағайындады.
Exod Kaz 18:26  Осы адамдар әрдайым халыққа төрелік етіп, күрделі мәселелерді Мұсаға жолдап, ал жеңіл-желпілерін өздері шешіп отырды.
Exod Kaz 18:27  Мұнан кейін Мұса қайын атасын жолға шығарып салып, ол еліне қайтып кетті.