Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
EXODUS
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 40
Exod Kaz 40:1  Бұдан кейін Жаратқан Ие Мұсаға былай деп бұйырды:
Exod Kaz 40:2  «Менімен кездесуге арналған тұрағым — киелі шатырды бірінші айдың бірінші күні құрғыз.
Exod Kaz 40:3  Келісімнің айғақтары сақталатын сандықты шатырдың ішіне қойғызып, шымылдықпен көзден тасалат.
Exod Kaz 40:4  (Нан тартулары қойылатын) үстелді әкелдіріп, оған қатысты нәрселерді орналастырт. Содан кейін шам қойғышты кіргізіп, үстіне шамдарын орнатқыз.
Exod Kaz 40:5  Хош иісті заттарды түтететін алтын үстелді Келісім сандығының алдыңғы жағына қойғызып, киелі шатырдың кіреберісіндегі шымылдықты ілгіз.
Exod Kaz 40:6  Құрбандық үстелін кездесу шатырының кіреберісінің алдыңғы жағына орналастырт.
Exod Kaz 40:7  Тазару рәсіміне арналған қазанды кездесу шатыры мен құрбандық үстелінің екі ортасына қойдырып, ішіне су құйғыз.
Exod Kaz 40:8  Шатырдың ауласын айналдыра пердемен қоршатып, оның кіреберісінің пердесін де ілгізіп қой.
Exod Kaz 40:9  Арнайы хош иісті майдан алып, киелі шатырға және оның ішіндегі әрбір бұйымға аздап жақ. Осылайша шатырды және оның барлық бұйымдарын Маған бағыштап, киелі қыл.
Exod Kaz 40:10  Мұнан кейін құрбандық үстелі мен оның құрал-саймандарына да осы май жағу рәсімін жасап, үстелді Маған бағышта, сонда ол ерекше киелі болады.
Exod Kaz 40:11  Қазан мен оның тұғырына аздап май жағып, оларды да Маған бағышта.
Exod Kaz 40:12  Содан кейін Һарон мен ұлдарын Өзіммен кездесу шатырының кіреберісіне алып келіп, сумен тазару рәсімінен өткіз.
Exod Kaz 40:13  Һаронға арнайы киімдерін кигізіп, май жағу рәсімін орындап, оны діни қызметкерім болуға Өзіме бағышта.
Exod Kaz 40:14  Һаронның ұлдарын да жақындатып, ұзын көйлектерін кигіз.
Exod Kaz 40:15  Менің діни қызметкерлерім болулары үшін әкесіне жасағандай, оларға да май жағу рәсімін орында. Осы рәсім орындалғанда өздері де, келер ұрпақтары да діни қызметкерлікке мәңгілік тағайындалады».
Exod Kaz 40:16  Мұса барлығын да дәл Жаратқан Ие өзіне бұйырғандай етіп жасады.
Exod Kaz 40:17  Осылайша (халық Мысырдан көшіп шыққаннан кейінгі) екінші жылдың бірінші айының бірінші күні Жаратқан Иенің жер бетіндегі тұрағы құрастырылды.
Exod Kaz 40:18  Мұса киелі шатырды құрған кезде оның тағандарын орын-орындарына қойғызып, бөренелерін тұрғызып, сырықтарын кигізіп, бағаналарын көтертті.
Exod Kaz 40:19  Мұнан соң киелі шатырдың үстіне жапқышын жайып, оның бетіне жабынын жапты. Мұның бәрі де Жаратқан Иенің бұйрығына сай болды.
Exod Kaz 40:20  Мұса Келісімнің айғақтарын екі тас тақтайшаны алып келіп, Келісім сандығының ішіне салды да, сандықтың шығыршықтарынан сырықтарды өткіздіріп, оның үстіне қақпақты қойғызды.
Exod Kaz 40:21  Содан кейін Келісім сандығын киелі шатырдың ішіне апарғызып, оның алдына арнаулы шымылдықты ілгізіп, Жаратқан Ие бұйырғандай сонымен Келісім сандығын көзден тасалатып қойды.
Exod Kaz 40:22  Мұса арнайы нан үстелін Жаратқан Иенің әмірі бойынша кездесу шатырының ішіне, оның солтүстік бетіне, ішкі шымылдықтың бергі жағына орналастыртты.
Exod Kaz 40:23  Үстелдің үстіне ол Жаратқан Иеге бағышталған нан тартуларын қатарластыра жайғастыртты.
Exod Kaz 40:24  Ал шам қойғышты кездесу шатырының оңтүстік бетіне, нан үстеліне қарама-қарсы орналастыртып,
Exod Kaz 40:25  үстіне шамдарды орнатқызып, Жаратқан Ие Өзіне бұйырғандай Оның алдына қойғызды.
Exod Kaz 40:26  Мұнан кейін Мұса (хош иісті заттар түтетілетін) алтын үстелді кездесу шатырының ішіне, ішкі шымылдықтың алдыңғы жағына қойғызып,
Exod Kaz 40:27  Жаратқан Ие бұйырғандай үстіне хош иісті заттарды түтеткізді.
Exod Kaz 40:28  Шатырдың кіреберісіне сыртқы шымылдықты ілгізді.
Exod Kaz 40:29  Мұнан соң ол Тәңір Иенің жер бетіндегі тұрағы — кездесу шатырының кіреберісінің жанына құрбандық үстелін орнатқызды. Оның үстінде ол шалынған құрбандықтарды және астық тартуларын Жаратқан Иенің бұйырғанындай Оған арнап өртеп жіберді.
Exod Kaz 40:30  Мұнан кейін Мұса қазанды кездесу шатыры мен құрбандық үстелінің ортасына орналастыртып, тазару рәсімін орындау үшін ішіне су құйғызды.
Exod Kaz 40:31  Мұса мен Һарон және оның ұлдары содан су алып, қол-аяқтарын жуатын болды.
Exod Kaz 40:32  Олар кездесу шатырына кірген және құрбандық үстеліне жақындаған сайын Жаратқан Ие Мұсаға бұйырғандай осы тазару рәсімін орындап отырды.
Exod Kaz 40:33  Ең соңында Мұса киелі шатыр мен құрбандық үстелінің айналасындағы ауланы қоршатқызып, оның кіреберісіндегі пердені ілгізді. Осылай Мұса барлық жұмыстарды аяғына дейін жүзеге асырды.
Exod Kaz 40:34  Сонда кездесу шатырын (бағана тәрізді) бұлт басып, Жаратқан Иенің жер бетіндегі тұрағы Оның нұрлы салтанатына кенелді.
Exod Kaz 40:35  Мұса кездесу шатырына кіре алмады, себебі оны бұлт жауып, Жаратқан Иенің жер бетіндегі тұрағы Оның нұрлы салтанатына бөленді.
Exod Kaz 40:36  Бұлт тұрақтан жоғары қарай көтерілген кезде ғана Исраилдің үрім-бұтағы жолға жиналып, көштерін жалғастыратын.
Exod Kaz 40:37  Олар бұлт жоғары көтерілмейінше жолға шықпай, бұлттың көтерілуін күтетін.
Exod Kaz 40:38  Осылайша Жаратқан Иенің бағана тәрізді бұлты киелі шатыр үстінде күндіз тұрып, түнде бұлт ішінен от жанып, бәріне де көрінетін. Исраил халқы мұны көшіп-қонып жүрген уақытының бәрінде көріп отырды.