Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
EXODUS
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 12
Exod Kaz 12:1  Жаратқан Ие Мұса мен Һаронға Мысыр елінде мына ережелерді табыстады:
Exod Kaz 12:2  — Бұдан былай осы ай сендер үшін айлардың басы, жылдың алғашқы айы болсын.
Exod Kaz 12:3  Исраилдің барлық қауымына мынаны айтыңдар: әрбір отағасы осы айдың оны күні жанұясы үшін бір тоқтыдан арнап бөлек қойсын.
Exod Kaz 12:4  Егер үй ішіндегі адамдардың саны бұл малдың етін толық жей алмайтындай аз болса, онда оны іргелес көршісімен бөліссін. Тоқтының үлкен-кішілігін оны қанша адамның жей алатындығына қарап анықтауларың керек.
Exod Kaz 12:5  Таңдап алған малдарың қойдың не ешкінің еш мінсіз, бір жылдық еркек төлі болсын.
Exod Kaz 12:6  Осы малды айдың он төртіне дейін бағып күтіп, қастарыңда ұстаңдар. Сол күні кешке қарай Исраил халқының бүкіл қауымы тоқтыларын құрбандыққа шалсын.
Exod Kaz 12:7  Олар тоқтының қанынан біраз алып, құрбандық асын ішейін деп отырған үйлерінің есік жақтаулары мен маңдайшаларына жақсын.
Exod Kaz 12:8  Сол түні олар тоқтының етін отқа қақтап, ашытқысыз пісірілген нанмен және ащы шөптермен қосып жеулері керек.
Exod Kaz 12:9  Оны не шикілей, не суға пісіріп жеуші болмаңдар, тұтастай бас-аяқтарымен, ішкі ағзаларымен қоса қақтаңдар.
Exod Kaz 12:10  Таң атқанша тоқтыдан ештеңе де артылып қалмасын. Егер қалып қойса, оны өртеп жіберу қажет.
Exod Kaz 12:11  Сендер тамақтанып жатқанда белдерің буулы, аяқкиімдерің киюлі, таяқтарың қолдарыңда болсын, тамақты тездетіп жеңдер! Бұл — Маған, Жаратқан Иеге, арналған Құтқарылу асы.
Exod Kaz 12:12  Сол түні Мен Мысыр елін аралап, ондағы адамның да, малдың да тұңғыштарын құртып, Мысырдың барлық тәңірсымақтарын әшкерелеп соттаймын. Себебі Мен Жаратқан Иемін!
Exod Kaz 12:13  Жағылған қан сендердің отырған үйлеріңді көрсететін белгі болады. Сонда қанды көріп, соқпай өтіп кетемін. Мен Мысыр елін қырғынға ұшыратып жатқан кезде сендер бұл күйретіп жатқан соққыдан түгелдей аман қаласыңдар.
Exod Kaz 12:14  Осы күн естеріңде қалсын. Бүкіл үрім-бұтақтарыңмен оны Жаратқан Иеге арнап мейрамдаңдар. Бұл мереке туралы ережені ұрпақтарың мәңгі берік сақтасын.
Exod Kaz 12:15  Жеті күн бойы ашытқысыз пісірілген нан жеңдер. Алғашқы күні-ақ үйлеріңнен ашытқы атаулыны шығарып тастаңдар. Осы апта ішінде ашытқымен дайындалған тамақ ішкен әркім Исраил халқының арасынан аластатылуға тиіс.
Exod Kaz 12:16  Бірінші және жетінші күндері Маған бағышталған жиналыстарың болсын. Сол екі күнде ешқандай жұмыс істемеңдер, тек жейтін тамақтарыңды дайындауларыңа ғана болады.
Exod Kaz 12:17  Осылай «Ашымаған нан мейрамын» берік сақтаңдар! Бұл күні Менің сендерді Мысырдан лек-лектеріңмен алып шыққанымды жыл сайын еске алып отырыңдар. Келешек ұрпақтарың да бұл ережені мәңгі берік ұстансын.
Exod Kaz 12:18  Бірінші айдың он төртінші күнінің кешінен бастап, жиырма бірінші күнінің кешіне дейін ашымаған нан жеңдер.
Exod Kaz 12:19  Сол жеті күн бойы үйлеріңде ашытқы болмасын. Кімде-кім, мейлі елде туған исраилдік, мейлі жат жұрттық адам болсын, осы аралықта ашытқымен дайындалған тамақ ішсе, сол Исраил халқының арасынан аластатылуға тиіс.
Exod Kaz 12:20  Қайда тұрып жатсаңдар да, сол күндері ешқандай ашыған тағам жеулеріңе болмайды, нанды ашытқысыз пісіріп жеңдер!
Exod Kaz 12:21  Содан Мұса Исраилдің күллі рубасыларын шақырып алып, оларға былай деді:— Араларыңдағы әр отбасы үшін бір-бір тоқтыдан таңдап алып, Құтқарылу мейрамына арнап сойыңдар!
Exod Kaz 12:22  Бір байлам сайсағыз бұтақшасын құрбандықтың қаны жиналған ыдысқа малып алып, қанын есік жақтаулары мен маңдайшасына жағыңдар. Мұнан кейін таң атқанша ешқайсың да сыртқа шықпаңдар!
Exod Kaz 12:23  Сол кезде Жаратқан Ие Мысырды қырғынға ұшырату үшін бүкіл елді аралап жүрмек. Сонда Ол жақтаулары мен маңдайшаларына жағылған қанды көріп, сендердің есіктеріңнің қасынан өтіп кетеді де, құртушының үйлеріңе кіріп, өлтіруіне жол бермейді.
Exod Kaz 12:24  Бұл нұсқауды өздеріңе және келешек ұрпақтарыңа арналған ереже ретінде мәңгі берік сақтаңдар!
Exod Kaz 12:25  Жаратқан Ие сендерге табыстаймын деп уәде еткен елге кіргеннен кейін де осы рәсімді ұстануларың керек.
Exod Kaz 12:26  Балаларың: «Бұл не қылған рәсім?» деп сұраса,
Exod Kaz 12:27  оларға былай деңдер: «Бұл — Жаратқан Иеге арналған Құтқарылу мейрамының құрбандығы. Жаратқан Ие мысырлықтарды қырғынға ұшыратқан кезде исраилдіктердің үйлеріне соқпай өтіп кетіп, бізді өлімнен аман алып қалды».Мұны естіген халық Тәңір Иеге иіліп ғибадат етті.
Exod Kaz 12:28  Содан исраилдіктер үйлеріне барып, Жаратқан Иенің Мұса мен Һаронға бұйырғанындай істеді.
Exod Kaz 12:29  Сол күні түн ортасында Жаратқан Ие Мысырдағы барлық тұңғыштарды — тақта отырған перғауынның тұңғышынан бастап, түрмеде жатқан тұтқынның тұңғыш ұлына дейін және мал атаулының тұңғыш төлдерін де өлтірді.
Exod Kaz 12:30  Сол түні перғауын, оның күллі нөкерлері және барлық мысырлықтар да ұйқыларынан тұрды. Бүкіл Мысыр зарлы жоқтау жамылды, себебі өлім шықпаған бірде-бір үй болмады.
Exod Kaz 12:31  Перғауын сол түні Мұса мен Һаронды шақырып алып:— Жолға жиналыңдар! Исраилдің үрім-бұтағын ертіп алып, халқымның арасынан аулақ кетіңдер! Барып, өз сөздеріңе сай Жаратқан Иеге ғибадат етіңдер!
Exod Kaz 12:32  Ірілі-ұсақты малдарыңды да өздерің айтқандай ала кетіңдер. Ал маған оң баталарыңды бере көріңдер, — деп өтінді.
Exod Kaz 12:33  Мысыр халқы да исраилдіктерге:— Осы елден тезірек кете көріңдер, әйтпесе бәріміз де өліп қалармыз! — деп жалынып асықтырды.
Exod Kaz 12:34  Сонда исраилдіктер қамырларын ашытпастан ыдысымен бірге киімдеріне орап, иықтарына салып көтеріп жүрді.
Exod Kaz 12:35  Олар жолға шықпас бұрын Мұса мен Һаронның айтқандары бойынша мысырлықтардан күміс, алтын бұйымдар мен әсем киімдер сұрап алған болатын.
Exod Kaz 12:36  Жаратқан Ие мысырлықтарды Өзінің халқына мейіріммен қаратқандықтан, олар исраилдіктердің сұрағандарын түгел берді. Мысырдың байлығын исраилдіктер осылайша олжалады.
Exod Kaz 12:37  Сонымен Исраилдің үрім-бұтағы Рамсес қаласының маңынан Соқотқа қарай беттеді. Әйелдері мен балаларын есептемегенде шамамен алты жүз мың еркек жаяу жолға шықты.
Exod Kaz 12:38  Көптеген бөтен ұлттықтар да, сондай-ақ қора-қора ірілі-ұсақты малдары да бірге жүрді.
Exod Kaz 12:39  Жұрт алып шыққан ашымаған қамырларынан жолшыбай күлше нан пісірді. Мысырдан жедел кетуге мәжбүр болғандықтан, олар сапарға тіпті тамақ та дайындап үлгермеген болатын.
Exod Kaz 12:40  Исраилдің үрім-бұтағы Мысырда төрт жүз отыз жыл тұрды.
Exod Kaz 12:41  Осы мерзім біткен күні-ақ Жаратқан Иенің жасағы — Оның халқы лек-легімен Мысыр елінен шықты.
Exod Kaz 12:42  Бұл түні Жаратқан Иенің Өзі оларды Мысырдан алып шығу үшін сергек болып күзеткендіктен, осы түн Жаратқан Иеге бағышталған; оны Исраилдің барлық үрім-бұтағы мен келешек ұрпақтары да жыл сайын сергек болып ұйықтамай өткізуге тиіс.
Exod Kaz 12:43  Бұдан кейін Жаратқан Ие Мұса мен Һаронға былай деп нұсқау берді: «Құтқарылу мейрамының ережесі мынау: Арнайы мейрам асынан бірде-бір жат жұрттық ауыз тимейтін болсын.
Exod Kaz 12:44  Ал ақшаға сатып алған құлыңды сүндеттеген болсаң, онда оның жеуіне болады.
Exod Kaz 12:45  Бірақ араларыңда уақытша қоныстанғандар мен жалдамалы шетелдіктерге одан жеуге болмайды.
Exod Kaz 12:46  Құрбандық сол шалынған үйде желініп, еті ешқайда шығарылмасын! Оның ешбір сүйегі де сындырылмасын!
Exod Kaz 12:47  Бұл мейрамды бүкіл Исраил қауымы тойлауға тиіс.
Exod Kaz 12:48  Ал араларыңда тұрып жатқан жат жұрттық біреу Жаратқан Иеге бағышталған Құтқарылу мейрамын тойлағысы келсе, алдымен сол адамның үйіндегі барлық еркек кіндіктілерін сүндеттеңдер. Сонда ол елдеріңнің жергілікті тұрғыны іспетті мейрам асына қатыса алады. Ал бірде-бір сүндеттелмеген адам одан ауыз тимеуге тиіс.
Exod Kaz 12:49  Жергілікті халық үшін де, араларыңда тұрып жатқан жат жұрттықтар үшін де заң біреу болмақ».
Exod Kaz 12:50  Сонымен барлық исраилдіктер Жаратқан Иенің Мұса мен Һаронға бұйырғанындай істеді.
Exod Kaz 12:51  Дәл сол күні Жаратқан Ие Исраилдің үрім-бұтағын Мысыр жерінен лек-легімен алып шықты.