Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
EXODUS
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 22
Exod Kaz 22:1  Біреу мүйізді ірі қара не ұсақ мал ұрлап, сойып алса немесе сатып жіберсе, ол айып ретінде бір ірі қара үшін бесеуін, бір ұсақ мал үшін төртеуін төлесін.
Exod Kaz 22:2  Біреу түнде бұзып кіріп жатқан ұрыға тап болып, оны ұрып өлтірсе, төгілген қан оның мойнына жүктелмейді.
Exod Kaz 22:3  Ал егер оқиға жарықта болған болса, онда төгілген қан оның мойнында.Ұры ұрлаған заттардың орнын толтырсын. Егер ештеңесі болмаса, онда соларды төлеу үшін өзі басыбайлы қызметшілікке сатылсын.
Exod Kaz 22:4  Егер ұрланған малдар, не мүйізді ірі қара, не есек, не қой-ешкі болсын, оның қолынан тірідей табылса, онда ол ұрлағандарын екі есе етіп қайтарып берсін.
Exod Kaz 22:5  Біреу егістігінде не жүзімдігінде малдарын бағып, олардың басқа біреудің егістігінде емін-еркін жайылуына жол берсе, онда ол өз егістігінің не жүзімдігінің өнімінің ең жақсысынан айып төлесін.
Exod Kaz 22:6  Егер өрт тұрып, тікенді бұталарды қамтып, жиналған астық бауларын, пісіп тұрған егінді, я болмаса бүкіл егістікті өртеп жіберсе, онда сол өртті шығарған адам шығынның орнын толтыруға тиіс.
Exod Kaz 22:7  Біреу жақынына ақшасын не дүниесін сақтап қоюға аманаттап, олар соның үйінен ұрланып, ұры қолға түссе, ол ұрлағандарын екі есе етіп қайтарсын.
Exod Kaz 22:8  Ал ұры табылмаса, үй иесі Құдай (тағайындаған төрешілердің) алдына барып, оның өз жақынының меншігіне қол сұқпағандығы айқындалсын.
Exod Kaz 22:9  Кез келген даулы мал-дүние туралы, мүйізді ірі қара, есек, қой-ешкі, киім-кешек не басқа да жоғалған меншік жайында біреу: «Жоғалтқаным осы!» — десе, екі жақ та мәселені төрешілердің алдына алып барсын. Олар Құдай алдында кімді кінәлі деп тапса, сол жақынына екі есе етіп қайтарсын.
Exod Kaz 22:10  Біреу жақынына есегін, мүйізді ірі қарасын, қой-ешкісін не басқа бір малын баға тұруға беріп, сол өліп немесе жарақаттанып қалса, яки біреу айдап кетіп, бұл жайтты ешкім көрмеген болса,
Exod Kaz 22:11  онда малды бағуға алып қалған «жақынымның меншігіне қол сұқпадым» деп Жаратқан Иенің алдында ант берсін. Екеуінің арасындағы даулы мәселе осылай шешілсін. Мал иесі мұны қабылдап, анау ештеңе төлемесін.
Exod Kaz 22:12  Алайда мал қорадан ұрланса, иесіне құны төленсін.
Exod Kaz 22:13  Егер жыртқыш аң-құсқа таланса, онда бағушы өлімтігін дәлел ретінде көрсетіп, ол үшін ештеңе төлемейді.
Exod Kaz 22:14  Біреу жақынының малын пайдалана тұруға сұрап алып, иесі жоқ кезде мал жарақаттанып не өліп қалса, оны алған адам құнын төлесін.
Exod Kaz 22:15  Бұл жағдай мал иесінің көз алдында болса, онда малдың құны төленбейді. Ал егер мал пайдалана тұруға жалға алынса, онда жалдама ақысы төленген шығынның орнын толтырады.
Exod Kaz 22:16  Біреу ешкімге айттырылмаған пәк қызды еліктіріп, онымен жақындасса, сол қалыңмалын төлеп, қызға үйленсін.
Exod Kaz 22:17  Ал әкесі оған қызын ұзатуға келіспесе, онда айыпкер қалыңмал мөлшерінде күміс ақша төлесін.
Exod Kaz 22:18  Сиқыршыларды тірі қалдырмаңдар!
Exod Kaz 22:19  Малмен жақындасатын әркім өлтірілсін!
Exod Kaz 22:20  Жалғыз Жаратқан Иеден басқа тәңірлерге құрбандық шалған әркім түп-тамырымен құртылсын!
Exod Kaz 22:21  Жат жұрттық келімсектерге қысым көрсетіп, зорлық-зомбылық жасамаңдар! Өздерің де Мысырда жат жұрттық болып тұрдыңдар ғой.
Exod Kaz 22:22  Жесірлер мен жетімдерге жәбір көрсетпеңдер!
Exod Kaz 22:23  Егер олар сендерден жәбір көргендіктен Маған жалбарынып сиынса, Мен (Жаратқан Ие) олардың зарларына құлақ салып,
Exod Kaz 22:24  қаһарыма мініп, сендерді семсермен өлтіртемін. Сонда өз әйелдерің жесір, балаларың жетім қалады.
Exod Kaz 22:25  Араларыңдағы халқымның мұқтаждықтағы біреуіне қарызға ақша берсең, пайдакүнем болып, бергенің үшін өсім ақша талап етпе!
Exod Kaz 22:26  Егер қарыздар жақыныңның шапанын кепілдікке алсаң, оны күн бата қайтарып беріп отыр.
Exod Kaz 22:27  Шапаны оның үстін жабатын жалғыз жамылғысы болғанда, сол бейшара не жамылып ұйықтамақ? Ол Маған жалбарынып сиынса, Мен оның зарына құлақ саламын, себебі Мен қайырымдымын.
Exod Kaz 22:28  Сонымен Құдайды қорлама! Халқыңның басшысына балағат сөз айтпа!
Exod Kaz 22:29  Қамбаларың мен күбілеріңе жинаған өнімдеріңнің алғашқыларын Маған ұсынуға сараң болмаңдар.Тұңғыш ұлдарыңды Маған бағыштаңдар!
Exod Kaz 22:30  Мүйізді ірі қара не ұсақ малдарыңның тұңғыш төлдерімен де солай істеңдер! Олар жеті күн бойы енелерінің бауырында болсын, ал сегізінші күні оларды Маған құрбандыққа шалыңдар.
Exod Kaz 22:31  Сонда сендер Маған бағышталған қасиетті боласыңдар.Далада таланған хайуанның етін жемей, итке тастаңдар!