Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
EXODUS
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 29
Exod Kaz 29:1  Һаронды және оның ұлдарын Менің қызметіме бағыштау үшін мыналарды орындауға тиіссің:Еш мінсіз бір жас бұқа мен екі қошқарды дайындап қойғыз.
Exod Kaz 29:2  Таңдаулы бидай ұнынан ашымаған нан, май қосылған ашымаған пәтір нан және май жағылған ашымаған құймақтар пісіртіп,
Exod Kaz 29:3  бәрін бір себетке салдырт. Бұқа мен екі қошқарды және себеттегі нандарды Маған алып келіп ұсын.
Exod Kaz 29:4  Һарон мен ұлдарын Менімен кездесетін шатырдың кіреберісіне алып келіп, оларды тазару рәсімінен өткіз.
Exod Kaz 29:5  Арнайы киімдерді алып, Һаронға ұзын көйлек, сырт көйлек, жеңсіз сырт киім кигізіп, кеуде қалтаны таққыз да, жеңсіз сырт киімін кестеленіп тоқылған белбеумен байлат.
Exod Kaz 29:6  Басына сәлдені кигізіп, Құдайға бағышталғандығын белгілейтін алтын тақташаны маңдай жағына бекітіп байла.
Exod Kaz 29:7  Арнайы майды алып, оның басына құйып жақ.
Exod Kaz 29:8  Бұдан кейін Һаронның ұлдарын да алдыртып, оларға ұзын көйлектері
Exod Kaz 29:9  мен баскиімдерін кигізіп, белбеулерін байлат.Осылайша Һарон мен оның ұрпақтары тұрақты ереже бойынша діни қызметкерлер болып қалады. Оларды мына рәсімдер арқылы қызметтеріне тағайында:
Exod Kaz 29:10  жас бұқаны кездесу шатырының алдына алдырт. Һарон мен ұлдары бұқаның басына қолдарын қойсын.
Exod Kaz 29:11  Бұдан кейін бұқаны кездесу шатырының кіреберісінің жанында, Жаратқан Иенің алдында құрбандыққа шалып,
Exod Kaz 29:12  оның біразырақ қанын саусағыңмен құрбандық үстелінің мүйіз тәрізді шошақтарына жағып, қалған қанның бәрін үстелдің түбіне төк.
Exod Kaz 29:13  Бұқаның шарбы майын, бауырының үстіндегі көк етін әрі қос бүйрегін майларымен бірге алып, құрбандық үстелінің үстінде өртеп жібер.
Exod Kaz 29:14  Ал бұқаның етін, терісі мен жынын ел қонысының сыртына шығарып, өртеткіз. Себебі бұл — күнәнің құнын өтейтін құрбандық.
Exod Kaz 29:15  Мұнан кейін екі қошқардың бірін алдырт, Һарон мен ұлдары оның басына қолдарын қойсын.
Exod Kaz 29:16  Қошқарды құрбандыққа шалып, қанын алып, құрбандық үстелінің барлық жағына шаш.
Exod Kaz 29:17  Қошқарды мүшелеп бөл. Ішек-қарнын, сирақтарын жуып, оларды басы мен мүшеленген бөліктерінің үстіне қой.
Exod Kaz 29:18  Осылай қошқарды толығымен құрбандық үстелінің үстінде түтетіп өртеп жібер. Осы түгелдей өртелген құрбандық — Жаратқан Иеге өртелу арқылы ұсынылған хош иісті де ұнамды тарту.
Exod Kaz 29:19  Бұдан кейін екінші қошқарды алдырт. Һарон мен ұлдары оның басына да қолдарын қойсын.
Exod Kaz 29:20  Қошқарды құрбандыққа шалып, оның біразырақ қанын алып, соны Һарон мен ұлдарының оң құлақтарының сырғалықтарына, оң қолдарының бас бармақтарына, оң аяқтарының үлкен башайларына жақ та, қалған қанды құрбандық үстелінің барлық жағына шаш.
Exod Kaz 29:21  Сол қаннан және жағу рәсіміне арналған майдан біразырақ алып, Һарон мен ұлдарының өздеріне және үстеріндегі киімдеріне бүрік. Сонда өздері де, киімдері де Құдайдың қызметіне толықтай бағышталған болады.
Exod Kaz 29:22  Осы қошқардың бүкіл майларын ал: майлы құйрығын, шарбы майын, бауырының үстіндегі көк етін, қос бүйрегін майларымен бірге әрі оң жақ сан етін. Себебі ол — діни қызметкерлерді тағайындау рәсіміне арналған қошқар.
Exod Kaz 29:23  Жаратқан Иеге ұсынылған себеттен бір дөңгелек нан, май жағылған құймақ және май қосылған бір пәтір нанды ал.
Exod Kaz 29:24  Мұның бәрін Һарон мен ұлдарының қолдарына беріп, әрі-бері тербеп Жаратқан Иеге ұсыныңдар.
Exod Kaz 29:25  Содан кейін осы тартулардың бәрін олардың қолдарынан алып, құрбандық үстелінің үстінде түгелдей өртелген құрбандыққа қоса өртеп жібер. Бұл — Жаратқан Иеге өртеу арқылы ұсынылған, хош иісті де ұнамды тарту.
Exod Kaz 29:26  Һаронның қызметіне тағайындалуына арнап шалынған қошқардың төсін алып кел де, оны Жаратқан Иенің алдында әрі-бері тербеп ұсын. Ол сенің үлесің болмақ.
Exod Kaz 29:27  Сол құрбандық қошқарының Һарон мен ұлдарына арналған үлестерін өздеріне табыста: жоғары көтеріліп, Тәңір Иеге ұсынылған оң жақ сан етін және тербетіліп ұсынылған төс етін.
Exod Kaz 29:28  Исраилдіктердің Һарон мен ұлдарына ұдайы беретін тұрақты сыбағасы осы болмақ. Өйткені бұл — исраилдіктердің Жаратқан Иемен қарым-қатынастарына ризашылықтарын білдіретін құрбандықтарынан Оған бағыштауға тиісті бөліктері.
Exod Kaz 29:29  Һаронның арнайы киімдері өзінен кейін келер ұрпақтарына аманатталсын, сонда олар соларды киіп, Құдайға бағышталып, қызметтеріне тағайындала алады:
Exod Kaz 29:30  Һаронның ізбасары болып киелі орында қызмет ететін ұрпағы сол киімдерді жеті күн бойы кездесу шатырына кіргенде киюге тиіс.
Exod Kaz 29:31  Һаронның қызметіне тағайындалу рәсіміне байланысты шалынған қошқардың төсі мен қол етін алып, арнайы орында асып пісірт.
Exod Kaz 29:32  Һарон мен оның ұлдары қошқардың осы етін және себеттегі нандарды кездесу шатырының кіреберісінің алдында жесін.
Exod Kaz 29:33  Олар Құдайға бағышталып, қызметтеріне тағайындалған кездерінде күнәнің арамдығынан тазару үшін ұсынылған осы құрбандықтардың етін және тартуларды тек өздері ғана жесін, басқа ешкімнің де олардан жеуіне болмайды. Өйткені сол тағамдар Тәңір Иеге арналған.
Exod Kaz 29:34  Тағайындалу рәсіміне байланысты шалынған қошқар еті мен нандардан таң атқанша артылып қалғандары болса, өртеп жібер. Себебі Тәңір Иеге бағышталған сол тағамдарды енді жеуге болмайды.
Exod Kaz 29:35  Һаронға және оның ұлдарына Мен өзіңе бұйырған осы рәсімдердің бәрін орында: жеті күн бойы олардың қолдарын тағайындалуларына байланысты Тәңір Иеге ұсынылған құрбандықтар мен сый-тартуларға толтыр.
Exod Kaz 29:36  Әр күн сайын күнәнің құнын өтеу үшін бір жас бұқадан құрбандыққа шал. Құрбандық үстелін күнәнің арамдығынан тазарту үшін оның үстінде күнәнің құнын өтеуге шалынған құрбандықтарды өртеп жіберіп, үстелге арнайы май жағып, оны Тәңір Иеге бағышта.
Exod Kaz 29:37  Жеті күн бойы құрбандық үстелін осылайша күнәнің арамдығынан тазартып, оны Тәңір Иеге арна. Сонда құрбандық үстелі Тәңір Иеге түгелдей бағышталып, ерекше киелі болады. Үстелдің үстіне қойылған не оған жанасқандардың бәрі де Тәңір Иеге бағышталып, Оның меншігіне айналады.
Exod Kaz 29:38  Тұрақты түрде күн сайын құрбандық үстелінің үстінде өртеліп ұсынылатындар мыналар: бір жастағы екі тоқты;
Exod Kaz 29:39  біреуі таңертең, екіншісі кешке шалынып, өртеліп ұсынылсын.
Exod Kaz 29:40  Бірінші тоқтыға қоса үш қадақ сығып алынған таза зәйтүн майымен араластырылған таңдаулы бидай ұнынан бір пұттың оннан бір бөлігін алып, өртеп жібер. Сұйық тарту ретінде үш қадақ шарапты соның үстіне құйып ұсын.
Exod Kaz 29:41  Екінші тоқтыны ымырт жабыла құрбандыққа шал. Оған қоса таңертеңгідей астық және сұйық тартуларын да ұсын. Олар Жаратқан Иеге өртелу арқылы ұсынылған, хош иісті де ұнамды сый-тартулар болмақ.
Exod Kaz 29:42  Бұл — келер ұрпақтарыңның да күн сайын шалып, өртеу арқылы жасауға тиісті құрбандығы. Оны Жаратқан Иенің алдында, кездесу шатырының кіреберісінің жанында ұсыныңдар. Осы жерде Мен сенімен кездесіп, саған тіл қатпақпын.
Exod Kaz 29:43  Мен Исраил халқымен де осында кездесіп, бұл жерді ұлы салтанатыммен Өзіме бағыштап киелі етемін.
Exod Kaz 29:44  Осылайша Мен кездесу шатыры мен құрбандық үстелін де, Һарон мен ұлдарын да Өзіме қызмет етуге бағыштап,
Exod Kaz 29:45  Исраилдің үрім-бұтағының арасында тұрып, олардың Құдайы боламын.
Exod Kaz 29:46  Сонда олар өздерінің Құдайы Жаратқан Ие Мен екенімді түсініп, араларында тұру үшін оларды Мысырдан алып шыққанымды білетін болады. Мен олардың Құдайы Жаратқан Иемін.