Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
GENESIS
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 14
Gene Kaz 14:1  Сол заманда (Месопотамиядағы) Шинар патшасы Амрафел, Елласар патшасы Ариох, Елам патшасы Кедор-Лаумер және Ғоим патшасы Тидал бірігіп,
Gene Kaz 14:2  (шығыс жақтан аттанып, Иордан алқабындағы бес қаланың патшаларына) қарсы соғысуға келді. Жаңағы бес патшаның аты-жөндері: Содом патшасы Бера, Ғомора патшасы Бырша, Адма патшасы Шынап, Себоим патшасы Шемебер және Беланың патшасы болатын. Бела қазір Сиғор деп аталады.
Gene Kaz 14:3  Сол бес патша өзара келісім жасасып, қазір Тұз теңізі (яғни Өлі теңіз) орналасқан Сіддим жазығына жиналды.
Gene Kaz 14:4  Олар он екі жыл бойы Кедор-Лаумердің қол астында болып келіп, он үшінші жылы оған қарсы көтерілген еді.
Gene Kaz 14:5  Он төртінші жыл келгенде Кедор-Лаумер және оған ерген басқа патшалар жорыққа шығып, Аштарот-Қарнаимдағы рафалықтарды, Хамдағы зуздықтарды, Қырятаим жазығындағы емдіктерді
Gene Kaz 14:6  және Сейір тауларында, иен далаға таяу жердегі Ел-Паранға дейін орналасқан хорлықтарды жеңіп, талқандады.
Gene Kaz 14:7  Сонан соң олар оралып, Ен-Мышпатқа, яғни Қадешке, барып, амалектіктердің және Хасасон-Тамардағы аморлықтардың бүкіл жерін басып алды.
Gene Kaz 14:8  Сонда Сіддим жазығында әлгі бес патша: Содомның, Ғомораның, Адманың, Себоимның және Беланың, яғни Сиғордың, патшалары жасақшыларын ұрысқа дайындап,
Gene Kaz 14:9  төрт патшаға: Кедор-Лаумер, Тидал, Амрафел және Ариохқа қарсы аттанды.
Gene Kaz 14:10  Ал Сіддим жазығы жердің қарамайы шығатын шұңқырларға толы болатын. Сонда Содом мен Ғомораның патшалары шайқастан қашқанда, олар (және жасақшыларының көбі) сол шұңқырларға құлап түсіп, қалғандары тауға қарай безді.
Gene Kaz 14:11  Жеңімпаз төрт патша Содом мен Ғомора қалаларының бүкіл байлығын және барлық азық қорын талан-таражға салды.
Gene Kaz 14:12  Олар Ыбырамның немере інісі Лутты да бар мал-мүлкімен алып кетті. Өйткені ол Содомда тұратын.
Gene Kaz 14:13  Шайқастан қашып құтылған біреу осыны көшпенді Ыбырамға жеткізді. Сол кезде Ыбырам Ешқол мен Анердің ағасы аморлық Мамренің алып емен ағаштары өсіп тұрған тоғайының қасында тұратын. Бұлардың бәрі Ыбыраммен келісім жасасқан еді.
Gene Kaz 14:14  Інісінің тұтқынға түскенін естігенде, Ыбырам қол астындағы үш жүз он сегіз жаттыққан жасақшыларын жинап алып, жауды Дан қаласына дейін қуып кетті.
Gene Kaz 14:15  Түнде Ыбырам адамдарымен топ-топқа бөлініп алып, шабуылға шықты да, жауды жеңіп, оларды Дамаскінің солтүстігіндегі Хоба қаласына дейін қуды.
Gene Kaz 14:16  Осылай Ыбырам жау қолына түскен барлық мал-мүлікті, інісі Лутты да мал-мүлкімен және тұтқынға түскен әйелдер мен басқа да адамдарды қайтарып алды.
Gene Kaz 14:17  Ыбырам Кедор-Лаумер мен оған ерген патшаларды жеңіп, қайтып келе жатқанда, Содомның патшасы оны қарсы алу үшін «Патша аңғары» деп аталатын Шаве аңғарына жолға шықты.
Gene Kaz 14:18  Салим қаласының патшасы Мәліксадық та Ыбырамның алдынан шығып, оған нан мен шарап ұсынды. Ол Құдай Тағаланың діни қызметкері болатын.
Gene Kaz 14:19  Мәліксадық Ыбырамға ақ батасын беріп былай деді:«Лайым көк пен жерді жаратқанАлла Тағала Ыбырамды жарылқай көрсін!
Gene Kaz 14:20  Жауларыңды қолыңа тапсырғанҚұдай Тағала мадақтала берсін!»Ыбырам қолында барының оннан бір бөлігін Мәліксадыққа құдайы сый-тарту ретінде қалдырып кетті.
Gene Kaz 14:21  Бұдан кейін Содомның патшасы да Ыбырамға жетіп, одан:— Жаудан қайтарып алған адамдарды маған беріп, мал-мүлікті өзіңізге қалдыра көріңіз, — деп өтінді.
Gene Kaz 14:22  Бірақ Ыбырам:— Мен көк пен жерді жаратқан Тәңір Ие — Алла Тағала алдында қолымды көтеріп тұрып ант етемін:
Gene Kaz 14:23  сіз кейін «Ыбырамды мен байыттым» деп айтып жүрмеуіңіз үшін, мен барлық дүние-мүлкіңізден түк те алмаймын: бір сабақ жіп те, аяқкиімнің бір бауын да!
Gene Kaz 14:24  Тек адамдарымның ішіп-жеген тамағын ғана қайтармайын және менімен бірге жорыққа шыққан Анер, Ешқол және Мамре өздеріне тиісті үлестерін алатын болсын, — деп Содом патшасына жауап қайырды.