Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
I CHRONICLES
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 21
I Ch Kaz 21:1  Әзәзіл шайтан Исраилге қарсы шығып, Дәуітті Исраилді санақтан өткізуге түрткіледі.
I Ch Kaz 21:2  Дәуіт Жоғабқа және халықтың басшыларына:— (Әскер жасындағы) халықтың санын білгім келеді. Оңтүстіктегі Бер-Шебадан солтүстіктегі Данға дейінгі аралықтағы Исраил халқын санақтан өткізіп, нәтижесін алып келіңдер! — деп бұйырды.
I Ch Kaz 21:3  Жоғаб патшаға:— Өзінің әскер жасындағы халқының саны қаншама көп болса, Жаратқан Ие соны жүз есе көбейте көрсін! Тақсыр ие, халқыңыз түгел өзіңіздің қызметшілеріңіз емес пе? О, патша ағзам, мұндай шараны неліктен (өздігіңізден) іске асырғыңыз келіп отыр? Исраилді айыпты ететін іс қылып не бар? — деп жауап берді.
I Ch Kaz 21:4  Алайда патша Жоғабты өзінің бұйрығын орындауға көндірді. Жоғаб жолға шығып, бүкіл Исраилді аралап өтті, содан соң Иерусалимге қайта оралды.
I Ch Kaz 21:5  Жоғаб Дәуітке халық санағының мына қорытындысын баяндады: Семсер ұстауға жарамды ер адамдардың саны солтүстік Исраилде бір миллион жүз мың, Яһудада төрт жүз жетпіс мың ер адам екен.
I Ch Kaz 21:6  Бірақ Жоғаб Дәуіттің берген тапсырмасына қатты наразы болғандықтан, Леуі мен Бунямин руларын санақтан өткізбеді.
I Ch Kaz 21:7  Осы шара Құдайдың көзінше жасалған зұлымдық болып, Ол Исраилді жазалады.
I Ch Kaz 21:8  Дәуіт Құдайға: «Мен осыны істеп ауыр күнә жасадым. Өтінемін Сенен, алдыңдағы қызметшіңнің күнәсін кешіре гөр! Мен зор ақымақтық жасадым», — деп сиынды.
I Ch Kaz 21:9  Сонда Жаратқан Ие Дәуітке қызмет ететін Ғад пайғамбарға сөзін арнап былай деді:
I Ch Kaz 21:10  «Дәуітке барып, хабарымды жеткіз: Жаратқан Ие мынаны айтады: саған біреуін таңдап алуға үш жазаны ұсынамын. Таңдап алғаныңды Мен өзіңе қолданамын».
I Ch Kaz 21:11  Сонымен Ғад Дәуітке барып, былай деді:— Жаратқан Ие мынаны айтады: Қайсысын таңдап аласың:
I Ch Kaz 21:12  не еліңде үш жыл бойы ашаршылық жайлағанын ба; не өзіңнің үш ай бойы жауларыңның семсерінен қашып, жеңілгеніңді ме; не еліңнің үш күн бойы Жаратқан Иенің семсері — індет арқылы күйреп, Оның періштесінің бүкіл Исраил бойынша қырғын салғанын ба? Енді ойланып, өзімді Жібергенге қандай жауап қайтаруымды шешіп айта гөр! —
I Ch Kaz 21:13  Дәуіт Ғадқа:— Жаным қатты қиналып тұр! Жаратқан Иенің қолына түсейін, өйткені Оның мейірімі өте мол. Бірақ адамдардың қолына түспейінші! — деп жауап берді.
I Ch Kaz 21:14  Сол себепті Жаратқан Ие Исраилге індет жайлатып, Исраилдің жетпіс мың ер адамы өлді.
I Ch Kaz 21:15  Құдай Иерусалимді де құртуға періштесін жіберген болатын. Бірақ ол енді ғана Иерусалимді құрту үшін қолын соза бергенде, Жаратқан Ие болып жатқан апатты көріп, сол туралы аяушылық танытып, періштеге: «Жетер енді, қолыңды тарт!» — деп бұйырды. Сол кезде Жаратқан Иенің періштесі ебустік Орнаның астық бастыратын қырманының қасында тұрған еді.
I Ch Kaz 21:16  Дәуіт жоғары қарағанда Жаратқан Иенің періштесінің аспан мен жердің арасында тұрғанын байқап қалды. Періштенің қолындағы жалаң семсер Иерусалимнің үстіне сілтенген еді. Сонда азалы киім киген Дәуіт пен Исраилдің ақсақалдары етпеттерінен жығыла кетті.
I Ch Kaz 21:17  Дәуіт Құдайға сиынып: «Халық санағын өткізуге бұйырған мен ғой! Күнә жасап, зұлым іс жасаған да мен. Бірақ қарамағымдағы осы «қойларым» не істеді?! Уа, Құдайым Жаратқан Ие, өзімді және отбасымды жазалай гөр, бірақ өз халқыңа осы індетті жіберіп күйрете көрме!» — деп жалбарынды.
I Ch Kaz 21:18  Сонда Жаратқан Иенің періштесі Ғад пайғамбарға мына хабарды Дәуітке жеткізуді тапсырды: «Дәуіт ебустік Орнаның астық бастыратын қырманына өрлеп барсын! Сол жерде Жаратқан Иеге арнап құрбандық ұсынатын орын тұрғызсын!»
I Ch Kaz 21:19  Дәуіт Ғад жеткізген Жаратқан Иенің бұйрығын орындау үшін солай қарай өрледі.
I Ch Kaz 21:20  Бидай бастырып жатқан Орна артына қарағанда, ол да періштені байқады. Орнаның қасындағы төрт ұлы дереу тығылып қалды.
I Ch Kaz 21:21  Осы екі арада Дәуіт сол жерге жақындап келе жатқан еді. Орна қарап, оны көрген бойда қырманынан шығып, Дәуіттің алдында жерге дейін иіліп тағзым етті.
I Ch Kaz 21:22  Дәуіт Орнаға өтініш жасап:— Мына қырманыңның жерін маған берші! Халықты құртып жатқан пәлені тоқтату үшін осы орында Жаратқан Иеге бағыштап құрбандық үстелін тұрғызбақпын. Мен жер танабыңды толық құнына сатып аламын, — деді.
I Ch Kaz 21:23  Орна Дәуітке:— Ала беріңізші. Патша ием өзінің қалағандарын істей берсін. Міне, өгіздерді де құрбандыққа шалып, түгелдей өртеуге бағыштаймын. Астық бастырғыш ағаш тақтайларды отын, ал бидайды астық тартуы ретінде сыйлаймын. Мен осының бәрін де бере саламын, — деп жауап берді.
I Ch Kaz 21:24  Алайда Дәуіт патша Орнаға:— Жоқ, бұларды толық құнын төлеп сатып аламын! Сенің мүлкіңді алып, Жаратқан Иеге бағыштау ойымда жоқ, әрі өзіме тегін келгенді құрбандыққа шалып, өртеп ұсынбаймын, — деп шешті.
I Ch Kaz 21:25  Сонымен Дәуіт осы жер танабын алты жүз мысқал алтынға сатып алды.
I Ch Kaz 21:26  Дәуіт сол орында Жаратқан Иеге арнап құрбандық үстелін тұрғызып, малдарды құрбандыққа шалып, түгелдей өртеп жіберді. Ол Жаратқан Иемен қарым-қатынасына ризашылық білдіретін құрбандықтарын да ұсынып, Оған дауыстап сиынды. Жаратқан Ие үстелдегі түгелдей өртелетін құрбандыққа аспаннан от түсіріп Дәуітке жауабын берді.
I Ch Kaz 21:27  Содан Жаратқан Ие періштеге әмір етіп, ол семсерін қынабына салып қойды.
I Ch Kaz 21:28  Дәуіт Жаратқан Иенің ебустік Орнаның қырманында өзіне жауап бергеніне көз жеткізген соң, сол жерде тағы да құрбандықтар шалды.
I Ch Kaz 21:29  Исраил халқы иен даланы кезіп жүрген ежелгі кезде Мұса пайғамбар Жаратқан Иеге арнап кездесу шатырын және құрбандық үстелін жасатқан болатын. Енді сол шатыр мен құрбандық үстелі Гибеон қаласының биіктеу жерінде орнатылған еді.
I Ch Kaz 21:30  Ал Дәуіт Құдайдан ақыл-кеңес сұрауға сол жаққа бара алмады. Өйткені ол Жаратқан Иенің періштесінің семсерінен қатты қорықты.