Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
I CORINTHIANS
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 12
I Co Kaz 12:1  Енді рухани дарындарға тоқталайын, қымбатты бауырластар, сендердің бұларды дұрыс түсінбегендеріңді қаламаймын.
I Co Kaz 12:2  Өздерің білесіңдер: әлі де Құдайға мойынсұнбаған кездеріңде сендерді біреу жетелегендей, үндемейтін «тәңір» бейнелеріне құлшылық етудің әр түрлі жолдарымен азғырылдыңдар.
I Co Kaz 12:3  Сондықтан сендерге айтамын: Құдайдың Рухына кенелген ешбір адам «Исаны қарғыс атсын» дей алмайды, әрі Киелі Рухтың жетелеуінсіз ешкім де «Иса — Жаратқан Ие» деп шын жүректен мойындай алмайды.
I Co Kaz 12:4  Алуан түрлі дарындар бар, бірақ оларды сыйлайтын Киелі Рух Біреу-ақ.
I Co Kaz 12:5  Түрлі қызметтер де бар, ал біздің қызмет ететін Тәңір Иеміз Біреу.
I Co Kaz 12:6  Әрекеттер де алуан түрлі, бірақ олар арқылы сендердің барлығыңда әрекет ететін Құдай Біреу.
I Co Kaz 12:7  Ол өз Рухының өмірлеріңде бар екенін әрқайсыңа бәрінің игілігі үшін көрсетеді.
I Co Kaz 12:8  Кейбіреуге Киелі Рухтан даналық сөз, ал басқасына дәл сол Рухтан білімге толы сөз беріледі.
I Co Kaz 12:9  Киелі Рух кейбіреуге ерекше сенім дарытса, сол Рух тағы біреуге сауықтыру дарынын береді.
I Co Kaz 12:10  Ол біреуге кереметтер жасауды, өзгесіне Құдайдың хабарын жеткізуді, ал басқа біреуіне рухтардың түрлерін ажырата білуді, келесіге түрлі бөтен тілдерде сөйлеуді, ал тағы біреуге соларды түсіндіруді сыйлайды.
I Co Kaz 12:11  Бұлардың бәрін де дәл сол Киелі Рух істейді. Ол дарындарды Өзінің қалауынша әркімге жекелеп үлестіріп береді.
I Co Kaz 12:12  Көптеген мүшелері болса да адамның денесі біреу, әрі мүшелері қаншама көп болғанмен тұтас бір денені құрайды: Мәсіхтің рухани денесімен де дәл солай.
I Co Kaz 12:13  Себебі яһуди не басқа ұлттың адамы, құл немесе ерікті болайық, бәріміз бір Киелі Рух арқылы біртұтас рухани денеге енгізілдік. Барлығымыз да сол бір Киелі Рухқа кенелдік.
I Co Kaz 12:14  Дене бір ғана емес, көп мүшелерден тұрады.
I Co Kaz 12:15  Егер аяқ: «мен қол еместіктен денеге жатпаймын» десе, ол бәрібір оған жатпай ма?
I Co Kaz 12:16  Әлде құлақ: «мен көз еместіктен дененің мүшесі емеспін» десе, ол бәрібір сондай емес пе?
I Co Kaz 12:17  Егер бүкіл дене көз болса, онда ол қалай ести алар еді? Яки бүкіл дене есту сезімінен тұрса, қалай иіс сезе алар еді?
I Co Kaz 12:18  Іс жүзінде Құдай дене мүшелерінің әрқайсысын Өзінің қалауы бойынша орналастырған.
I Co Kaz 12:19  Барлығы бір-ақ мүше болса, дене болмас еді.
I Co Kaz 12:20  Шынында көп мүшелері бар, бірақ дене біреу.
I Co Kaz 12:21  Сондықтан көз қолға: «Маған керегің жоқ» дей алмайды; бастың да аяққа: «Маған қажетсізсің» деуі мүмкін емес.
I Co Kaz 12:22  Керісінше, дененің әлсіздеу болып көрінетін мүшелері өте қажет.
I Co Kaz 12:23  Азырақ құрметті деп санаған мүшелерімізді көбірек қамқорлап,
I Co Kaz 12:24  көріксіз мүшелерімізді ерекше назармен жауып қоямыз. Ал көріктілеріне соның қажеті де жоқ.Осылай Құдай денені құрметі аздау мүшелерін көбірек қамқорлайтындай етіп құрастырды.
I Co Kaz 12:25  Ондағы мақсаты: денеде жікке бөліну болмай, бүкіл мүшелері өзара бірдей қамқорлық көрсетсін дегені.
I Co Kaz 12:26  Сондықтан бір мүше ауырса, бәрі бірге ауырады, бір мүше дәріптелсе, соған барлығы да қуанады.
I Co Kaz 12:27  Сонымен сендер бірігіп Мәсіхтің рухани денесі, ал жеке дара оның бір мүшесісіңдер.
I Co Kaz 12:28  Құдай қауымда кейбіреулерді, біріншіден, елшілер, екіншіден, Өзінің хабарын жеткізушілер, үшіншіден, тәлім берушілер етіп қойды; Ол, сондай-ақ, кейбіреулерге кереметтер жасайтын құдірет, әрі ауруларды сауықтыратын, көмек көрсететін, ұйымдастырып басқаратын және түрлі бөтен тілдерде сөйлейтін дарындар да сыйлады.
I Co Kaz 12:29  Бәрі бірдей елші, Құдайдың хабарын жеткізуші, тәлім беруші немесе керемет істер жасаушы ма?
I Co Kaz 12:30  Барлығының ауруларды сауықтыратын дарыны бар ма? Бәрі де бөтен тілдерде сөйлеп, немесе айтылғандарды түсіндіріп жүр ме? Жоқ.
I Co Kaz 12:31  Ал сендер бәрің де ең пайдалы дарындарға ие болуға ұмтылыңдар!Енді мен барлығынан да асып түсетін жолды көрсетемін: